Әлеуметтік желідегі жазбасы үшін студентті университеттен шығара ала ма?
Әлеуметтік желідегі жазбасы үшін студентті оқудан шығаруға бола ма деген сұрақ оқуға түскен әрбір жастың көкейіндегі сауал. Университеттің әрекетіне сын айту немесе өз пікірін жариялау оқудан шығаруға автоматты түрде себеп болмайды. Дегенмен, әр жағдай оқу орнының ішкі ережелері мен қолданыстағы заң талаптарына сәйкес тексерілуі керек. Youth.kz студент қандай жағдайда жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін және оқудан шығару қаупі төнсе, не істеу керектігін түсіндіреді.
Заңда не жазылған?
Ғылым және жоғары білім министрінің 2018 жылғы 30 қазандағы №595 бұйрығымен бекітілген жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларының 41-тармағында студентті оқудан шығаруға себеп болатын негіздер көрсетілген.
Олардың қатарында:
- академиялық үлгермеушілік;
- академиялық адалдық қағидаларын бұзу;
- университеттің ішкі тәртіп қағидалары мен жарғысын бұзу;
- білім беру қызметтерін көрсету туралы шарт талаптарын бұзу;
- студенттің өз еркімен оқудан шығуы бар.
Демек, әлеуметтік желідегі жарияланым университеттің ішкі тәртібін немесе жарғысын бұзу ретінде қарастырылса, оқу орны тәртіптік шара қолдану мәселесін көтере алады. Бірақ, шешімнің заңды болуы жазбаның мазмұнына және оған қатысты ережелерге байланысты тексеріледі.
Университетті сынағаны үшін оқудан шығаруға бола ма?
Студенттің университеттегі жағдайды сынап, өз пікірін білдіруі немесе мәселе туралы жария түрде айтуы өздігінен оқудан шығаруға негіз болмайды.
Қазақстан Конституциясының 23-бабында сөз бостандығына және заңмен тыйым салынбаған тәсілдермен ақпарат алуға әрі таратуға құқық берілген. Сонымен бірге, бұл құқық басқа адамдардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне тиіп, заңда көрсетілген өзге талаптарды бұзбауы керек.
Мысалы, студент университеттегі қауіпсіздік мәселесі, оқу жағдайы немесе қызметкерлердің әрекетін сынап жазса, оның мазмұны мен келтірген деректерінің раc-өтірігін тексеру керек. Жазбаның оқу орнына ұнамауы студент кінәлі екенін білдірмейді.
Қандай жағдайда мәселе туындауы мүмкін?
Әлеуметтік желідегі жарияланымда адамның ар-намысына нұқсан келтіретін мәліметтер, қорқыту, жеке деректерді заңсыз тарату немесе университеттің ішкі тәртібін бұзу белгілері болса, мұндай жағдайда студент жауапқа тартылуы мүмкін. Мұндайда әрбір жағдай жеке қаралады.
Қазақстан Конституциясы сөз бостандығын мойындайды, бірақ ол өзге адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзуға шексіз рұқсат бермейді.
Студентті оқудан шығарамыз десе, не істеу керек?
Егер университет әкімшілігі әлеуметтік желідегі жазбасы үшін студентті оқудан шығаратынын ескертсе, ең алдымен қандай ереже бұзылғанын анықтау қажет. Ол үшін студент әкімшіліктен түсініктемені жазбаша түрде сұрап, университеттің ішкі тәртіп қағидалары мен білім беру туралы шартын тексере алады.
Сондай-ақ, жариялаған жазбасын, әкімшілікпен хат алмасуды және өзіне жасалған ескертулерді сақтап қойғаны жөн. Егер оқудан шығару туралы бұйрық шығарылса, студент оның көшірмесін алып, шешімге шағымдана алады. Қажет болған жағдайда заңгерден кеңес алған дұрыс.
Бұған дейін Қазақстанда студентті қандай жағдайда оқудан шығаруы мүмкін екенін жазған едік.