Toxic Қазақстанның өрмекші адамы ма әлде өз жолын іздеген суперқаһарман ба?
Қазақстандық кино мен сериал өндірісінде суперқаһармандар туралы жобалар жиі кездесе бермейді. Сондықтан, Toxic сериалы бірден назар аудартады. Мұнда көрерменге таныс суперқаһармандық формула, жастарға жақын әлеуметтік желі тақырыбы және комедия араласқан оқиғалар бар. Алайда, сериал шетелдік үлгілерден алыстап, өзіндік суперқаһарман әлемін қалыптастыра алды ма? Youth.kz оcы сұраққа жауап іздеп көрді.
Қаралым жинағысы келген жігіт суперқаһарманға айналады
Сериалдың басты кейіпкері – достары Фара деп атайтын Фархат есімді жігіт. Ол әлеуметтік желіде танымал болуды армандайды. Досы Санжармен бірге қаралым жинау үшін түрлі челлендж жасап, назар аудартуға тырысады. Кезекті түсірілім кезінде Фара қараусыз қалған ғимараттағы құпия зертханаға тап болып, улы газбен жанасқаннан кейін ерекше қабілеттерге ие болады.
Бірақ, оның суперқабілеттері тұрақты болмайды. Әр күн сайын жаңа күш пайда болады. Ол бірде телепортация жасай алады, бірде уақытты басқарады, енді бірде басқа адамның кейпіне енеді. Тіпті қошқарға айналатын сәттері де бар.
Осы идея сериалға күтпеген жағдайлар мен күлкілі көріністер қосады. Фара бір қабілетін толық меңгеріп үлгермей жатып, жаңа күшке ие болады. Бастапқыда танымал болудың оңай жолы болып көрінген ерекше қабілеттер уақыт өте келе үлкен жауапкершілік жүктейді.
98mag басылымының рецензиясында Фараның оқиғасы суперқаһарман жанрына тән қалыптасу жолымен салыстырылады. Кейіпкер өз қабілеттерін танып, қателіктерінен сабақ алып, әрекеттерінің салдарын түсінуді үйренеді.
Өрмекші адаммен ұқсастық көп
Toxic сериалының алғашқы бөлімдері Өрмекші адам мен «Флэш» секілді танымал кейіпкерлерді еске түсіреді. Фара да өзіне сенімсіз, кейде асығыс шешім қабылдайтын, айналасындағылардың мойындауын қалайтын жас жігіт. Оның суперқабілеттері мен жеке өміріндегі мәселелер де суперқаһарман жанрына жақын.
Бұл ұқсастықты бірден кемшілік деп бағалауға болмайды. Кез келген жанрдың өзіне тән ережелері бар. Алайда қазақстандық жоба сол ережелерді қайталап қана қоймай, өзіндік ерекшелігін де көрсете білуі керек.
Дәл осы тұста сериалдың әлсіз жағы байқалады. 98mag авторы кейіпкерлердің мінезі мен оқиғалардың кейбірі америкалық жасөспірімдер туралы фильмдерге тым ұқсас екенін айтады. Қазақстандық жастардың әрекеті мен қарым-қатынасы кейде жергілікті ортадан гөрі шетелдік жасөспірімдер комедиясын еске түсіреді.
Отандық суперқаһарман туралы сериал түсіру үшін кейіпкердің Қазақстанда өмір сүруі ғана жеткіліксіз. Оның ортасы, сөйлеу мәнері, отбасымен қарым-қатынасы және күнделікті мәселелері де оқиғаға табиғи түрде енуі керек. Toxic осы бағытта қызықты идеялар ұсынғанымен, кейбір тұстары үйлесімді шықпаған.
Суперқабілеттердің артында балалық шақтағы қорқыныш тұр
Сериалдың назар аударуға тұрарлық тұсы – суперқабілеттерді кейіпкердің ішкі сезімдерімен байланыстыруы. Мұнда ерекше күштер тек экшн көріністерін көбейту үшін қолданылмайды. Олардың артында қорқыныш, өзіне сенімсіздік, балалық шақтағы қиындықтар мен өзгелердің пікіріне тәуелді болу мәселелері жатыр.
The Steppe басылымына берген сұхбатында режиссер Айтөре Жолдасқали адамның бала кезіндегі қорқыныштары мен кемшіліктерін суперқабілеттерге айналдыру идеясын түсіндірген. Режиссер кейіпкерлердің кейбір сезімдері мен қиындықтарын өзінің балалық шақтағы тәжірибесімен де байланыстырған.
Бұл тәсіл сериалды жай ғана суперқаһармандар туралы комедиядан тереңірек туындыға айналдыруға мүмкіндік береді. Фараның басты мәселесі — күшінің аздығы емес, өзіне деген сенімінің тұрақсыздығы. Ол танымал болғысы келеді, бірақ өзгелердің өзі туралы пікіріне тым тәуелді. Өз қабілеттерін түсінуге тырысқан сайын, өзін де жақсырақ тани бастайды.
Дегенмен кейіпкердің ішкі сезімдерін көрсету әрдайым оңай емес. Кейбір көріністерде әзіл мен оқиғаның жылдам өрбуі оның өзгерістерін тереңірек түсінуге кедергі келтіреді. Соған қарамастан, сериал маңызды ойды көтереді: адамды қаһарман ететін нәрсе — ерекше күші ғана емес, оны қалай пайдаланатыны.
Қазақстандық суперқаһарман әлемі қалыптасты ма?
Toxic-тің басты мақсаттарының бірі – Қазақстанда суперқаһарман жанрына жол ашу. Алайда, бір сериалдың шығуы толыққанды суперқаһармандар әлемі қалыптасты дегенді білдірмейді. Ол үшін оқиғалары бір-бірімен байланысқан кейіпкерлер, ортақ сюжет және көрерменді келесі бөлімді көруге қызықтыратын оқиғалар қажет.
Сериал авторлары қазақстандық көрерменге түсінікті суперқаһарман әлемін қалыптастыруға ұмтылады. Бұл – маңызды мақсат. Өйткені, көрермен фантастикалық оқиғалардан да өзіне таныс орта мен мәселелерді көргісі келеді.
Бірақ Toxic-тің өзіндік әлемін қалыптастыруына кедергі келтіретін нәрсе – шетелдік туындыларға ұқсастығы ғана емес, кейбір көріністерде Қазақстанға тән белгілер оқиғаға табиғи түрде қосылмай, әдейі енгізілгендей әсер қалдырады. Ұлттық мәдениетке қатысты элементтер кейіпкерлердің мінезі мен іс-әрекетіне үйлескенде ғана нанымды көрінеді.
Сондықтан, сериалдың болашағы ерекше қабілеттердің саны немесе экшн көріністерінің ауқымымен ғана бағаланбайды. Авторлардың кейіпкерлері туралы қандай оқиға айтатыны және оны басқа елдердің туындыларынан ажырататын ерекшелікті қаншалықты дамыта алатынына да байланысты болып отыр.
Кемшілігі бар, бірақ маңызды тәжірибе
Toxic мінсіз сериал емес. Оның оқиғасында таныс суперқаһармандық үлгілер көп, кейбір әзілдері дау тудырады, Қазақстанға тән ерекшеліктері әрдайым табиғи ашыла бермейді. Дегенмен, жобаның қызықты идеясы адамның қорқынышы мен ішкі әлсіздігін ерекше күшке айналдыру нанымды шыққан.
Фараның оқиғасы суперқаһарман болу үшін өзгелерден мықты болу жеткіліксіз екенін көрсетеді. Өз әрекетің үшін жауап беру, қателігіңді мойындау және өзіңді қабылдау да маңызды.
Сериалды қазақстандық Marvel деп атау әзірге ерте. Бірақ, оны отандық кино мен сериал өндірісіндегі жаңа жанрды байқап көруге бағытталған тәжірибе ретінде қарастыруға болады. Ендігі міндет – шетелдік кейіпкерлерді қайталау емес, қазақстандық көрерменге жақын әрі басқа елдің туындыларымен шатастыруға келмейтін суперқаһармандарды қалыптастыру.
Toxic-тің басты жетістігі – Қазақстанда суперқаһармандар туралы сериал түсіруге болатынын көрсетті. Ал оның өзіндік әлемге айнала алатынын уақыт пен келесі жобалардан байғауға болады.
Бұған дейін көрермен жоғары бағалаған 5 тарихи аниме туралы жазған едік.