Жастар неге тез мансап жасауға ұмтылмайды?

Халықаралық Deloitte компаниясы 44 елдегі зумерлер мен миллениалдардың жұмыс, ақша, мансап және болашақ туралы ойларын зерттеді. Сауалнамаға 22,5 мыңнан астам адам қатысқан. Бұл зерттеу 15 жылдан бері жүргізіліп келеді. Зерттеу нәтижесі жастардың көпшілігі үшін тез қызметтік өсуден гөрі тұрақты жұмыс, қаржылық жағдай және жеке өмірдің маңызы жоғары екенін көрсетті.

Deloitte зерттеуінде зумерлер мен миллениалдардың пікірі зерттелген. Қарапайым тілмен айтқанда, зумерлер – интернет, смартфон және әлеуметтік желілермен бірге өскен жас буын. Ал миллениалдар – олардан ересек буын.

Зерттеуде олардың жұмысқа көзқарасы ғана емес, ақша, баспана, мансап, жеке өмір және жасанды интеллект туралы пікірі де сұралған.

Ақша жоспарларға әсер етеді

Зерттеуге қатысқан зумерлердің 55%-ы, ал миллениалдардың 52%-ы ақша жағдайына байланысты маңызды шешімдерін кейінге қалдырғанын айтқан.

Олардың арасында үйлену, отбасы құру, кәсіп бастау және білімін жалғастыру сияқты жоспарлар бар. Яғни, қаржының жетіспеуі олардың күнделікті өміріне ғана емес, болашақ жоспарына да әсер етіп отыр.

Баспана да маңызды мәселе

Зумерлер мен миллениалдардың көпшілігі үйдің бағасы мен қолжетімділігі жұмысқа қатысты шешімдеріне әсер ететінін айтқан.

Мысалы, баспананың қымбат болуы адамның қай қалада тұратынына, қай жерде жұмыс істейтініне немесе жұмысын ауыстыруына әсер етуі мүмкін.

Осылайша баспана мәселесі жастарға жұмыс пен өмір салтын таңдауға да әсер ететін факторға айналып отыр.

Жылдам мансап жасауға бәрі бірдей ұмтылмайды

Зумерлердің 25%-ы, ал миллениалдардың 21%-ы қызметте тез көтеріліп, жылдам мансап жасағысы келетінін айтқан.

Ал көпшілігі мансапта біртіндеп өскенді жөн көреді. Кейбірі жаңа тәжірибе жинау үшін басқа қызметке ауысуға да дайын.

Бұл олардың мансапқа қызықпайтынын білдірмейді. Олар үшін бірден жоғары қызметке көтерілгеннен гөрі, тәжірибе жинап, тұрақты түрде дамыған маңызды.

Басшылық қызметке де асықпайды

Сауалнамаға қатысқан зумерлер мен миллениалдардың небәрі 6%-ы басшылық қызметке жетуді негізгі мақсаты ретінде атаған.

Бұл олардың басшы болғысы келмейтінін білдірмейді. Жоғары қызметпен бірге жауапкершілік те артады.

Сондықтан, респонденттер үшін жұмыс пен жеке өмірдің тепе-теңдігін сақтау да маңызды.

Жасанды интеллектіні жұмыста қолданады

Зерттеуде жасанды интеллект мәселесіне де ерекше назар аударылған. Зумерлер мен миллениалдардың 74%-ы күнделікті жұмысында AI құралдарын қолданатынын айтқан.

Олар жасанды интеллектіні жұмысты жеңілдететін құрал ретінде қабылдайды. AI уақытты үнемдеуге, жаңа нәрсе үйренуге және жұмысқа қажетті дағдыларды дамытуға көмектесуі мүмкін.

Қызметкерлер AI-ға компаниялардан жылдамырақ бейімделіп жатыр

Зерттеу бойынша, көптеген қызметкер жасанды интеллектіні өз компанияларына қарағанда жылдамырақ қолдана бастағанын сезінеді. Яғни, қызметкерлер жаңа технологияны жұмысында пайдаланып жүр. Ал кейбір ұйымдар AI-ды енгізуге әлі толық дайын емес.

Бұл компаниялар мен қызметкерлердің жаңа технологияға бейімделу жылдамдығы бірдей емес екенін көрсетеді.

Жастар үшін ең маңыздысы – тұрақтылық

Deloitte зерттеуінің жалпы нәтижесі зумерлер мен миллениалдардың дамудан бас тартпайтынын көрсетеді. Бірақ, олар мансапта өздеріне қолайлы қарқынмен өскісі келеді.

Олар үшін жақсы жұмыс тек жоғары жалақы немесе тез қызмет өсуі емес. Тұрақты табыс, баспана, жеке өмірге уақыт және жаңа дағдыларды үйрену де маңызды.

Яғни, қазіргі жастар үшін басты мақсат – тез арада жоғары қызметке жету емес, жұмыс пен жеке өмірді қатар алып жүруге мүмкіндік беретін тұрақтылық қажет.

Айта кетейік, бұған дейін Youth.kz Қазақстан жастарының саясатқа көзқарасы туралы зерттеуді жариялаған еді. 

Сондай-ақ оқыңыз


Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз