Ақауы жоқ тауарды қайтаруға бола ма?
Қазақстанда сатып алушыға ақауы жоқ тауарды да белгілі бір жағдайда қайтаруға немесе айырбастауға рұқсат етіледі. Бұл құқық «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңмен реттеледі.
14 күн ішінде қайтаруға болады
ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің мәліметінше, азық-түлікке жатпайтын, сапасы дұрыс тауарды сатып алған күннен бастап 14 күн ішінде айырбастауға немесе қайтаруға болады. Бұл үшін тауар пайдаланылмаған, оның тауарлық түрі, тұтынушылық қасиеттері, пломбалары мен заттаңбалары сақталуы керек. Сатып алу фактісін растайтын құжат болғаны жөн.
Мысалы, киімнің өлшемі, түсі, фасоны немесе басқа сипаттамасы сәйкес келмесе, сатып алушы оны айырбастауды талап ете алады. Егер сатушыда қажетті тауар болмаса, ақшаны қайтаруды сұрауға құқығы бар.
Чек болмаса ше?
Чектің болмауы тұтынушыны автоматты түрде тауарды қайтару құқығынан айырмайды. Сатып алу фактісін басқа жолдармен дәлелдеуге болады. Мысалы, фото немесе бейнематериал, куәгерлердің айғақтары және басқа да дәлелдер пайдаланылуы мүмкін. Бұл туралы eGov.kz нұсқаулығында жазылған.
Қандай тауарлар қайтарылмайды?
Заңда ерекшеліктер бар. Тиісті сападағы дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдар, іш киім, шұлық бұйымдары, жануарлар мен өсімдіктер, метрмен сатылатын кейбір тауарлар және мобильді байланысқа арналған абоненттік құрылғылар қайтаруға немесе айырбастауға жатпайды.
Сатушы тауарды қабылдамаса, не істеу керек?
Мұндай жағдайда талапты ауызша айтумен шектелмей, сатушыға жазбаша шағым берген дұрыс. Бұл тауарды қайтару мерзімінде жүгінгеніңізді дәлелдеуге мүмкіндік береді. Тұтынушының құқықтары бұзылса, шағымды тиісті органдарға да жолдауға болады. eGov.kz мәліметінше, тұтынушы өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды талап етуге құқылы.
Яғни, ақауы жоқ азық-түлік емес тауарды 14 күн ішінде қайтаруға болады, бірақ ол пайдаланылмаған, бастапқы тауарлық түрі мен затбелгілері сақталған болуы және заңда көрсетілген қайтарылмайтын тауарлар тізіміне кірмеуі керек.
Бұған дейін адам құқығы қалай бұзылатынын жазған едік.