Сербия жастары 25 қазанда өтетін сайлауға қатысады
Сербиядағы студенттер қозғалысы екі жылға жуық уақытқа созылған наразылықтан кейін парламент сайлауына қатысатын саяси күшке айналды. Студенттер 2026 жылғы 25 қазанда өтетін мерзімінен бұрынғы сайлауға өз тізімін ұсынды. Бұл қоғамдық наразылықтың саяси күшке ұласуының бір көрінісі.
Наразылыққа не себеп болды?
Associated Press агенттігінің хабарлауынша, Сербия студенттері 2024 жылы Нови-Сад қаласындағы теміржол вокзалының қалқасы құлап, 16 адам қаза тапқаннан кейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы наразылықтарға белсенді қатыса бастаған. Арада екі жылға жуық уақыт өткенде қозғалыс сайлауға қатысу туралы шешім қабылдады.
Студенттердің наразылығы бастапқыда қаза тапқандар үшін әділдік орнатуды және оқиғаның мән-жайын ашық тергеуді талап етуден басталған. Кейін қозғалыстың талаптары күшейіп, сыбайлас жемқорлықпен күрес, мемлекеттік институттардың жауапкершілігі және мерзімінен бұрын сайлау өткізу мәселелерін қамтыды.
Студенттер университеттерде блокадалар ұйымдастырып, басқа қалалардағы азаматтармен бірге наразылық акцияларына қатысты. Осылайша, бір оқиғаға байланысты басталған қозғалыс елдегі саяси өзгерістерді талап ететін кең ауқымды қоғамдық бастамаға ұласты.
Студенттер сайлауға қалай келді?
2026 жылғы 25 қазанда Сербияда мерзімінен бұрын парламент сайлауы өтеді. Студенттер бұл сайлауға «Студенттер тізімі – Студенттер жеңеді» (Student List – Students Win) деген атаумен қатысады. Сербияның Республикалық сайлау комиссиясының 2026 жылғы 15 қыркүйектегі ресми хабарламасында аталған сайлау тізімі парламент сайлауына қатысу үшін тіркелгені көрсетілген.
Tanjug ақпарат агенттігінің хабарлауынша, тізімді қолдауға 69 099 қол жиналған. Сайлау тізімінің басында Нови-Сад университетінің медицина факультетінің профессоры Илия Срданович тұр.
Осылайша, студенттер қозғалысы қоғамдық наразылық ұйымдастырумен шектелмей, сайлау арқылы парламентке өкілдерін енгізуге талпынып жатыр.
Қозғалыстың ерекшелігі неде?
Associated Press агенттігінің жазуынша, студенттер қозғалысының ерекшелігі – дәстүрлі партияларға тән бір орталықтан басқару моделіне сүйенбеуі. Қозғалыс мүшелері шешімдерді ұжымдық талқылаға салып, университеттердегі жиналыстар арқылы қабылдайды
Мұндай ұйымдасу тәсілі әртүрлі университеттер мен қалалардағы жастарды біріктіруге мүмкіндік берді. Алайда, наразылық кезінде ортақ мақсатқа жұмылған азаматтардың саяси және экономикалық мәселелердің бәрінде бірдей пікір ұстанатынына кепілдік жоқ.
Сайлауға қатысу қозғалысқа жаңа міндеттер жүктейді. Енді олар қоғамдық талаптарды нақты бағдарламаға айналдырып, заң шығару жұмысына қатысып, сайлаушылар алдында есеп беруге міндеттеледі.
Қоғамдық қозғалыстан саяси күшке дейін
Сербиядағы жағдай жастардың қоғамдық мәселелерге араласуы бірнеше кезеңнен тұратынын көрсетті. Алдымен азаматтарға ортақ мәселе пайда болады, кейін наразылық арқылы талаптар қойылады, келесі кезеңде қозғалыс саяси шешімдер қабылдауға тікелей қатысуға ұмтылады.
Дегенмен, қоғамдық қолдау мен сайлаудағы нәтиже бір нәрсе емес. Наразылыққа қатысқан адамдардың бәрі бірдей қозғалысқа дауыс береді деп айтуға болмайды. Сол сияқты сайлауға қатысу да қозғалыстың барлық талабын жүзеге асыра алатынын білдірмейді. Сондықтан, студенттер қозғалысының саяси болашағын оның бағдарламасына, кандидаттарды іріктеу тәртібіне, шешім қабылдау ашықтығына және сайлаудан кейінгі жұмысына қарап болжауға болады.
Бұл оқиға жастардың қоғамдық мәселелерді көтеріп қана қоймай, саяси шешімдер қабылдауға да ұмтыла алатынын көрсетті. Қозғалыстың қоғамдық талаптарды нақты саяси шешімдерге айналдыра алатынын сайлау нәтижесі мен одан кейінгі қызметі көрсетеді.
Бұған дейін студенттер наразылығынан кейін Сербияның премьер-министрі Милош Вучевич отставкаға кеткенін жазған едік.