Алматыдағы комьюнити-орталықтарды біріктіру жастарға көрсетілетін көмекті қалай өзгертеді?
2027 жылдан бастап Алматыдағы жастар комьюнити-орталықтарын орталықтандырылған басқаруы бар бірыңғай желіге біріктіру ұсынылып отыр. Қала әкімдігі қайталанатын әкімшілік шығындарды қысқартып, жыл сайын шамамен 100 миллион теңге үнемдеуді көздейді.
Almaty.tv мәліметінше, жүйенің тиімділігін көрсету үшін ведомство ауқымды статистиканы алға тартты: 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында 13 орталықта 510 мың келу тіркеліп, 2 200 іс-шара өткізілген және 10,6 мың жеке кеңес берілген. Оның 7,4 мыңы жұмысқа орналасуға, 2,6 мыңы психологиялық және құқықтық мәселелерге қатысты.
Алайда басқару шығындарын қысқарту жастарға көрсетілетін әлеуметтік көмектің сапасына әсер етпей ме? Қазіргі жүйенің қалай жұмыс істейтінін анықтау үшін Youth.kz төрт аудандық комьюнити-орталыққа «құпия келуші» әдісімен барып, олардың негізгі қызметтерін тексерді. Коворкингтің қолжетімділігін, жұмысқа орналасу бойынша көмекті, сондай-ақ заңгер мен психологтың қабылдау мүмкіндігін бағаладық.
Төрт орталық, бір жүйе, әртүрлі жағдай
Алматыдағы комьюнити-орталықтар жастардың білім алуына, кәсіби дамуына және әлеуметтік мәселелерін шешуіне арналған қоғамдық кеңістіктер ретінде құрылған. Алғашқы сегіз орталық 2023 жылдың соңында іске қосылды. Олардың қызметіне мемлекеттік бағдарламалар бойынша кеңес беру, кәсіби бағдар, психологиялық және заңгерлік көмек, тіл үйрену курстары мен мәдени іс-шаралар ұйымдастыру кірді.
Біз барған төрт орталық орналасқан ғимараттары, ішкі кеңістігі және инфрақұрылымы бойынша бір-бірінен ерекшеленеді.
Бостандық аудандық орталығы (Абай даңғылы, 164/6, 6-корпус) – Terracotta тұрғын үй кешенінің бірінші қабатында орналасқан. Ішкі кеңістігі шыны қалқалармен бөлінген. Панорамалық терезелері бар жарық опенспейс, ортақ үстелдер, жұмсақ пуфтар және шағын кездесулерге арналған бөлмелер қарастырылған.
Алмалы аудандық орталығы (Байтұрсынов көшесі, 22/1) қаланың орталық бөлігіндегі жеке көпқабатты ғимаратта орналасқан. Мұнда жастарға арналған кеңістіктер бірнеше қабатқа бөлінген. Орталықтың форматы классикалық білім беру орталығы мен бизнес-инкубаторды еске түсіреді. Мұнда конференц-зал, шығармашылық студия, демалыс аймағы, кадрлық қолдау орталығы, психологиялық және заңгерлік көмек кабинеттері бар.
Медеу аудандық орталығы (Назарбаев даңғылы, 36) тұрғын үй кешенінің төменгі деңгейінде орналасқан. Бұл – көлемі жағынан ірі аудандық хабтардан ерекшеленетін ықшам кеңістік. Соның кесірінен ғимараттың ішкі аумағы мен техникалық мүмкіндіктері үлкен орталықтармен салыстырғанда шектеулі.
Әуезов аудандық орталығында (Науаи көшесі, 7) дыбыс жазу студиясы, би залы, робототехника және 3D-модельдеу аймағы, цифрлық контент әзірлеуге арналған кеңістік бар. Сонымен қатар жастарға білім беру және консультациялық қызметтер ұсынылады. Орталықта «AI Креатор» курсы іске қосылған.
Осы төрт орталықты салыстыру кезінде біз жастар үшін маңызды төрт қызметке назар аудардық: коворкингті пайдалану, жұмысқа орналасуға көмек алу, заңгер кеңесі және психолог қабылдауы.
Коворкинг: тегін кеңістік, бірақ мүмкіндіктері бірдей емес
Комьюнити-орталықтардың басты артықшылықтарының бірі – жастарға тегін жұмыс істеуге, оқуға және өзара байланыс орнатуға мүмкіндік беретін ортақ кеңістіктер. Бұл әсіресе жеке жұмыс орны немесе тұрақты интернеті жоқ студенттер үшін маңызды.
Біз барған орталықтар арасында инфрақұрылымдық айырмашылықтар байқалды. Жаңа үлгідегі кеңістіктерде эргономикалық жиһаз, заманауи жөндеу, арнайы шығармашылық аймақтар және тұрақты Wi-Fi қарастырылған.
Ал Бостандық ауданындағы алғашқы толқында ашылған орталықтың интерьері қарапайымдау. Күндізгі уақытта розеткасы бар бос орын табу қиындық туғызуы мүмкін. Дегенмен мұнда кіру тәртібі күрделі емес: келушіге кіреберісте тіркелу жеткілікті.
Медеу ауданындағы орталықта кеңістік анағұрлым ықшам. Біздің бақылауымыз бойынша, мұнда шамамен екі-үш компьютер бар және Wi-Fi желісі қолжетімді. Адам ағынының салыстырмалы түрде төмен болуы бұл инфрақұрылымның қазіргі қажеттілікке жеткілікті болуы мүмкін екенін көрсетеді. Дегенмен келушілер саны артқан жағдайда компьютерлер мен жұмыс орындарының тапшылығы туындауы ықтимал.
Жұмысқа орналасу: ең сұранысқа ие қызмет
Әкімдік келтірген статистика бойынша, 2026 жылдың тоғыз айында берілген 10,6 мың жеке кеңестің 7,4 мыңы жұмысқа орналасу мәселелеріне қатысты. Бұл жалпы консультациялардың басым бөлігін құрайды. Демек, мансаптық қолдау орталықтардың негізгі сұранысқа ие қызметтерінің бірі болып отыр.
Алмалы және Бостандық аудандарындағы ірі орталықтарда жастарға түйіндеме дайындау мен өңдеу, бос жұмыс орындарын іздеу, жұмысқа орналасу бағдарламалары туралы ақпарат алу бойынша көмек көрсетіледі. Сондай-ақ жастарды «Жастар практикасы» бағдарламасымен және Қалалық мансап орталығы ұйымдастыратын бос жұмыс орындары жәрмеңкелерімен таныстырады.
Ал инфрақұрылымы шағындау орталықтарда кеңес беру Enbek.kz электрондық еңбек биржасына тіркелу және бос жұмыс орындарын өз бетінше іздеу жөніндегі нұсқаулықпен шектелуі мүмкін.
Сонымен қатар орталықтардың жұмыспен қамтуға қосқан үлесін көрсететін тағы бір көрсеткіш бар. Алматы әкімдігінің мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы кезеңінде комьюнити-орталықтардың көмегімен 1,2 мыңнан астам жас жұмысқа орналасқан.
Заңгерлік және психологиялық қолдау: қызмет бар, қолжетімділігі қандай?
Соңғы жылдары Қазақстанда психологиялық және құқықтық көмекке деген сұраныс айтарлықтай өсті. Дегенмен, жеке мамандармен кеңесу құны жоғары және көпшілік үшін қолжетімді емес. Бәлкім сол үшін жеке консультациялардың ішінде психологиялық және құқықтық мәселелерге қатысты 2,6 мың кеңес тіркелген. Бұл қызметтер жалпы консультациялар санының шамамен төрттен бірін құрайды.
Алайда тар бейінді мамандар әр орталықта тұрақты түрде толық жұмыс күні отырмауы мүмкін. Олардың қызметі аудандар арасында бөлінген кесте бойынша ұйымдастырылуы да ықтимал. Осы арқылы мамандардың ресурсын үнемдеуге мүмкіндік болғанына қарамастан, бұл жастардың қажетті сәтте көмек алуын қиындатуы мүмкін.
Тағы бір мәселе – жеке кеңес өткізуге арналған кеңістіктің құпиялылығы. Ашық жоспарланған коворкингтер мен тұрғын үй кешендерінің бірінші қабатында орналасқан ықшам орталықтарда дыбыс оқшаулауы бар жеке кабинеттердің жетіспеуі ықтимал. Бұл психологиялық немесе құқықтық мәселелерін бөгде адамдардың қатысуынсыз талқылағысы келетін жастар үшін маңызды жайт.
Біз бұл жерде «құпия келуші» тексеруінің де шектеуін ескеріп тұрмыз: маманның белгілі бір күні болмауы қызметтің мүлдем көрсетілмейтінін білдірмейді. Бірақ келушіге қабылдау кестесі мен жазылу тәртібі түсінікті түрде ұсынылмаса, қызметтің қағаз жүзінде бар болуы оның нақты қолжетімділігін қамтамасыз етпейді.
510 мың сыры неде?
510 мың келуші мен 10,6 мың жеке кеңес арасындағы алшақтық (шамамен 50-ге 1 қатынасы) есепке алу әдістемесімен түсіндіріледі. Статистикада «келу» ретінде бірегей көмек алушы емес, ғимаратқа кірудің кез келген дерегі саналады. Егер бір студент аптасына бес күн коворкингке сабаққа дайындалуға келсе, есепке бес келу ретінде енеді. Ашық дәрістерге, тіл клубтарына, үстел ойындары турнирлеріне және көше акцияларына қатысушылар, сондай-ақ әкімшіге анықтамалық сұрақ қою үшін екі минутқа кіріп шыққандар да осы бағанға қосылады.
2027 жылғы реформа: орталықтандыру ма, әлде қызмет сапасының төмендеуі ме?
Реформаның екі ықтимал нәтижесі бар. Бірінші сценарий бойынша, орталықтандыру қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Барлық филиалға ортақ стандарт енгізіліп, заңгерлер мен психологтардың қабылдау кестесі бір жүйеге біріктірілуі мүмкін. Онлайн-жазылу тетігін енгізу, мамандардың жұмыс уақытын тиімді бөлу және аудандар арасындағы кадрлық ресурстарды қайта ұйымдастыру арқылы жастарға көрсетілетін көмектің қолжетімділігін арттыруға болады.
Мұндай өзгерістер орталықтан шалғай орналасқан аудандар үшін маңызды: Алатау, Наурызбай және Түрксіб аудандарындағы жастар да қала орталығындағы құрдастарымен бірдей сапада кәсіби, психологиялық және құқықтық көмек алуы керек.
Екінші сценарийде үнемдеу қызметкерлердің еңбекақы қорын немесе мамандандырылған кеңесшілер санын қысқарту есебінен жүзеге асуы мүмкін. Бұл жағдайда комьюнити-орталықтар біртіндеп әлеуметтік қолдау көрсететін мекемелерден тегін коворкингтер мен бос уақытты ұйымдастыру алаңдарына айналады. Келушілердің жалпы саны жоғары болып қала бергенімен, психологиялық және құқықтық көмектің қолжетімділігі төмендеуі ықтимал.
Алайда әкімдік жариялаған ұсыныста үнемделген қаражаттың барлығы әкімшілік шығындарды қысқартуға ғана жұмсалмайтыны айтылған. Оның бір бөлігін жаңа жобаларға бағыттау жоспарланып отыр. Мәселен, Бостандық ауданындағы орталық базасында жастардың қажеттіліктері мен мәселелерін зерттейтін OI LAB талдау орталығын ашу ұсынылған. Ал Әуезов ауданында жастарға арналған бейне, подкаст және деректі контент өндіретін медиаалаң құру қарастырылып отыр.
Бұдан бөлек, бірыңғай жүйе аясында электрондық өтініштерді тіркеу, әр филиалдың жұмыс нәтижесін бағалау және базарлар мен адам көп жиналатын орындарда көшпелі консультациялар өткізу ұсынылған. Егер бұл бастамалар толық іске асса, жастар орталыққа өздері келмей-ақ, жұмысқа орналасу мен кәсіби білім алу мүмкіндіктері туралы ақпарат ала алады.
Қазақстанда үкімет кепілдік беретін білім беру несиесі бағдарламасы бар. Ол студенттерге оқу ақысын төлеуге көмектесуге арналған (тіпті олар толық соманы алдын ала төлей алмаса да). Дегенмен, 2023 жылдан 2026 жылға дейін «Қаржы орталығы» бұл несиелер бойынша жаңа кепілдіктер берген жоқ. Youth.kz қазіргі уақытта бағдарламаға қатысатын банктерден білім беру несиесін алу мүмкін бе екенін тексерді.