Жасанды интеллект еңбек нарығын қалай өзгертеді: зерттеу жарияланды

Жасанды интеллект еңбек нарығына әсер етіп, адамдардың жұмысқа деген көзқарасын өзгертіп жатыр. CNBC мен SurveyMonkey сауалнамасы студенттер мен қызметкерлердің AI-дың болашағына қатысты алаңдаушылығы бар екенін көрсетті. Зерттеу АҚШ-та 2026 жылы мамырда жүргізілген. 

CNBC – АҚШ-тағы экономика, бизнес, қаржы және технология тақырыптарын жазатын ірі ақпараттық телеарна әрі жаңалықтар сайты. Толық атауы – Consumer News and Business Channel.

SurveyMonkey – сауалнама және зерттеу жүргізуге арналған онлайн платформа. Ұйымдар мен компаниялар осы сервис арқылы адамдардың пікірін жинап, нәтижесін талдайды.

Сондықтан, CNBC мен SurveyMonkey сауалнамасы дегеніміз  – қоғамдық пікір зерттеуі. Бұл жағдайда жасанды интеллекттің жұмыс орындарына, еңбек нарығына және студенттердің мамандық таңдауына әсері зерделенген.

Жастар жұмыс табуға алаңдайды

Сауалнамаға қатысқан студенттердің 67%-ы қазіргі еңбек нарығын «орташа» немесе «нашар» деп бағалаған. Қызметкерлер арасында бұл көрсеткіш 51% болған.

Студенттердің 56%-ы жасанды интеллект еңбек нарығына деген пессимизмін күшейткенін айтқан. Қызметкерлер арасында бұл көрсеткіш 39%-ды құрады.

Қызметкерлердің пікірінше, жұмыс орнындағы қауіпсіздікке ең көп әсер ететін фактор – экономика. Респонденттердің 42%-ы осыны негізгі қауіп деп атаған. 17%-ы жасанды интеллектке, ал 16%-ы компанияларды басқарудың нашарлығына алаңдайтынын айтқан.

Жасанды интеллект әсіресе жас мамандарға әсер етуі мүмкін

Сауалнамаға қатысқан қызметкерлердің 53%-ы, ал студенттердің 65%-ы жасанды интеллект бастапқы деңгейдегі жұмыс орындарының азаюына әкелуі мүмкін деп есептейді.

Респонденттердің пікірінше, AI-дың әсеріне ең көп ұшырайтындар – еңбек жолын енді бастаған мамандар. Мұндай пікірді қызметкерлердің 57%-ы және студенттердің 68%-ы білдірген.

Орта буындағы мамандарды тәуекел тобына жатқызғандар – 46%, ал жоғары деңгейдегі қызметкерлерді атағандар – 29% құрады.

Студенттер мамандығын өзгерту туралы ойлана бастаған

Жасанды интеллекттің дамуы кей студенттердің болашақ мамандығына деген көзқарасына да әсер етіп жатыр. Сауалнамаға қатысқан студенттердің 39%-ы AI-ға байланысты оқу бағытын өзгерту туралы ойлаған. Олардың 10%-ы мамандығын өзгерткен, ал 29%-ы бұл туралы әлі ойлану үстінде.

Сонымен қатар, студенттердің 36%-ы болашақ жұмыс саласын, 37%-ы жұмыс түрін, 49%-ы қандай дағдыларды меңгеру керегін қайта қарастырған.

Көпшілік жасанды интеллекті қолданудың шектелгенін қалайды

Студенттердің 72%-ы жасанды интеллектті кем дегенде бір рет қолданудан бас тартқанын айтқан. Олардың арасында AI-дың жеке мәліметтер қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылық – 37%, оның жұмысының дұрыстығына немесе пайдасына күмән – 37%, моральдық және этикалық мәселелер – 36%, қоршаған ортаға әсері – 36% болған.

Қызметкерлердің 57%-ы, студенттердің 64%-ы компаниялар жас мамандардың AI қолдануына белгілі бір шектеу қоюы керек деп санайды.

Ал қызметкерлердің 70%-ы жасанды интеллектті қолдану міндетті емес, адамның өз таңдауы болғанын қалайды. 22%-ы компаниялар AI қолдануға толық тыйым салуы керек деп есептейді. 8%-ы керісінше AI қолдану міндетті болғанын қолдайды.

AI жұмыс өнімділігін арттырып жатыр

Соған қарамастан, жасанды интеллектті тұрақты қолданатындардың көбі оның пайдасын көріп отыр.

Сауалнамаға қатысқан тұрақты AI пайдаланушыларының 73%-ы технология жұмыс өнімділігін арттырғанын айтқан. 68%-ы AI уақытты үнемдеуге көмектесетінін атап өткен.

Қазір тұрақты AI қолданушылардың шамамен үштен бірі өз жұмысындағы міндеттердің 25%-дан астамын жасанды интеллект арқылы орындайды.

Сонымен қатар, қызметкерлердің 55%-ы болашақта AI олардың жұмысының кем дегенде бір бөлігін адаммен бірдей деңгейде орындай алады деп есептейді. 28%-ы жасанды интеллект олардың жұмысының кемінде 25%-ын алмастыруы мүмкін деп ойлайды.

Студенттер жасанды интеллекті жұмыс іздеуде де пайдаланады

Жастар жасанды интеллектті тек оқу үшін емес, жұмыс іздеу кезінде де қолдана бастаған.

Сауалнама бойынша студенттердің:

  • 34%-ы түйіндеме жасауға;
  • 31%-ы ынталандыратын хат жазуға;
  • 24%-ы компания туралы ақпарат іздеуге;
  • 24%-ы жұмыс орындарын іздеуге;
  • 24%-ы сұхбатқа дайындалуға;
  • 9%-ы жұмысқа қабылдау тапсырмаларын орындауға AI қолданады.

Студенттер болашақта ең маңызды дағдылардың қатарына сыни ойлау мен мәселе шешуді (46%), шығармашылықты (43%), коммуникацияны (40%) және AI құралдарын қолдануды (30%) жатқызған.

Жоғары білімнің құндылығы туралы пікір өзгеріп жатыр

Студенттердің 62%-ы жасанды интеллект жоғары білім алудың бұрынғы құндылығын төмендетті деп есептейді.

Шамамен жартысы жоғары оқу орындарында AI бойынша арнайы пәндер болуы керек деп санайды. Олардың 24%-ы мұндай пән барлық студент үшін міндетті болуы керек десе, 31%-ы оны тек кейбір мамандықтарда оқыту қажет деп есептейді.

Осылайша, сауалнама нәтижесі жасанды интеллекттің еңбек нарығына әсері қазірдің өзінде байқала бастағанын көрсетеді. Бір жағынан, адамдар жұмыс орындарының өзгеруіне алаңдаса, екінші жағынан, AI уақытты үнемдеп, жұмыс өнімділігін арттыруға мүмкіндік беріп отыр.

Айта кетейік, бұған дейін жасанды интеллект кімдерді жұмыссыз қалдыратынын жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз


Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз