Неліктен студенттер университеттердегі мәселелер туралы ашық айтуға қорқады?
Ешкім үшін құпия емес: университетте қандай да бір мәселе туындаған жағдайда, әр студент оны ашық айтуға дайын емес. Бірі басшылық тарапынан қысым көруден қауіптенсе, енді бірі шәкіртақысынан айырылып қалудан немесе оқу барысында қиындықтарға тап болудан қорқады. Кейбірі жағдайды өзгерту бәрібір мүмкін емес деп есептеп, үнсіз қалуды жөн көреді.
Біз бірнеше қазақстандық университеттің студенттерімен сөйлесіп, олардың оқу орындарындағы мәселелер туралы не себепті ашық айта алмайтынын және университет ішінде өз пікірлерін қаншалықты еркін жеткізе алатынын анықтауға тырыстық.
Маңызды ескерту: студенттердің жеке басын қорғау мақсатында олардың есімдері жарияланбайды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ: әкімшіліктен қорқу және жүйеге деген сенімсіздік
ҚазҰУ студенттері мәселелер туралы ашық айтудан тартынудың негізгі себептері ретінде университет жүйесіне деген сенімсіздік пен ықтимал салдардан қорқуды атайды.
Студенттердің бірі университет ішіндегі кейбір институттарда сыбайлас жемқорлықтың болуы және дедовщина сияқты құбылыстардың кездесуі студенттер мен оқытушылардың өзгерістерге деген ынтасын төмендететінін айтады.
«Университеттің көптеген институттары, тіпті одан тыс мекемелер де сыбайлас жемқорлыққа белшесінен батқан жағдайда, студенттер мен оқытушылардың бір нәрсені өзгертуге деген қызығушылығы жоғалады. Жүйенің өзі өзгеріске мүдделі емес. Тіпті дедовщина сияқты құбылыстар көзге көрініп, белгілі болған күннің өзінде жағдай өзгермейді.
Бұл қарапайым естілетін шығар, бірақ студенттер айтқан сөзі немесе тіпті белгілі бір мәселені талқылағаны үшін әкімшіліктен қорқады. Өйткені кейін оның жағымсыз салдары болуы мүмкін деп қауіптенеді. Өкінішке қарай, мұндай қысым тек студенттерге емес, оқытушыларға да қатысты», – деп өте ауқымды жауабын берді.
Ал ҚазҰУ-дың тағы бір студенті қысымның нақты көріністеріне, атап айтқанда, шәкіртақыдан айыру немесе оқу барысында қосымша қиындықтар туғызу қаупіне назар аударады:
«Бәрі қарапайым: студенттерге оқытушылар мен жоғары лауазымды тұлғалар тарапынан қысым көрсетіледі. Шәкіртақыдан айыратынын немесе жазғы семестрге қалдыратынын айтып қорқытады. Сондықтан студенттер әділетсіздікке тап болса да, үндемеуге мәжбүр», – деп өте өткір мәселені көтерді.
Яғни, студент университетті өз сыни пікірін қауіпсіз жеткізе алатын орта ретінде қабылдамайды. Әділетсіздікті өзгертуге деген ниеттен гөрі, ықтимал зардаптардан қорқу басым түседі.
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті (ЖенПУ): әлеуметтік желілердегі бақылау
ЖенПУ студенті мәселенің басқа қырына – әлеуметтік желілердегі студенттер жарияланымдарының бақылануына назар аударады. Оның айтуынша, тіпті елеулі заңбұзушылыққа қатысы жоқ күнделікті жағдайларды жариялаудың өзі алаңдаушылық тудыруы мүмкін. Ол шәкіртақы карталарын тарату кезінде болған жағдайды еске алады. Ұйымдастыру жұмыстарының дұрыс жолға қойылмауы салдарынан дәлізде 15-20 минутқа созылған кептеліс пен қарбалас пайда болған. Осы жағдайды видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жариялаған студентке жазбаны өшіру туралы талап қойылған.
«Бізде TikTok пен Instagram Reels-тегі кез келген жарияланымды бақылап отырады. Бірде шәкіртақы карталарын тарату кезінде тәртіп дұрыс ұйымдастырылмағандықтан, дәлізде кептеліс пайда болды. Біреу сол жағдайды видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жариялағаннан кейін, жазбаны өшіруді талап еткен. Тіпті университеттің чаттарында сол видеоны жариялаған қызды іздеген», – деп ЖенПУ студенті наразылығын білдірді.
Студенттің айтуынша, осындай жағдайлардан кейін университет әкімшілігі жарияланым авторын арнайы бақылауға алуы мүмкін деген қорқыныш қалыптасады.
«Мұндай нәрселерге қатты мән берілген соң, еріксіз уайымдайсың: артыңнан түсіп, қысым көрсете ме деп. Ақырында, университетті тыныш қана бітіріп кетейік, өзімізге артық мәселе тудырмайық деп ойлайсың. Егер аса маңызды проблема болмаса, көпшілігі үндемей қалуды жөн көреді», – деп өзінің мұнын да білдірді.
Сонымен қатар студент университет туралы Threads желісінде жағымсыз пікір жарияланғаннан кейін болған тағы бір жағдайды айтады. Оның сөзінше, сол кезде студенттерге университетті сынаған пікірлерге жауап ретінде оң мазмұндағы жазбалар жариялау тапсырылған:
«Бірде дәлізден өтіп бара жатып: «Болды, апай, он қызға Threads-ке жазба жазуды тапсырдым», – деген сөзді естідім. Сол сәтте Threads желісінде университетіміз туралы жағымсыз пікір жарияланған еді. Одан кейін студенттер мен университет белсенділері сынға жауап ретінде пікірлер жаза бастады», – деген ойы да айтылды.
Егер жария сын университет үшін дереу жауап беруді қажет ететін мәселе ретінде қабылданса, студенттердің ашық пікір айту мүмкіндігі қаншалықты сақталады?
Narxoz University: жария сынның орнына басшылыққа тікелей жүгіну
Narxoz University студенті мәселелерді шешудің басқа тәсілі туралы айтады. Оның сөзінше, студенттерге университет мәселелерін Threads желісінде жарияламауға, оның орнына тікелей басшылыққа, соның ішінде ректордың электрондық поштасына хат жазуға кеңес беріледі.
Сонымен қатар ол студенттердің өтініштерінен кейін жүзеге асқан өзгерістерді мысалға келтіреді:
«Бізге Threads-ке жазбаңдар, оның орнына тікелей жүгініңдер, мысалы, ректордың электрондық поштасына хат жазыңдар деп айтады. Мысал ретінде университетте жүзеге асқан өзгерістерді келтіреді. Мәселен, екінші лифт орнатылды. Бұрын әйелдер дәретханаларында айна болмаған, кейін оларды қойды. Жатақханада Wi-Fi болмаған, кейін интернет жүргізілді. Сондай-ақ оқу жоспарындағы қайталанатын пәндер алынып тасталғанын айтады», – деп әңгімемізді аяқтады.
Үнсіздік – біздің жүйеміздің дерті
Біз қандай ойға келеміз? Ойға бірінші келетіні - өзгергісі келмейтін жүйе және бұған не істерін білмей, қорқып қалған студенттер.
Реформалар мен өзгерістер қажет, себебі жастар – біздің болашағымыз және мемлекеттің тірегі. Ал егер олар өз ойларын білдіруден қорқатын болса, онда біз азаматтық қоғамды қалай құрамыз?
Бұған дейін заңгер Азиза Мұқашева Youth.kz сайтына берген эксклюзивті түсініктемесінде студенттерге қолжетімді қорғаныс құралдарын түсіндірген болатын.