Қазақстанда Хэллоуинді тойлауға бола ма?
Қазан айының соңында Қазақстандағы мектептер мен университеттерде Хэллоуин мерекесіне арналған костюм кештерін өткізу мәселесі жиі талқыланады. Кейбір оқу орындары тақырыптық іс-шаралар ұйымдастырса, енді біреулері оған шектеу қояды немесе өткізуге рұқсат бермейді. Бірақ білім беру ұйымдарының әкімшілігі мұндай кештерге тыйым сала ала ма? Қазақстан заңнамасында бұл жөнінде не айтылған? Youth.kz осы мәселені зерделеп көрді.
Қазақстанда Хэллоуинге заңмен тыйым салынған ба?
Қазақстан заңнамасында Хэллоуин мерекесін атап өтуге жалпыұлттық тыйым салатын норма жоқ. Костюм кешін өткізу заң бұзушылық болып саналмайды. Алайда, оқушылар мен студенттер оқу орнының аумағында кез келген іс-шараны әкімшілікпен келіспей өткізе алмайды.
Білім беру ұйымдары ішкі тәртіп қағидаларын белгілеп, оқу процесіне, білім алушылардың сыртқы келбетіне, сабақтан тыс іс-шараларға және қауіпсіздік талаптарына қатысты ережелер енгізеді. Бұл жөнінде Оқу-ағарту министрінің 2024 жылғы 28 тамыздағы №227 бұйрығымен бекітілген Білім беру ұйымдарының ішкі тәртіптемесінің үлгілік қағидаларында айтылған.
Сондықтан, тақырыптық кеш өткізуге қатысты шешім іс-шараның форматына, өтетін орнына және нақты оқу орнында қолданыстағы ішкі ережелерге байланысты қабылданады.
Мектептер Хэллоуин костюмдеріне тыйым сала ала ма?
Қазақстан мектептерінде білім алушылардың киім үлгісіне қойылатын талаптар бар. Орта білім беру ұйымдарының оқушылары мектеп формасына қатысты белгіленген талаптарды сақтауға міндетті.
Осыған байланысты мектеп әкімшілігі оқушылардың сыртқы келбетін және іс-шараларды өткізу тәртібін реттейді. Мысалы, егер Хэллоуин кешіне байланысты оқушылардың сабаққа мектеп формасының орнына түрлі костюм киіп келуі жоспарланса, әкімшілік қолданыстағы талаптарды сақтауды міндеттей алады.
Мысалы, мектеп сабаққа бетперде, грим немесе белгіленген киім үлгісіне сәйкес келмейтін костюммен келуге рұқсат бермеуі мүмкін. Бірақ, бұл барлық жағдайда тақырыптық іс-шара өткізуге заңмен тыйым салынған денген сөз емес.
Университеттер Хэллоуин кешін өткізуге рұқсат бермеуі мүмкін бе?
Жоғары оқу орындарындағы жағдай мектептерден өзгеше. Студенттер университеттің ішкі тәртіп қағидаларын, қауіпсіздік талаптарын және ғимараттарды пайдалану ережелерін сақтауға міндетті.
Егер студенттік клуб немесе жастар тобы университет аумағында Хэллоуин кешін өткізуді жоспарласа, іс-шараны әкімшілікпен алдын ала келіседі. Әсіресе акт залын, жатақхананы немесе басқа да ортақ кеңістіктерді пайдалану жоспарланса, студенттер алдын ала рұқсат сұрайды.
Егер іс-шара университеттің ішкі ережелеріне қайшы келсе, қауіпсіздік талаптары сақталмаса немесе ғимаратты пайдалану тәртібі бұзылса, әкімшілік оны өткізуге рұқсат бермеуі мүмкін.
Қазақстанда «Хэллоуин шетелдік мереке» деген сөздер жиі айтылады. Бірақ, бұл Қазақстандағы барлық университетте оны өткізуге тыйым салынған дегенді білдірмейді.
Әкімшілік мерекеге тыйым салса, не істеу керек?
Егер мектеп немесе университет әкімшілігі костюм кешін өткізуге рұқсат бермесе, ең алдымен шешімнің себебін сұрау керек.
Оқушылар мен студенттер әкімшіліктен тыйымның қандай ішкі ережеге немесе нормативтік құжатқа негізделгенін түсіндіруді сұрай алады. Сондай-ақ, іс-шараға толық тыйым салынғанын немесе тек белгілі бір киім үлгісіне, өткізу уақытына не қауіпсіздік талаптарына қатысты шектеу қойылғанын да нақтылау керек.
Қазақстанда Хэллоуинді атап өтуге жалпыұлттық заңнамалық тыйым жоқ. Алайда, мектептер мен университеттер өз аумағында өтетін костюм кештеріне ішкі тәртіп, киім үлгісі, оқу процесі және қауіпсіздік талаптары аясында шектеу қоя алады. Сондықтан, әр жағдайда нақты нені шектегенін білу керек.
Жалпы Хэллоуин мерекесіне қатысы қазақ қоғамының пікірі екіге бөлінген. Бір топ оны шығармашылық еркіндіктің көрінісі десе, екінші топ батыс мәдениетінің сарқыншағы деп, ұлттық құндылыққа, қазақ тәрбиесіне жат дүние санайды. Дегенмен, бұл мереке біздің де қоғамға еніп, тойланып келеді. Жезтырнақ, көнаяқ, алтабасты, жалмауыз, пері секілді образдар осы мереке арқылы жаңғырған ертегі кейіпкерлері. Осы образда киінген қазақстандық студенттер Хэллоуинді өзіндік сипатта атап өтеді.
Бұған дейін неге «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» күні ұлттық мерекеге айналмағанын жазған едік.