2026 жылғы Нобель сыйлығының лауреаттары: олар кімдер және қандай еңбектері үшін марапатталды?

2026 жылы Нобель лауреаттардың есімдері 5-12 қазан аралығында ресми сайтта жарияланды. Марапаттар алты номинация бойынша табысталды: физиология немесе медицина, физика, химия, әдебиет, бейбітшілік және экономика ғылымдары. Биылғы жеңімпаздардың қатарында адам миының жұмыс істеуі мен Ғаламның құрылымы туралы түсініктерді өзгерткен зерттеушілер, әдебиеттің шекараларын қайта пайымдайтын жазушы және халықаралық құқықты қорғауға өз қызметін арнаған құқық қорғаушы бар. Толығырақ Youth.kz материалында.

Физиология немесе медицина

Алғашқы болып физиология немесе медицина саласындағы Нобель сыйлығының лауреаттары жарияланды. Бұл сыйлық Карл Дайссеротқа, Петер Хегеманға және Георг Нагельге жарыққа сезімтал иондық арналарға қатысты жаңалықтары мен оптогенетиканың дамуына қосқан үлестері үшін берілді. Бұл бағыт генетика мен оптиканы біріктіріп, жарықтың көмегімен жекелеген жүйке жасушаларының белсенділігін басқаруға мүмкіндік береді. Осы технологияның арқасында ғалымдар мидың жұмысын дәлірек зерттеуге, нейрондардың өзара әрекеттесуін бақылауға және түрлі неврологиялық үдерістердің механизмдерін зерделеуге мүмкіндік алды.

2025 жылы медицина саласындағы Нобель сыйлығы иммунология саласындағы жаңалықтары үшін АҚШ пен Жапониядан келген ғалымдар тобына берілді. Жеңімпаздар иммундық жүйенің қорғаушыларын, яғни иммундық жасушалардың денеге шабуыл жасауына жол бермейтін реттеуші Т жасушаларын анықтай алды.

Физика

2026 жылғы физика саласындағы Нобель сыйлығы Фрэнсис Хальценге IceCube нейтрино обсерваториясын құруға және ғарыштық тектегі жоғары энергиялы нейтриноларды зерттеуге қосқан үлесі үшін берілді. 

Нейтрино – затпен іс жүзінде әрекеттеспейтін элементар бөлшектер, сондықтан оларды анықтау өте қиын. Хальцен осы бөлшектердің өзара әрекеттесуін тіркеу үшін Антарктида мұзын алып детектор ретінде пайдалануды ұсынды. Жобаның жүзеге асырылуы ғалымдарға Ғаламның алыс аймақтарында болып жатқан үдерістер, соның ішінде жұлдыздардың жарылыстары мен қара құрдымдардың белсенділігі туралы ақпарат алуға мүмкіндік берді.

Химия

Химия саласындағы марапатты молекулалардың айнадағы бейнесіндей екі түрлі формада кездесетін қасиеттерін зерттегені үшін Анри Б. Каган мен Кэнсо Соаи иеленді. Бұл құбылыс хиральдылық деп аталады. Сыртқы ұқсастығына қарамастан, мұндай молекулалар тірі организмдермен әртүрлі әрекеттесуі мүмкін.

Бұл фармацевтика саласы үшін ерекше маңызды, өйткені бір заттың екі айнадағы формасы адам ағзасына мүлде өзгеше әсер етуі ықтимал. Ғалымдардың еңбектері белгілі бір молекулалық формаларды алу және химиялық реакцияларды басқару механизмдерін тереңірек түсінуге көмектесті. 

Әдебиет

Әдебиет саласындағы Нобель сыйлығын канадалық жазушы, ақын, эссеист және аудармашы Энн Карсон алды. Швед академиясы оны антикалық дәстүр мен заманауи әдебиетті біріктіретін, сондай-ақ поэзия мен прозаның арасындағы шекараны жоятын жаңашыл шығармашылығы үшін марапаттады.

Карсон өз шығармаларында ежелгі грек және рим мәдениетіне жүгініп, классикалық мәтіндерді қайта пайымдайды әрі әдеби формаларды жеке басынан өткен сезімдермен ұштастырады. Оның шығармашылығы тіл мен көркем шығарма құрылымына эксперименттік тұрғыдан қарауымен ерекшеленеді.

Аса танымал Харуки Муракамиге емес, керісінше, Карсонға сыйлық берілуі қазіргі әдебиеттің мәдени дәуірлердің, жанрлар мен көркемдік дәстүрлердің өзара ықпалдастығы арқылы дамуын жалғастырып келе жатқанын көрсетеді.

Бейбітшілік сыйлығы

2026 жылғы Нобель бейбітшілік сыйлығы оңтүстік африкалық заңгер және БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі бұрынғы Жоғарғы комиссары Нави Пиллэйге берілді. Бұл марапат оның халықаралық құқық пен адамның негізгі құқықтарын қорғау бағытындағы қызметімен байланысты: кәсіби мансабы барысында Пиллэй халықаралық сот төрелігі, кемсітушілікке қарсы күрес және адам құқықтарының бұзылу жағдайларын тергеу мәселелерімен айналысты.

Сонымен қатар ол БҰҰ-ның Палестинаның басып алынған аумағындағы оқиғаларды тергеу жөніндегі Тәуелсіз халықаралық комиссиясын басқарды. Қазіргі халықаралық қақтығыстар жағдайында оның қызметі ерекше өзектілікке ие, өйткені ол халықаралық қауымдастықтың жекелеген мемлекеттердің саяси мүдделеріне қарамастан құқықтық нормаларды қаншалықты қорғай алатыны туралы мәселені көтереді.

Экономика

Лауреаттарды жариялау Швеция мемлекеттік банкінің Альфред Нобельді еске алуға арналған экономика ғылымдары саласындағы сыйлығымен аяқталды. Оның иегерлері америкалық экономистер Роберт Э. Холл мен Майкл Вудфорд болды. Олар мемлекеттер мен орталық банктерге экономикалық күйзелістермен күресуге көмектесетін экономикалық модельдерді зерттегені үшін марапатталды. Олардың еңбектері үй шаруашылықтары мен кәсіпорындардың шешім қабылдау механизмдеріне, тұтынушылық шығындарға, болашақ табысқа қатысты күтулерге және бағаның қалыптасуына арналған.

Холл мен Вудфордтың зерттеулері нарықтың жекелеген қатысушыларының шешімдері жалпы экономикаға қалай әсер ететінін тереңірек түсінуге мүмкіндік берді. Олар әзірлеген теориялық тәсілдер инфляцияны, энергетикалық дағдарыстарды және басқа да макроэкономикалық мәселелерді талдау кезінде қолданылады.

Осылайша, 2026 жылғы Нобель сыйлығы адамзат қызметінің әртүрлі салаларындағы жетістіктерді біріктірді: медицина мен физика саласындағы зерттеулер адам ағзасы мен Ғаламды тану мүмкіндіктерін кеңейтеді, химиядағы жаңалықтар фармацевтиканың дамуына ықпал етеді, әдебиет мәдени мұраны түсінудің жаңа тәсілдерін көрсетеді, ал бейбітшілік пен экономика ғылымдары саласындағы марапаттар халықаралық қатынастар мен жаһандық экономиканың өзекті мәселелеріне назар аударады.

Марапат иегерлері анықталып жатқанда, алматылық 21 жастағы Әнуар Ақылбеков Парагвайдың Асунсьон қаласында өткен беделді 2026 жылғы Дүниежүзілік коньки тебу ойындарында қола медаль жеңіп алып, роликті коньки тебуден осындай жетістікке жеткен алғашқы қазақстандық болды. Финалдан кейін Әнуар Youth.kz сайтына эксклюзивті сұхбат беріп, әлемдегі ең мықты конькишілердің қатарында болу жайлы, неге төртінші орын оны қанағаттандырмайтынын және қазақстандық роликті коньки тебудің одан әрі өсуі үшін не қажет екенін айтты.

Сондай-ақ оқыңыз


Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз