Сербиядағы студенттер қозғалысы парламент сайлауында жеңіске жетті
Сербияда студенттер бастаған наразылық қозғалысы елдің саяси өміріне елеулі өзгеріс әкелді. 2026 жылғы 25 қазанда өткен кезектен тыс парламент сайлауында студенттер қолдаған кандидаттар жеңіске жетіп, президент Александр Вучичтің биліктегі саяси күшінің ұзақ жылғы үстемдігіне соққы берді. Вучич сайлаудан жеңілгенін мойындады. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.
Студенттер қозғалысы қалай басталды?
Сербиядағы наразылықтар 2024 жылғы 1 қарашада Нови-Сад қаласындағы теміржол вокзалының шатыры құлап, 16 адам қаза тапқаннан кейін басталды. Қайғылы оқиғадан соң студенттер апаттың себептерін ашық тергеуді, жауапты адамдарды анықтап, мемлекеттік органдардың есеп беруін талап етті.
Уақыт өте келе наразылықтың ауқымы кеңейіп, жемқорлыққа қарсы күрес, мемлекеттік институттардың тәуелсіздігі және биліктің жауапкершілігі мәселелері алдыңғы орынға шықты. Студенттер қозғалысы елдің әртүрлі қалаларын қамтып, соңғы онжылдықтардағы ең ірі қоғамдық наразылықтардың біріне айналды.
Қозғалыс екі жылға жуық уақыт ішінде елдегі ықпалды саяси күштердің біріне айналған.
Вучич не себепті президент қызметінен кетті?
Александр Вучич 2026 жылғы 27 қыркүйекте президент қызметінен кеткенін жариялады. Сербия үкіметінің ресми хабарламасына сәйкес, ол алдағы парламент сайлауына қатысу үшін осындай шешім қабылдағанын мәлімдеген.
Вучич 2014 жылдан бері елдің саяси өмірінде негізгі рөл атқарып келді. Алдымен премьер-министр, кейін президент болды. Конституция бойынша президенттік мерзімін үшінші рет ұзарту мүмкіндігі болмағандықтан, ол парламент сайлауы арқылы биліктегі ықпалын сақтап қалуға тырысты.
Президент қызметінен кеткеннен кейін парламент спикері Ана Брнабич уақытша мемлекет басшысының міндетін атқарды.
Студенттер қолдаған күш сайлауда жеңіске жетті
2026 жылғы 25 қазанда өткен кезектен тыс парламент сайлауында студенттер қолдаған «Студенттер тізімі» айқын басымдыққа ие болды. Reuters агенттігінің 26 қазандағы мәліметі бойынша, қозғалыс барлық дауыстың шамамен 52,7 пайызын жинаған. Ал Вучичтің Сербия прогрессивті партиясы бастаған саяси одақ 39,2 пайыз дауыс алған.
Алдын ала есеп бойынша, студенттер қолдаған кандидаттар парламенттегі 250 орынның 139-ын иеленуі мүмкін. Биліктегі одаққа 97 орын тиесілі болған.
Сайлау қорытындысы студенттер қозғалысының наразылық алаңынан саяси бәсекеге өтіп, биліктің ауысуына ықпал еткенін көрсетті.
Қозғалыстың алдағы мақсаты қандай?
Студенттер қолдаған саяси күш жемқорлықпен күрес, мемлекеттік институттардың тәуелсіздігін қамтамасыз ету, білім беру жүйесін жақсарту, бұқаралық ақпарат құралдарының еркіндігін қорғау және халықтың тұрмыс деңгейін көтеруді мақсат тұтады.
Al Jazeera басылымының жазуынша, қозғалыс сайлау науқаны кезінде бір ғана көшбасшыны алға шығармай, ұжымдық сипаттағы саяси үлгіні ұстанған. Сондықтан жаңа үкіметтің құрамы мен негізгі лауазымдарға кімдердің тағайындалатыны әзірге толық айқындалмаған.
Сербиядағы оқиғалар студенттер қозғалысының қоғамдық наразылықты саяси өзгеріске айналдыра алғанын көрсетті. Алайда, жаңа саяси күштің нақты жұмыс нәтижесі оның сайлауалды уәделерін орындауынан және мемлекеттік институттардағы реформаларды жүзеге асыруынан көрінетін болады. Сондықтан, бұл уақыт еншісіндегі мәселе.
Бұған дейін Сербия жастары 25 қазанда өтетін сайлауға қатысатынын жазған едік.