11 жасар қыз әкесінің интернет шектеуін айналып өткен

Технологияның бала өміріне қаншалықты ерте еніп жатқанын көрсететін қызық жағдай әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. 11 жастағы қыз YouTube-қа кіруді шектеу үшін әкесі қойған экран уақытын айналып өтудің жолын өзі іздеген.

Оқиға туралы оның әкесі, технология саласындағы кәсіпкер Сыци Чэнь Х әлеуметтік желісінде жазған. Оның айтуынша, қызының ноутбугіне экран алдында отыру уақытына шектеу қойған. Алайда қыз шектеуге бағынудың орнына жасанды интеллект құралынан көмек сұраған.

Ол Claude-тан жеке браузер жасап беруді сұрап, кейін сол идеяны іске асырған. Нәтижесінде қыз Electron және Chromium негізінде өз браузерін құрастырған. Осы браузер бұрын қойылған интернет шектеуін алып тастаған.

Оқиғаға қатысты әкесі де таңданысын жасырмады.

«Енді не істерімді өзім де білмей қалдым»,– деп жазды Сыци Чэнь.

Бұл жағдай жасанды интеллект құралдарының бағдарламалау саласын ғана емес, балалардың технологиямен қарым-қатынасын да өзгертіп жатқанын көрсетеді.

Бұл оқиға нені көрсетеді?

Бір жағынан, 11 жасар баланың өз бетімен бағдарламалау құралдарын пайдаланып, жұмыс істейтін қосымша құрастыруы оның технологияға қызығушылығы мен шығармашылық қабілетін көрсетеді. 

Екінші жағынан, оқиға ата-аналарға балалардың интернеттегі белсенділігін бақылау мәселесін қайта ойлануына себеп болуы мүмкін. Бұрын ата-ана белгілі бір сайтты немесе экран уақытын техникалық жолмен шектей алса, қазір жасанды интеллект сияқты құралдар мұндай шектеулерді айналып өтудің жаңа мүмкіндіктерін туғызуы ықтимал.

Сондықтан ата-аналар тек техникалық шектеу қоюмен шектелмей, балаға интернетті не үшін және қалай пайдалану керегін сөйлескені дұрыс. Бұл жағдай жасанды интеллекттің де өзгеріп жатқанын көрсетеді. Қазір ол тек ақпарат іздеуге көмектесетін құрал емес, адамның өз идеясын жүзеге асырып, жаңа дүние жасауына мүмкіндік беретін технологияға айналып келеді.

Сондай-ақ оқыңыз


Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз