Республика деген не: мемлекеттер корольсіз басқаруды қалай үйренді?
25 қазанда Қазақстанда Республика күні атап өтіледі. Республика – билік монархиядағыдай мұрагерлікпен берілмейтін басқару түрі. Мұндай басқару жүйесінің алғашқы үлгілері ежелгі заманда пайда болған. Уақыт өте келе республика бүкіл әлемге таралды. Youth.kz алғашқы республикалардың қалай құрылғанын, олардың кейбірі неліктен империяға айналғанын және бір-бірінен қалай ерекшеленетінін түсіндіреді.
Республика деген не?
«Республика» сөзі латынның res publica деген тіркесінен шыққан. Ол «ортақ іс» деген мағынаны білдіреді.
Қазіргі республикада мемлекет басшысы билікке туғаннан берілетін құқық арқылы келмейді. Әдетте оны азаматтар немесе парламент сайлайды. Президенттің, үкіметтің және басқа да мемлекеттік органдардың өкілеттігі елдің басқару жүйесіне байланысты белгіленеді.
Алайда, республика деген ұғым әрдайым демократиямен бірдей емес. Стэнфорд философиялық энциклопедиясында түсіндірілгендей, республикалық басқару дәстүрі азаматтардың мемлекет ісіне қатысуы және биліктің озбырлығын шектеу идеяларымен байланысты. Дегенмен, тарихта республикалардың басқару жүйесі мен билікті бөлу тәртібі әртүрлі болған.
Ежелгі Рим
Дәстүрлі тарихи хронология бойынша, б.з.д. 509 жылы Рим тұрғындары соңғы патшаны тақтан тайдырып, республика құрды. Осыдан кейін мемлекетті бір адамның орнына лауазымды тұлғалар, сенат және халық жиналыстары басқара бастады.
Brittanica энциклопедиясының мәліметінше, Рим республикасы біртіндеп өз аумағын кеңейтіп, Жерорта теңізі аймағындағы ең ірі державалардың біріне айналды. Алайда, соғыстар мен билік үшін күрес саяси дағдарысқа әкелді. Әскери қолбасшылардың ықпалы артып, республикалық басқару институттары әлсірей бастады.
Азаматтық соғыстардан кейін Октавиан Август биліктің негізгі тетіктерін өз қолына шоғырландырды. Б.з.д. 27 жылы Рим империясының кезеңі басталды.
Венеция
Венеция республикасы бірнеше ғасыр бойы өмір сүріп, Еуропадағы ірі сауда орталықтарының біріне айналды. Мемлекетті дож басқарды. Оны күрделі сайлау тәртібі арқылы таңдаған. Маңызды шешімдерді ықпалды отбасылардың өкілдері басымдыққа ие болған кеңестер қабылдады.
Brittanica энциклопедиясының дерегіне сүйенсек, Венеция сауда мен теңіз қатынасының маңызды орталығына айналды. Бірақ, саяси билік ақсүйектердің шектеулі тобының қолында шоғырланды. 1797 жылы Наполеон бастаған француз әскері басып кіргеннен кейін Венеция республикасы жорйылды.
Нидерланд
XVI ғасырда Нидерландтың солтүстік провинциялары Испания королі Филипп II-нің билігіне қарсы көтеріліске шықты. 1581 жылы олар корольдің билігін ресми түрде мойындаудан бас тартты. Кейін бұл аумақта Біріккен провинциялар республикасын құрды.
Rijksmuseum музейінің мәліметінше, бұл республика Нидерланд тарихында маңызды орын алады. XVII ғасырда ел әлемдегі жетекші сауда және теңіз орталықтарының біріне айналды. Соған қарамастан, саяси биліктің басым бөлігі қалалардағы ықпалды топтар мен жекелеген провинциялардың басқару органдарының қолында қалды.
1795 жылы француз әскерлері республика аумағын басып алып, оның бұрынғы басқару жүйесін жойды.
АҚШ
1776 жылы Солтүстік Америкадағы Ұлыбританияға қарасты 13 отар өз тәуелсіздігін жариялады. Кейін 1787 жылы АҚШ Конституциясы қабылданды. Ол елдің федеративтік құрылымын және биліктің президент, Конгресс пен сот жүйесі арасында бөлінуін бекітті.
АҚШ Конгресінің кітапханасы мәліметінше, республикалық басқару жүйесі елдің құрылу тарихындағы негізгі мәселелердің бірі болды. Америкалық жүйе мемлекеттік органдардың бір-бірінің өкілеттігін шектеп отыруын көздеді. Ал азаматтар мемлекетті басқаруға өздері сайлаған өкілдер арқылы қатысуға мүмкіндік алды.
Алайда, бастапқы кезеңде саяси құқықтар баршаға бірдей берілген жоқ. Құлдық сақталды, ал әйелдердің дауыс беру құқығы болмады. Сайлау құқықтары уақыт өте келе біртіндеп кеңейді.
Франция
Француз революциясы 1789 жылы басталды. 1792 жылы монархия жойылып, республика жарияланды.
Brittanica энциклопедиясының дерегінше, революция елдің саяси жүйесін өзгертті. Сонымен қатар, халық егемендігі мен заң алдындағы теңдік идеяларының таралуына ықпал етті. Бірақ, жаңа басқару тәртібі билік үшін күреспен және жаппай қуғын-сүргінмен қатар жүрді.
1799 жылы Наполеон Бонапарт мемлекеттік төңкеріс нәтижесінде билікке келді. Ал 1804 жылы өзін император деп жариялады. Осылайша, Франция қайтадан империяға айналды. Кейін елдің басқару формасы тағы бірнеше рет өзгерді.
Қазақстан
1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Мемлекеттік егемендік туралы декларацияны қабылдады. Құжат республиканың дербестігіне негіз қалап, Қазақстанның тәуелсіздікке жету жолындағы маңызды кезеңдердің біріне айналды. Ал Қазақстан тәуелсіздігін 1991 жылғы 16 желтоқсанда жариялады.
Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларацияда республиканың мемлекеттік егемендігі мен дербестігіне қатысты қағидаттар бекітілді. Қазақстанның электрондық үкіметі мәліметіне сәйкес, 2022 жылы Республика күніне ұлттық мереке мәртебесі қайтарылды.
Сондықтан, 25 қазан Қазақстанның болашақ тәуелсіздігінің құқықтық негіздерін қалаған декларация қабылданған күн ретінде маңызды.
Қазіргі Қазақстанның мемлекеттік құрылымы Конституцияда бекітілген. Онда мемлекеттік билік органдарының өкілеттігі мен азаматтардың құқықтары айқындалған. Елдің негізгі заңына қандай өзгерістер енгізілгені туралы Youth.kz бұған дейін де жазған.