Қазақстанда ЖК-ні өз бетіңізше қалай ашуға болады: қадамдық нұсқаулық
Қазақстанда жеке кәсіпкерлікті ашу бұрынғыдан да жеңіл. Қазір ЖК-ні мемлекеттік органдарға бармай-ақ, онлайн тіркеуге болады. Ол үшін бірнеше қадамды орындап, қызмет түрін, ОКЭД кодын және салық режимін дұрыс таңдау қажет. Толығырақ Youth.kz материалында.
Тіркеуден бұрын не дайындау керек?
ЖК ашпас бұрын болашақ кәсіпкер бірнеше маңызды мәселені алдын ала анықтап алғаны жөн: кәсіпкерлік қызметтің атауын, кәсіпкердің орналасқан жерінің мекенжайын, негізгі қызмет түрін және оған сәйкес ОКЭД кодын анықтау.
ОКЭД – экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіші. Ол кәсіпкердің қандай қызметпен айналысатынын анықтауға мүмкіндік береді. Мысалы, интернет-дүкен ашып, тауар сататын кәсіпкерлер үшін 47.91.0 – «Интернет арқылы бөлшек сауда» коды өзекті болуы мүмкін. Ал сайт, мобильді қосымша немесе бағдарламалық өнім әзірлейтін мамандар үшін 62.01 – «Компьютерлік бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу» коды қарастырылады. IT саласында кеңес беретін кәсіпкерлерге 62.02, ал басқа ақпараттық технологиялар қызметтеріне 62.09 коды сәйкес келуі мүмкін.
Онлайн-платформа немесе веб-ресурс жүргізетін кәсіпкерлер үшін 63.12 – «Web-порталдар», ал деректерді өңдеу және ақпаратты орналастырумен айналысатындар үшін 63.11 бағыты қолданылады. Цифрлық жарнама мен маркетинг саласында жұмыс істейтіндер 73.11 – «Жарнама агенттіктерінің қызметі» кодын қарастыра алады. Дизайнерлерге 74.10, фотографтарға 74.20, ал кейбір қосымша білім беру және оқыту қызметтеріне 85.59 коды сәйкес келуі мүмкін.
ОКЭД классификаторы жаңартылып отыратындықтан, кәсіпкер тіркеу алдында кодтың қолданыстағы нұсқасын Ұлттық статистика бюросының ресми ресурсынан тексергені дұрыс. Ескі сайттардағы немесе бұрын жарияланған мақалалардағы кодтарға сүйену қате таңдауға әкелуі мүмкін.
Сонымен қатар салық режимін таңдаған жөн. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда арнаулы салық режимдерінің жаңа жүйесі қолданылады. Олардың қатарында өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған режим, оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимі және шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған режим бар.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған режим ЖК мәртебесі жоқ жеке тұлғаларға арналған. Сондықтан ЖК ашатын кәсіпкерлер өз қызметінің ерекшеліктеріне қарай оңайлатылған декларация негізіндегі режимді немесе жалпыға бірдей белгіленген тәртіпті қарастыруы қажет.
1-қадам. Тіркелу тәсілін таңдаңыз
Ең ыңғайлы тәсілдердің бірі – eLicense.kz порталы арқылы тіркелу. Сондай-ақ eGov Mobile, eGov Business, e-Salyq Business және кейбір банк қосымшалары арқылы өтініш беруге болады. Онлайн тіркелу үшін мемлекеттік электрондық сервистерді пайдалану жеткілікті.
2-қадам. Жүйеге кіріңіз
Егер eLicense.kz порталын пайдалансаңыз, алдымен жүйеге авторизациядан өту қажет. Одан кейін «Жеке кәсіпкер ретінде қызметтің басталғаны туралы хабарлама» қызметін таңдаңыз.
eGov порталында да ЖК тіркеуге арналған тиісті электрондық қызмет бар.
3-қадам. ЖК туралы мәліметтерді толтырыңыз
Хабарламада кәсіпкерлік қызметке қатысты негізгі ақпарат көрсетіледі. Әдетте мынадай мәліметтер қажет:
- кәсіпкер туралы ақпарат;
- орналасқан жерінің мекенжайы;
- ЖК атауы;
- қызмет түрі және ОКЭД коды;
- байланыс мәліметтері;
- салық режимі.
Электрондық цифрлық қолтаңба пайдаланылған жағдайда жеке деректердің бір бөлігі жүйеге автоматты түрде енгізілуі мүмкін.
ОКЭД кодын таңдауға ерекше назар аударыңыз. Егер кәсіпкер кейін қызмет түрін өзгертсе немесе қосымша қызмет түрін енгізсе, тиісті мәліметтерді электрондық сервистер арқылы өзгертуге болады.
4-қадам. Салық режимін таңдаңыз
2026 жылдан бастап Қазақстандағы салық салу жүйесінде өзгерістер енгізілді. Жаңа Салық кодексіне сәйкес арнаулы салық режимдерінің негізгі түрлері:
- өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған режим;
- оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимі;
- шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режимі.
Шағын бизнес үшін оңайлатылған декларация негізіндегі режим қолайлы нұсқалардың бірі болуы мүмкін. Алайда оны барлық кәсіпкер қолдана алмайды. Кәсіпкердің қызмет түрі заңнамада белгіленген талаптарға сәйкес болуы қажет. Бұл режим бойынша жылдық табысқа белгіленген шектеу бар. Сонымен қатар кейбір қызмет түрлеріне оңайлатылған декларацияны қолдануға тыйым салынған.
Салық мөлшерлемесі де нақты жағдайға байланысты болуы мүмкін. Сондықтан ЖК тіркемес бұрын өз өңіріңіздегі қолданыстағы талаптарды тексерген жөн.
5-қадам. Хабарламаны толтырып, жіберіңіз
Барлық мәліметтерді енгізгеннен кейін өтінішті мұқият тексеріңіз. Әсіресе мекенжайға, ОКЭД кодына және таңдалған салық режиміне назар аударған дұрыс. Содан кейін хабарлама электрондық тәсілмен расталып, мемлекеттік жүйеге жіберіледі. Өтініштің мәртебесін жеке кабинет арқылы бақылауға болады.
ЖК-ні тіркеу бір жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
6-қадам. ЖК тіркелгенін растайтын құжатты алыңыз
Өтініш өңделгеннен кейін кәсіпкер тіркеудің расталғаны туралы ақпарат алады. Қазіргі таңда ЖК тіркелгенін растайтын негізгі құжат – жеке кәсіпкер ретінде қызметтің басталғаны туралы хабарлама.
ЖК ашқаннан кейін не істеу керек?
ЖК-ні тіркегеннен кейін кәсіпкер өзінің қызметіне байланысты бірқатар міндеттерді орындауы мүмкін. Олардың қатарында:
- банктік шот ашу;
- қажет болған жағдайда онлайн-кассаны немесе заңнамада көзделген есеп айырысудың басқа тәсілін пайдалану;
- қызметкерлер болса, еңбек қатынастарын ресімдеу;
- клиенттерге чек беру;
- салық есебін жүргізу;
- салық есептілігін тапсыру;
- салықтар мен әлеуметтік төлемдерді төлеу.
Жасанды интеллект жұмысқа деген көзқарастарды өзгертіп жатыр. Еңбек нарығына енді ғана кіргелі отырған жасөспірімдер не үйренуі керек? Кәсіпкер Андрей Дороничевтің пікірімен Youth.kz осы мақалада бөліседі.