Жасанды интеллект кімдерді жұмыссыз қалдырады?
Соңғы уақытта жасанды интеллект технологияларының дамуымен кей мамандық иелерінің жұмыссыз қалатыны жиі айтылып жүр. Сарапшылар жақын болашақта жасанды интеллект 1 миллион қазақстандықты жұмыссыз қалдырып, кейбір мамандықтарды тіпті жояды деген болжам жасауда. Youtz.kz тілшісі осы тақырыпқа шолуды ұсынады.
Болашақта жасанды интеллект кейбір мамандықты ығыстырып, жаңа салалар пайда болатыны туралы жиі айтылады. Әйтсе де, жасанды жадтың адамды алмастыра алмайтын тұстары да бар. Сыни ойлау қабілеті мен шығармашылық қасиет тек тірі адамға тән.
Жойылу қаупі жоғары мамандықтар
Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаева болашақта жасанды интеллект әсерінен 14 мамандық толықтай жойылады деп мәлімдеді.
«Еңбек министрлігінің деректеріне сәйкес, 2035 жылға қарай Қазақстанда 562 мамандық немесе еңбек нарығының 44%-ы, шамамен төрт миллион адам жасанды интеллекттің әсерінен өзгеріске ұшырайды, 46 мамандық (362 мың адам немесе 4%) қысқарады, ал 14 мамандық, 49 мың адам жасап жүрген, толықтай жойылады», – деді депутат мәжілістегі 27 сәуірде өткен Үкімет сағатында.
Еспаеваның сөзіне қарағанда, жасанды интеллектпен экономиканың түрлі салаларының тоғысында жаңа мамандықтар қалыптасуда, оларға сұраныс алдағы жылдары арта түседі. Экономиканың негізгі секторларына ЖИ жедел енгізу жоғары білім беру жүйесінен цифрландыру және автоматтандыру жағдайында жұмыс істей алатын мамандарды даярлауды талап етеді.
Жасанды интеллект адамның жұмысын қалай алмастырады
Осыдан бірақ уақыт бұрын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жүргізген зерттеуіне сәйкес, Қазақстанда жасанды интеллект шамамен 1 млн адамның жұмысын алмастыруы мүмкін. Ол қаржы, ақпараттық технологиялар, ғылым және денсаулық секілді салаларда жұмыс істейтін мамандарға қатысты. Сондай-ақ Алматы, Астана және Шымкент қалаларында жұмыс істейтін азаматтар үшін мұндай тәуекел деңгейі жоғары деп бағаланып отыр.
Бұған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Анафин автоматтандыру және ЖИ технологиялар еңбек нарығын айтарлық өзгертетінін айтқан еді.
«Министрлік ЖИ-дің Қазақстандағы еңбек нарығына қалай әсер ететіні жөнінде зерттеу жүргізді. 423 кәсіп бойынша талдау жасалды. Анализ талдауына сәйкес, шамамен 25%, яғни 2,2 млн адамның жұмысы автоматтандырылуы мүмкін. Олардың ішінде 1 млн-нан астам адамның жұмысын ЖИ алмастыра алады», – деген еді вице-министр.
Сонымен бірге мамандар жақын уақытта жаппай жұмыссыздық болмайтынын айтады. Бұған елдегі еңбек құнының салыстырмалы түрде төмен болуы себеп, бұл автоматтандыру қарқынын баяулатуы мүмкін. Компаниялар жаңа технологияларды енгізбес бұрын оның экономикалық тиімділігін мұқият бағалайды.
Министрлік өкілдері Қазақстанда жұмыс орындарының басым бөлігі толық емес, тек ішінара автоматтандырылатынын айтады. Яғни, жасанды интеллект адамды толық алмастырмай, оның жұмысын жеңілдетіп, тиімділігін арттырады.
Бұл өзгерістер еңбек өнімділігінің өсуіне әкеліп, қызметкерлерге уақытын жаңа міндеттерге, шығармашылық пен инновация жұмсауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жаңа технологияларға байланысты жаңа мамандықтар да пайда болады.
Мамандардың айтуынша, ЖИ енгізу қаржы, логистика, өндіріс, клиенттерді қолдау және IT салаларындағы қайталанатын жұмыстарға әсер етеді. Бірақ жасанды интеллект адамды толық алмастыра алмайды, оны тиімді пайдалану үшін жоғары білікті мамандар қажет.
Бүгінгі таңда әлемдегі ірі компаниялар кадр саясатын жаңа технологиялар дәуіріне бейімдеп, қайта қарастыруда. IT саласының өзінде де оңтайландыру жүріп, кей бөлімдер қысқарып, фронт-офистер автоматтандырылып жатыр. Тіпті кей өнім әзірлейтін бөлімдердің жұмысы түбегейлі өзгеруде.
Алғашқылардың қатарында call-орталық операторлары тұр. Жасанды интеллект клиенттердің сұранысына жауап беріп қана қоймай, олардың эмоциясын талдап, соған сәйкес қарым-қатынас жасай алады. Ол әрдайым тұрақты, сыпайы әрі нақты жұмыс істейді, сондықтан компаниялар үшін тиімді.
Сондай-ақ жас заңгерлер мен заңгер көмекшілерінің жұмысы да өзгеріске ұшырауда. Қазіргі AI-құралдар құжаттарды жылдам талдап, қажетті құқықтық ақпаратты тез таба алады, тіпті арыз-шағым дайындауға көмектеседі.
Контент саласында да бәсеке күшейді. Жаңа буын копирайтерлер мен контент-менеджерлер үшін жасанды интеллект мәтін жазу, оны өңдеу және SEO-ға бейімдеу жұмыстарын бірнеше секундта орындай алады. Сондықтан бұл салада креатив пен сыни ойлау қабілеті маңызды болмақ.
Қаржы саласында тәжірибесі аз есепшілер мен аудиторлардың да жұмысы автоматтандырылып жатыр. Заманауи жүйелер қаржылық операцияларды тексеріп, қателерді тез анықтайды және есепті өздігінен дайындай алады.
Сонымен қатар техникалық және қарапайым мәтіндерді аударатын мамандарға да қауіп бар. Нейрондық желілер аударманы жоғары сапада және жылдам орындайды, әсіресе кең таралған тілдер арасында.
Жойылмайтын және жаңа мамандықтар
UX-дизайнерлер, копирайтерлер, мұғалімдер, маркетологтар мен HR мамандары толық жойылмайды. Алайда олардың жұмысы өзгереді. ЖИ көмекші құралға айналып, ал негізгі шешім қабылдау, креатив пен адамдармен жұмыс жасау міндеті адамда қалады.
Мысалы, мұғалімдер үшін ЖИ тек көмекші құрал болып, ал тірі қарым-қатынас пен мотивация беру рөлі бұрынғыдай маңызды болады. Сол сияқты маркетинг пен HR салаларында да адам факторын толық алмастыру мүмкін емес.
Жасанды интеллект дамуына байланысты жаңа кәсіптер де қалыптасып жатыр. Олардың қатарында AI-журналистер, ЖИ-контент кураторлары, prompt-инженерлер және киберқауіпсіздік мамандары бар.
Сонымен қатар, ЖИ кейбір мамандықтарды алмастырғанымен, жаңа жұмыс түрлеріне сұраныс артады. Атап айтқанда, дрон операторлары, робототехника саласының мамандары және киберқауіпсіздік бойынша сарапшыларға қажеттілік күшейеді.
Алдағы негізгі өзгерістер 5-10 жыл ішінде болады деп күтілуде. 2027-2030 жылдары автоматтандырудың шарықтау кезеңі болуы мүмкін. Осы уақытта киберқауіпсіздік, деректерді талдау, цифрлық маркетинг, ЖИ әзірлеу және оқыту бағыттарында жаңа жұмыс орындары көбейеді. Халықты жаңа дағдыларға бейімдеу мақсатында Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі түрлі оқыту бағдарламаларын іске қосқан.
Қазіргі жағдайда ең дұрыс жол – өзгеріске бейімделу. Жасанды интеллектпен бәсекелескеннен гөрі оны тиімді құрал ретінде қолдануды үйрену маңызды.
Сұраныс (prompt) құру, нәтижені тексеру, жүйені бейімдеу дағдыларын меңгеру керек. Сонымен қатар шығармашылық, сыни ойлау және эмоционалдық интеллектіні дамыту – болашақта сұранысқа ие болудың негізгі кепілі болады.
Қорыта айтқанда, ЖИ көптеген мамандықты өзгертеді, бірақ адам рөлін толық жоймайды, керісінше жаңа мүмкіндіктер ашады.