Жасанды интеллект дәуірінде Z ұрпағы мансап пен сыни ойлауға басымдық береді

Жасанды интеллект еңбек нарығын өзгертіп жатқан тұста Z ұрпағының жастары мансаптық өсуге, сыни ойлауға және адаммен қарым-қатынас орнату дағдыларына басымдық береді. KPMG компаниясының АҚШ-тағы тағылымдамадан өтушілер арасында жүргізген сауалнамасы осындай нәтиже көрсеткен.

2026 жылғы шілдеде жүргізілген зерттеуге KPMG компаниясының 906 тағылымдамадан өтушісі қатысқан. Олардың 99 пайызы Z ұрпағының өкілдері, қалған 1 пайызы миллениалдар болған.

Сауалнама нәтижесіне сәйкес, жастардың басым бөлігі болашақта жасанды интеллект кәсіби қызметтің едәуір бөлігін автоматтандырады деп есептейді. Респонденттердің 94 пайызы алдағы уақытта олардың жұмысының кемінде 20 пайызы жасанды интеллект арқылы автоматтандырылуы немесе жетілдірілуі мүмкін екенін айтқан.

Соған қарамастан, жас мамандар технологияны меңгерумен қатар, адамға тән дағдыларды дамытудың маңызын атап өткен. Сауалнамаға қатысқандардың 76 пайызы болашақта мансапта табысқа жету үшін адамға тән қабілеттер мен жасанды интеллектіні тиімді басқару дағдылары қатар қажет болады деп санайды.

Жастар үшін мансаптық өсу маңызды

Зерттеу нәтижесінде толық жұмыс күніне ауысатын жұмыс орнын таңдауда жастар үшін ең маңызды фактор мансаптық өсу мүмкіндігі екені анықталған. Бұл көрсеткіш жұмыс ортасының мәдениеті, жұмыс пен жеке өмірдің тепе-теңдігі, жалақы және жаңа технологияларды меңгеру мүмкіндігінен жоғары тұрған.

Сондай-ақ, сауалнамаға қатысқандардың 93 пайызы болашақта компанияның жоғары басшылығына немесе атқарушы директор деңгейіндегі қызметке жетуге қызығушылық білдірген.

Жас мамандар жасанды интеллектінің мансапқа әсеріне де әртүрлі көзқарас білдірген. Респонденттердің 46 пайызы бұл технология өнімділікті арттырғанымен, мансаптық бағытын өзгертпейді деп есептейді. Ал 31 пайызы жасанды интеллект мансаптық өсуін жеделдетеді деген пікірде.

Сыни ойлау – жасанды интеллект дәуіріндегі маңызды дағды

Сауалнамаға қатысқан жастардың пікірінше, алдағы бес жылда бастапқы деңгейдегі қызметкерлерді өзгелерден ерекшелендіретін басты қабілет – сыни ойлау.

Жасанды интеллектіні шамадан тыс пайдаланудың салдары туралы сұраққа қатысушылардың 43 пайызы оның сыни ойлау қабілетін дамытуға кедергі келтіруі мүмкін екенін айтқан. Ал небәрі 5 пайызы жұмыс орындарының қысқаруын басты алаңдаушылығы ретінде көрсеткен.

Жастар жасанды интеллектіні қолдануға оң көзқарас танытқанымен, оның барлық жұмысты адамның орнына орындауына сенім артпайды. Олар технологияны дайын жауап алудың құралы ретінде ғана емес, жаңа тақырыптарды жылдам меңгеруге және күрделі тапсырмаларды орындауға көмектесетін құрал ретінде қарастырады.

Сауалнамаға қатысқандардың 53 пайызы жасанды интеллект жаңа тақырыптарды тезірек түсінуге көмектесетінін айтқан. Ал 19 пайызы оның тәжірибесі мен біліктілігінен жоғары деңгейдегі жұмыс орындауға мүмкіндік беретінін жеткізген.

Сонымен қатар, респонденттердің 64 пайызы қазіргі тапсырмаларының төрттен бірінен астамын жасанды интеллект көмегімен орындайтынын мәлімдеген.

Жасанды интеллектіні меңгеруге қызығушылық артып келеді

Зерттеу нәтижесі жастардың жаңа технологияларды игеруге ынталы екенін де көрсеткен. Қатысушылардың 72 пайызы тағылымдамадан өту кезінде жасанды интеллект агенттерімен жұмыс істеу дағдысы жақсарғанын айтқан. Ал 75 пайызы жасанды интеллектіні пайдалану кәсіби ортадағы өзіне деген сенімділігін арттырғанын жеткізген.

Респонденттердің 61 пайызы жасанды интеллектінің жұмысқа ықпалы туралы ойлағанда, ең алдымен қызығушылық сезінетінін айтқан. Ал технология белгілі бір тапсырманы бірнеше секундта орындап берген жағдайда, жастардың басым реакциясы – жаңа нәрсе үйренуге деген ынта.

Сонымен бірге, қатысушылардың 42 пайызы жасанды интеллектіні пайдалану кезінде әріптестерімен белсенді тәжірибе алмасатынын айтқан. Олар бір-бірімен сұраныстарды, жұмыс тәсілдерін және үйренген әдістерін бөліседі.

Тәлімгердің көмегі жасанды интеллектіден маңыздырақ

Сауалнамада жас мамандардың кәсіби дамуына не көбірек көмектесетіні де зерттелген. Нәтижесінде қатысушылардың 57 пайызы тағылымдама кезінде ең пайдалы тәжірибе тікелей тәлімгерлік пен басшының кеңесі болғанын айтқан. Ал жасанды интеллект көмегімен білім алу әдісін небәрі 3 пайызы таңдаған.

Жастардың 44 пайызы университеттер студенттерді еңбек нарығына жақсырақ дайындау үшін тәжірибеге негізделген, нақты жұмыс жағдайларына жақын білім беруі керек деп есептейді.

Сондай-ақ сауалнамаға қатысқандардың 59 пайызы жасанды интеллект кеңінен қолданылатын жұмыс орындарында менеджерлер мен тәлімгерлердің рөлі арта түседі деген пікірде. Ал 53 пайызы технологияның дамуы жұмыс ортасындағы адаммен қарым-қатынасты азайтуы мүмкін деп санайды.

Респонденттердің 48 пайызы кеңседе жұмыс істеудің басты артықшылығы ретінде адамдармен танысу, кәсіби байланыс орнату және жұмысқа қатысты мәселелерді талқылау мүмкіндігін атаған.

KPMG компаниясының университеттермен жұмыс жөніндегі ұлттық серіктесі Дерек Томастың айтуынша, жасанды интеллектіні қолдануды үйретумен қатар, қызметкерлердің адамға тән қабілеттерін дамытуға да жағдай жасау қажет.

Оның пікірінше, сыни ойлау, дұрыс шешім қабылдау және коммуникация дағдылары жас мамандардың кәсіби ортада ерекшеленуіне мүмкіндік береді.

Зерттеу авторларының мәліметінше, жасанды интеллектіні тиімді пайдалану тек технологияны меңгерумен шектелмейді. Оны басқара білу, нәтижесін бағалау және адамдармен бірлесіп жұмыс істеу де маңызды.

Сауалнама АҚШ-тағы KPMG компаниясының тағылымдамадан өтушілері арасында жүргізілген. Сондықтан, оның нәтижелері елдегі барлық жас маманның көзқарасын толық сипаттамайды.

Айта кетейік, бұған дейін жасанды интеллект еңбек нарығын қалай өзгертетінін көрсететін зерттеу туралы жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз


Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз