Полиция қандай жағдайларда адамды тоқтатып, құжаттарын тексеруге құқылы?

Полиция қандай жағдайларда адамды тоқтата алады? Жеке куәлікті үнемі өзімен бірге алып жүру міндетті ме? Ал тексеру негізсіз болып көрінсе, не істеу керек? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрейік.

Полиция қандай жағдайда құжаттарды тексере алады?

Полиция қызметкерлерінің өкілеттіктерін реттейтін негізгі заңдардың бірі – 2014 жылғы 23 сәуірдегі № 199-V «Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы» заңы. Аталған заңның 6-бабы 2-тармағының 2) тармақшасына сәйкес, ішкі істер органдары жеке тұлғалардың жеке басын куәландыратын құжаттарын, сондай-ақ полицияның құзыретіне кіретін талаптардың сақталуын тексеруге қажетті өзге де құжаттарды тексеруге құқылы.

Құжаттарды тексеру мынадай жағдайларда қажет болуы мүмкін:

  • Құқық бұзушылыққа күдік болғанда. Мысалы, адамның ұрлыққа, төбелеске немесе басқа да заңсыз әрекетке қатысы бар деп пайымдауға нақты негіз болса.
  • Іздеуде жүрген адамды анықтау кезінде. Егер адамның сыртқы келбеті іздеудегі адамның сипаттамасына сәйкес келсе, полиция оның жеке басын тексере алады.
  • Арнайы режим енгізілген аумақтарда. Мысалы, күзетілетін нысандарда, арнайы іс-шаралар кезінде немесе кіру тәртібі шектелген жерлерде.
  • Оқиғаның мән-жайын анықтау кезінде. Егер адам оқиға туралы ақпаратқа ие болуы мүмкін болса немесе оның жеке басын нақты материал бойынша анықтау қажет болса.

Жеке куәлікті үнемі өзімен бірге алып жүру міндетті ме?

Жоқ, Қазақстан азаматтары жеке куәлігін үнемі өзімен бірге алып жүруге міндетті емес. «Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы» Қазақстан Республикасы заңының 9-бабына сәйкес, Қазақстанда тұрақты тұратын азаматтар жеке куәлікке ие болуға міндетті. Алайда құжаттың болуы оны әрдайым өзімен бірге алып жүру қажет дегенді білдірмейді. Жеке куәлігін үйде қалдырған адамды осы себеппен жауапкершілікке тартуға болмайды. Қажет болған жағдайда полиция қызметкері адамның жеке басын басқа тәсілмен анықтауды ұсына алады.

Ал көлік жүргізушілеріне қатысты бөлек талаптар бар. Олар заңнамада көзделген көлік құралын басқару құқығын растайтын құжаттарды өзімен бірге алып жүруге және полиция қызметкерінің талабы бойынша көрсетуге міндетті.

Полиция қызметкері тоқтатқан жағдайда не істеу керек?

Мұндай жағдайда сабыр сақтап, жанжалға бармаған дұрыс. Сонымен қатар әр азамат өзінің кіммен сөйлесіп тұрғанын және не себепті тоқтатылғанын білуге құқылы: «Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы» заңның 19-бабы 5-тармағына сәйкес, полиция қызметкері азаматқа жүгінген кезде өзін таныстырып, қызметтік куәлігін көрсетуге міндетті.

Мына әрекеттерді орындауға болады:

  • Полиция қызметкерінен аты-жөнін, лауазымын айтып, қызметтік куәлігін көрсетуін сұрау.
  • Неліктен тоқтатылғанын және құжаттардың қандай негізде тексеріліп жатқанын нақтылау.
  • Егер жеке куәлік өзімен бірге болмаса, бұл туралы хабарлап, жеке басын басқа жолмен анықтауды ұсыну.
  • Егер полиция бөлімшесіне баруды талап етсе, жеткізу немесе ұстау үшін қандай заңды негіз бар екенін сұрау.

Полиция жеке заттарды тексере ала ма?

Жеке тінту және заттарды тексеру Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 791-бабымен реттеледі. Аталған бапқа сәйкес, жеке тінту мен заттарды тексеру заңда көзделген негіздер болған жағдайда, соның ішінде әкімшілік құқық бұзушылыққа байланысты жүргізіледі. Мұндай рәсімнің де өзіндік талаптары бар. Атап айтқанда, заңда көзделген жағдайларда куәгерлердің қатысуы немесе техникалық тіркеу құралдарын пайдалану қажет.

Егер адам ұсталса немесе полиция бөлімшесіне жеткізілсе, қызметкер оған өз әрекетінің негіздерін түсіндіруге міндетті. Бұл талап ӘҚБтК-нің 14-бабында қарастырылған.

Полицияның әрекеті заңсыз болып көрінсе, қайда жүгінуге болады?

Егер адам полиция қызметкері өз құқығын бұзды деп есептесе, болған оқиғаның мән-жайын тіркеп, қызметкердің деректерін жазып алып, жоғары тұрған полиция органына немесе прокуратураға шағымдана алады.

Қажет болған жағдайда сотқа да жүгінуге болады. Егер мәселе ұстауға немесе жеке тінтуге қатысты болса, қолда бар бейнежазбалар мен басқа да дәлелдерді сақтап қойған жөн.

Нені есте сақтау керек?

Полицияның құжаттарды тексеруге заңды құқығы бар. Алайда бұл өкілеттік қызметкерге өз бетінше әрекет етуге мүмкіндік бермейді. Ол азаматқа жүгінген кезде өзін таныстырып, қызметтік куәлігін көрсетуге міндетті. Ал азамат тексерудің себебін және бостандығын шектеудің заңды негізін білуге құқылы.

Youth.kz бұған дейін Қазақстандағы мектеп оқушыларының қандай құқықтары мен міндеттері бар екенін және олардың өз мүдделерін қалай қорғай алатынын баяндаған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз


Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз