Тұмша қаупі: мектептер мен университеттер ашық ауада сабақтарды шектеуі керек пе?
Қазақстанның бірнеше қаласында ауаның ластануына ықпал ететін қолайсыз метеорологиялық жағдайлар болжанып отыр. 31 қазанда мұндай ескерту тоғыз қалада жарияланды. Синоптиктер тұрғындарға, әсіресе балалар мен жүкті әйелдерге, далада ұзақ жүрмеуге және ашық ауадағы физикалық жүктемені шектеуге кеңес берді. Осыған байланысты мектептер мен университеттердегі дене шынықтыру сабақтарын уақытша жабық ғимараттарға ауыстыру мәселесі көтерілді.
Қай қалаларда ауа сапасы нашарлауы мүмкін?
«Қазгидромет» мәліметінше, 2026 жылғы 31 қазанда Жезқазған, Балқаш, Орал, Ақтөбе, Шымкент, Алматы, түнде Қарағанды, Теміртау, Атырау, Астана қалаларында атмосферада ластаушы заттардың жиналуына ықпал ететін метеорологиялық жағдайлар күтіледі.
Тұмша (түтінді тұман) – ауада түтін, шаң-тозаң және зиянды заттардың жиналуынан пайда болатын ауаның ластану түрі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы атмосфералық ауаның ластануын адам денсаулығына қауіп төндіретін негізгі экологиялық факторлардың бірі ретінде қарастырады.
«Қазгидромет» ҚМЖ кезінде тұрғындарға ашық ауада болу уақытын қысқартуды, әсіресе автожолдар мен басқа да ластану көздеріне жақын жерде ұзақ жүрмеуді ұсынады. Балалар мен жүкті әйелдерге ұзақ серуеннен бас тартуға кеңес берілген. Сондай-ақ, дене шынықтыру мен спорттық жаттығуларды ашық алаңда емес, жабық спорт кешендерінде өткізу ұсынылады.
Тұмша кезінде балаларға қандай қауіп бар?
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы балаларды ауаның ластануына байланысты осал топтардың қатарына жатқызады. Өйткені, олардың тыныс алу жүйесі әлі толық қалыптаспаған. Бұған қоса, балалардың дене белсенділігі жоғары болғандықтан, физикалық жүктеме кезінде тыныс алуы жиілеп, ластаушы бөлшектердің өкпеге түсуі артуы мүмкін.
ДДҰ мәліметінше, ауадағы зиянды заттардың концентрациясы жоғары болған кезде дене белсенділігінің уақыты мен орнын өзгерту маңызды. Мысалы, қарқынды жаттығуларды ластану деңгейі төмен уақытқа ауыстыруға немесе ауа сүзгісі бар жабық ғимаратта өткізуге болады.
Ұйым мамандары ауа қатты ластанған кезде балалар мен денсаулығында созылмалы мәселелері бар адамдарға ашық ауада жүрмеуге кеңес береді.
Сонымен қатар, сабақтарды ғимарат ішінде өткізу де ауаның таза болуына кепілдік бермейді. Сырттағы ластанған ауа желдету жүйесі арқылы ішке енуі мүмкін. Сондықтан, оқу орындары ішкі ауа сапасын да бақылауы қажет.
Алматыда мектептер мен университеттерге қандай талап қойылған
Қазақстанда бұл мәселеге қатысты нақты жергілікті реттеу тетігі Алматы қаласында қарастырылған.
2025 жылғы 30 желтоқсанда Алматы қаласы мәслихаты «Атмосфералық ауаны қорғау қағидаларын» бекітті. Құжат 2026 жылғы 10 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді.
Қағидалардың 27-тармағында мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және қосымша білім беру ұйымдарына бірқатар шараларды орындау ұсынылған. Олардың қатарында ғимарат ішіндегі ауа сапасын мобильді датчиктер арқылы бақылау, желдету жүйелерін тексеру, сүзгілерді тазалау және ауыстыру, сондай-ақ ата-аналар мен оқушыларға ҚМЖ кезінде сақталуы тиіс қауіпсіздік шараларын түсіндіру бар.
Ал 28-тармақта қолайсыз метеорологиялық жағдай кезінде ашық ауада сабақтар, жаттығулар мен спорттық іс-шаралар өткізбеу, оқушылардың далада болу уақытын барынша қысқарту ұсынылған. Сондай-ақ, балалар мен оқушыларды бір реттік немесе қайта пайдалануға болатын бетперделермен қамтамасыз ету қарастырылған.
Бұл қағидалардың маңызды ерекшелігі – олар тек Алматы қаласының аумағында қолданылады. Сондықтан, аталған талаптарды Қазақстанның басқа қалаларындағы білім беру ұйымдарына тікелей қолдануға болмайды.
Университеттер де сабақтарды шектеуі керек пе?
Ауа ластануының әсері тек мектеп оқушыларымен шектелмейді. Колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері де ашық алаңдарда дене шынықтыру сабақтарына, спорттық жарыстарға және басқа да іс-шараларға қатысады.
ДДҰ ұсынымдарына сәйкес, ауа сапасы нашарлаған кезде физикалық белсенділікті толығымен тоқтатудың орнына оның уақытын, орнын және қарқындылығын өзгерту қажет. Мәселен, жүгіру, футбол және басқа да жаттығуларды уақытша жабық спорт залдарына ауыстыруға болады.
Бұл ретте оқу орындары ҚМЖ туралы ресми ескертулерді қадағалап, студенттер мен оқушылардың денсаулығына қатысты шағымдарға назар аударуы керек.
Ауа сапасы нашарлаған күндері дене шынықтыру сабақтарын спорт залдарына ауыстыру, балалардың далада болу уақытын қысқарту және оқу ғимараттарындағы желдету жүйесін бақылау – денсаулыққа төнетін ықтимал қауіпті азайтудың жолы. Балалар мен студенттердің денсаулығын қорғау тек ата-аналардың емес, білім беру ұйымдары мен жергілікті биліктің де назарында болуы тиіс.
Бұған дейін Қазақстанда Хэллоуинді мектептер мен университеттерде тойлау туралы жазған едік.