Жалақы кешіксе, не істеу керек?

Жалақының уақытында төленбеуі – жұмысшы үшін маңызды мәселе. Қазақстан заңнамасында жалақыны төлеудің нақты мерзімі белгіленген. Егер жұмыс беруші белгіленген уақытта жалақы төлемесе, қызметкер өз құқығын қорғау үшін қайда және қалай жүгіну керегін білуі қажет. Youth.kz жалақының қашан төленуі тиіс екенін, кешіккен жағдайда жұмыс берушіге қандай жауапкершілік қарастырылғанын және еңбек инспекциясына қалай шағым беруге болатынын баяндайды.

Жалақы қашан төленуі керек?

Еңбек кодексінің 113-бабына сәйкес, жалақы айына кемінде бір рет төленуі тиіс. Сонымен бірге ол келесі айдың бірінші онкүндігінен кешіктірілмей берілуі керек. Жалақы төленетін нақты күн еңбек немесе ұжымдық шартта көрсетіледі. 

Мысалы, қыркүйек айының жалақысы қазан айының алғашқы он күнінен кешіктірілмеуі керек. Ал нақты төлем күні еңбек шартында белгіленеді.

Егер жалақы төленетін күн демалыс немесе мереке күніне түссе, ақша қызметкерге оның алдындағы жұмыс күні берілуі тиіс. 

Жалақы кешіксе, алдымен не істеу керек?

Егер жалақы белгіленген мерзімде түспесе, қызметкер алдымен жұмыс берушіге хабарласып, берешекті өтеуді талап ете алады.

Жұмыс беруші мәселені шешпесе, қызметкер Мемлекеттік еңбек инспекциясына жүгінуге құқылы. Өтінішті электронды түрде eOtinish жүйесі арқылы жіберуге болады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми порталында түсіндірілген.

Шағымға еңбек қатынастарын және жалақы бойынша берешекті растайтын құжаттарды қоса берген жөн. Мысалы:

  • еңбек шарты;
  • жалақы туралы есеп парақтары;
  • банк шотынан үзінді көшірме;
  • жұмыс берушінің бұйрықтары;
  • жалақының төленбегенін растайтын басқа құжаттар.

Мұндай құжаттар еңбек инспекциясына жағдайды тексеруге мүмкіндік береді.

Жалақы кешіккені үшін өсімпұл төлене ме?

Жұмыс беруші жалақыны белгіленген мерзімде төлемесе, негізгі берешекпен бірге өсімпұл төлеуге міндетті.

Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 113-бабына сәйкес, өсімпұл жалақы төленуі тиіс күннен кейінгі күннен бастап нақты төленген күнді қоса алғанға дейінгі кезең үшін есептеледі.

Өсімпұл мөлшері Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің жалақы төленуге тиіс болған күндегі 1,25 еселенген базалық мөлшерлемесі негізінде есептеледі. Бұл тәртіп Еңбек кодексінің 113-бабында нақты көрсетілген.

Яғни, жұмыс беруші жалақыны бірнеше күнге кешіктірсе де, қызметкер тек негізгі жалақысын емес, заң бойынша есептелген өсімпұлды да талап етуге құқылы.

Жұмыс берушіге қандай жаза қарастырылған?

Жалақыны уақытында төлемеген жұмыс берушіге әкімшілік жауапкершілік те қарастырылған.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 87-бабында еңбек заңнамасын бұзғаны, оның ішінде жалақыны белгіленген мерзімде төлемегені және өсімпұлды төлемегені үшін жауапкершілік көзделген. Жауапкершілік мөлшері жұмыс берушінің мәртебесі мен кәсіпкерлік субъектісінің санатына байланысты болады. Бұл нормаға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстен толықтай көз жеткізуге болады.

Сондықтан, жалақының кешігуі жұмыс беруші үшін тек қызметкер алдындағы қарыз мәселесі емес, заңда көзделген жауапкершілікке әкелуі мүмкін құқық бұзушылық болып саналады.

Еңбек инспекциясына қалай шағым беруге болады?

Жұмыскер жалақысының кешіктірілгені туралы жұмыс берушінің орналасқан жері бойынша аумақтық еңбек инспекциясына өтініш бере алады.

Өтінішті eOtinish жүйесі арқылы онлайн жіберуге болады.

Шағымда:

  • жұмыс берушінің атауын;
  • қызметкердің еңбек шарты бойынша жұмыс істейтінін;
  • жалақы қай ай үшін төленбегенін;
  • жалақы төленуі тиіс болған күнді;
  • қанша уақыттан бері берешек бар екенін;
  • жұмыс берушіге бұған дейін жүгінген-жүгінбегенін;
  • өз талабын көрсетуге болады.

Өтінішке жалақы бойынша берешекті растайтын құжаттарды тіркеген жөн.

Еңбек инспекциясы не істей алады?

Егер еңбек инспекциясы тексеру барысында жұмыс берушінің заң талаптарын бұзғанын анықтаса, заңда көзделген шаралар қолданылуы мүмкін.

Атап айтқанда, жалақы бойынша берешек расталған жағдайда жұмыс берушіге оны өтеу туралы міндетті нұсқама берілуі мүмкін. Жұмыс беруші қызметкерге негізгі берешекті және заңға сәйкес есептелген өсімпұлды төлеуге тиіс.

Жұмыс беруші жалақы туралы ақпарат беруге міндетті ме?

Еңбек кодексіне сәйкес, жұмыс беруші қызметкерге ай сайын оның жалақысының құрамдас бөліктері, ұсталған сомалар және төленуге тиіс жалпы мөлшері туралы ақпарат беруге міндетті.

Сондықтан, қызметкер жалақысының қалай есептелгенін, қандай сомалар ұсталғанын және қолына қанша ақша түсуі тиіс екенін білуге құқылы. 

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда жұмыс берушінің жалақыдан ақша ұстап қалуының заңдылығы туралы жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз


Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз