ХҚКО-ға бармай-ақ eGov арқылы қандай қызметтерді алуға болады?
Қазақстанда мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі цифрлық форматқа көшіріліп жатыр. 2026 жылғы ресми мәлімет бойынша, мемлекеттік қызметтер тізіліміндегі 1448 қызметтің 1278-і онлайн форматта қолжетімді. Сондықтан, көп жағдайда құжат рәсімдеу немесе анықтама алу үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына барудың қажеті жоқ. Қызметтердің бір бөлігін eGov.kz, eGov Mobile және «ХҚКО» мобильді қосымшасы арқылы алуға болады.
Тұрғылықты жерге тіркелу
Қазақстанда тұрғылықты жер бойынша тіркелу қызметі онлайн форматқа көшірілді. Азамат мекенжай бойынша тіркелу үшін eGov.kz порталы немесе eGov Mobile қосымшасы арқылы өтініш бере алады.
Бұл қызметтің онлайн форматқа көшірілгені туралы eGov.kz мәліметінде айтылған.
ЭЦҚ алу және жаңарту
Электронды цифрлық қолтаңбаны да қашықтан алуға немесе қайта шығаруға болады. eGov Mobile арқылы жаңа ЭЦҚ шығаруға өтінім беруге және қолданыстағы ЭЦҚ-ны қайта рәсімдеуге мүмкіндік бар. Бұл туралы Қазақстанның электронды үкіметі хабарлаған.
Қашықтан сәйкестендіру мүмкіндігі арқылы азамат ХҚКО-ға бармай-ақ ЭЦҚ алу рәсімінен өте алады.
Соттылығы туралы анықтама
Сотталғаны немесе сотталмағаны туралы анықтаманы да онлайн алуға болады. Азамат eGov порталындағы тиісті қызметке кіріп, электронды өтініш береді. Нәтижесі электронды түрде ұсынылады.
Бұл қызметтердің онлайн көрсетілетіні туралы «Азаматтарға арналған үкіметтің» ресми ақпаратында айтылған.
Жылжымайтын мүлікке қатысты қызметтер
Жылжымайтын мүлікке қатысты бірқатар мәліметті де онлайн алуға болады. Мысалы, азаматтар өз атына тіркелген жылжымайтын мүлік туралы ақпаратты электронды түрде тексере алады.
Ал 2026 жылдан бастап жер қатынастарына қатысты бірқатар қызмет те цифрлық форматқа көшті. Олардың қатарында жердің нысаналы мақсатын өзгерту, жерді жалға алу мерзімін ұзарту және жер учаскесін сатып алу қызметтері бар. Бұл туралы ресми gov.kz мәліметінде хабарланған.
Автокөлікке қатысты қызметтер
Көлік иелері де кейбір қызметтерді онлайн рәсімдей алады. Мысалы, 2026 жылдан бастап автокөліктің мемлекеттік нөмірін «ХҚКО» мобильді қосымшасы арқылы онлайн таңдап, тапсырыс беруге мүмкіндік пайда болды.
Қызмет толықтай онлайн көрсетіледі: азамат қосымшаға кіріп, қажетті серия мен нөмір комбинациясын таңдайды. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» хабарлады.
Сонымен қатар «ХҚКО» қосымшасында мамандандырылған ХҚКО-дағы кейбір қызметтерді басқа адамның алуына арналған электронды сенімхат рәсімдеу мүмкіндігі іске қосылған. Оның көмегімен дайын құжаттарды алу, көлікті тіркеу немесе есептен шығару сияқты операцияларды үшінші тұлғаға тапсыруға болады.
Еңбек иммигранттарына рұқсат
2026 жылғы 13 сәуірден бастап еңбек иммигранттарына жұмыс істеуге рұқсат беру және оны ұзарту қызметі ХҚКО-ларда көрсетілмейді. Өтінішті тек eGov.kz арқылы онлайн беруге болады.
eGov Mobile арқылы не істеуге болады?
eGov Mobile қосымшасы арқылы мемлекеттік қызметтерді ХҚКО-ға бармай алуға болады. Ресми мәлімет бойынша, қосымшада ЭЦҚ-ны қашықтан шығару және қайта шығару мүмкіндігі де бар. Сонымен қатар, азаматтар цифрлық құжаттарын пайдалана алады.
Қосымшаға мобильді азаматтар базасында тіркелген телефон нөмірі арқылы бір реттік SMS-парольмен немесе ЭЦҚ көмегімен кіруге болады.
«ХҚКО» мобильді қосымшасы да көмектеседі
ХҚКО-ға баруды толықтай болдырмауға мүмкіндік беретін тағы бір құрал «ХҚКО» мобильді қосымшасы.
2026 жылғы ресми мәлімет бойынша, онда 18 қызмет, ал бейнеқоңырау форматында тағы 79 қызмет түрі қолжетімді. Қосымша арқылы электронды кезекке тұруға, QR-талон алуға, өтініштің мәртебесін және дайын құжаттардың жеткізілуін бақылауға болады.
Яғни, ХҚКО-ға бармас бұрын қажетті қызметті алдымен eGov.kz, eGov Mobile немесе «ХҚКО» мобильді қосымшасынан тексерген жөн. Құжат алу, тіркелу, анықтама рәсімдеу, ЭЦҚ алу, жер және көлікке қатысты бірқатар операцияны қазір үйден шықпай-ақ алуға болады.
Ал нақты бір қызметтің онлайн көрсетілетін-көрсетілмейтінін eGov.kz порталындағы қызметтер каталогынан тексеруге болады.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстандағы медициналық қызметтер туралы жазған едік.