Қазақстандықтар енді зейнетақы жинағын 100% сенімгерлік басқаруға бере алады

Енді әрбір БЖЗҚ салымшысы енді өзінің зейнетақы жинақтарының 100%-ын сенімгерлік басқаруға басқарушы компанияларға бере алады. Мемлекет басшысы тиісті заңға қол қойды.  Өзгерісті бұрынғы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов түсіндірді.

Аймағамбетовтың айтуынша, енді әр адам өз зейнетақысын кімге басқарту керектігін, жақсы табыс әкелуі үшін қалай инвестиция жасау қажеттігін өзі шешеді.

«Зейнетақы жинағын енді 100% өзіңіз басқара аласыз. Кеше Сенат біздің бастамамызбен енгізілген норманы мақұлдады. Енді әр адам өз зейнетақысын кімге басқарту керектігін, жақсы табыс әкелуі үшін қалай инвестиция жасау қажеттігін өзі шешеді. Жинақталған ақшаңызды бұрынғыдай Ұлттық банктің басқаруында қалдыруға немесе қаражатыңыздың 100%-ын арнайы қаржы компанияларына басқаруға беруге болады», – дейді ол.

Бұл не үшін керек?

Бұрынғы депутат басқарушы компаниялар бәсекелестік ортада ақшаңызды табысы әлдеқайда көбірек басқа бағыттарға салып, көбейтіп беруі мүмкін екенін айтады.

«Қазір ай сайын аударатын 10% зейнетақы жинағымызды Ұлттық банк басқарады, яғни инвестициялайды. Олар ақшаны көбінесе сенімді, бірақ табысы аздау мемлекеттік жобаларға, Қаржы министрлігінің бағалы қағаздарына салады (Ұлттық банк жалпы алғанда жақсы жұмыс істеп жатқанын ерекше атап өткім келеді). Ал арнайы басқарушы компаниялар бәсекелестік ортада ақшаңызды табысы әлдеқайда көбірек басқа бағыттарға салып, көбейтіп беруі мүмкін», – дейді Аймағамбетов.

Жаңа заң сізге не береді?

Қазіргі таңда қазақстандықтар жеке басқарушыларға тек 50% жинақты ғана бере алады. Енді бұл шектеу алынып тасталады. Жаңа заң қазақстандықтарға толық еркіндік береді. 

«Толық еркіндік. Бұрын жинақтың тек 50%-ын ғана арнайы компанияларға басқаруға беруге рұқсат еді. Енді бұл шектеу жоқ. Барлық ақшаңызды кімге сеніп тапсыратыныңызды тек өзіңіз шешесіз. Яғни, арнайы өтініш жазып, қаражатыңызды басқаратын және оны инвестициялайтын ұйымды өзіңіз анықтайсыз», – дейді сарапшы.

Табысты көбейту мүмкіндігі де енді кеңейеді

Қазақстандықтар жинақтарын қандай стратегиямен инвестициялайтынын, оның қалай жұмыс істейтінін енді өзі таңдайды. 

«Мысалы, жинақталған 5 млн теңгеңіз болса, оның бір бөлігін кірісі көп, тәуекелі де көп стратегиямен, екінші бөлігін кірісі орташа, бірақ тәуекелі де орташа, ал қалғанын өте сенімді (табысы аз болса да, тұрақты) бағытқа бөліп салуға болады. Осындай тетікті де ұсындық», – дейді ол.

Ақшам күйіп кетпей ме дейтіндерге бұрынғы мәжілісмен алаңдаудың қажеті жоқтығын айтты.

«Заң бойынша, басқарушы компаниялар сіздің берген негізгі сомаңыздың ешқайда жоғалмауына толық кепілдік береді. Оның үстіне, олардың жұмысын Ұлттық банк пен мемлекет қатаң қадағалап отырады», – дейді Аймағамбетов.

Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз