Қазақстанда пайда болған жаңа мамандықтар

Жаппай цифрландыру процесі енгізілгелі Қазақстанда жаңа дағдылар мен салалар бойынша бүгінгі таңда бірқатар мамандық пайда болып, кейбірі жойылып барады. Youth.kz еңбек нарығына шолу жасап көрді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі LS басылымына берген мәліметінде жасанды интеллекттің еңбек нарығына ықпалы артатынын мәлімдеген. Ведомствоның мәліметінше, Дүниежүзілік экономикалық форум бағалауына сәйкес, жасанды интеллект әлем бойынша 170 миллионға дейін жаңа жұмыс орнын құруға ықпал етуі мүмкін. Сонымен қатар әлемдік жұмыс күшінің шамамен жартысын ауқымды түрде қайта даярлау қажет болады. Ең сұранысқа ие мамандар қатарында жасанды интеллект пен машиналық оқыту саласының мамандары тұр. Сондай-ақ деректерді талдаушылар мен ақпараттық қауіпсіздік саласының мамандары да алдыңғы орындарда.

Қазақстанда 2035 жылға қарай 33 жаңа мамандықтың пайда болуы күтілуде. Бұл шамамен 80 мың адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.

Министрліктің дерегіне сәйкес, бүгінде жасанды интеллект саласындағы мамандарға сұраныс артып келеді. Мысалы, елімізде ML-инженерлер, Data Scientist мамандары, роботтандырылған процестерді әзірлеушілер (RPA), AI Trainer және басқа да жаңа кәсіп иелері пайда болды.

Ведомствоның мәліметінше, қазіргі кезде өзгерістер негізінен IT саласында байқалғанымен, алдағы жылдары бұл үрдіс экономиканың басқа да салаларына таралады.

«Цифрландыру мен жасанды интеллекттің әртүрлі салаларында жаңа мамандықтар пайда болады. Мысалы, компьютерлік көру инженері, цифрлық мұнай кен орнының инженері, білім беру саласындағы AI маманы, медициналық деректер бойынша AI-талдаушы, геоақпараттық AI-талдаушы, құрылыс жобаларының BIM/AI-менеджері, агротехнология маманы және тағы басқалар», – дейді Еңбек министрлігі.

Жұмыссыз қалу қаупі бар ма?

Министрлік жасанды интеллектті енгізуге байланысты жұмыссыздықтың жүйелі түрде өсуі күтілмейтінін мәлімдеді.

Ведомствоның түсіндіруінше, жұмыс күшінің ең үлкен бөлігі – 4,8 миллион адам (52%) жасанды интеллекттің ықпалына ұшырамайтын топқа жатады. Ал 4 миллион маман (44%) өз міндеттерін жаңа цифрлық құралдар мен жасанды интеллект технологияларын пайдалана отырып орындайтын болады.

Сонымен қатар осы екі топта да жұмыспен қамтылғандар санының артуы күтіледі.

Жалпы алғанда, 2035 жылға қарай Қазақстандағы жұмыспен қамтылғандардың саны шамамен 9,2 миллионнан 10,7 миллион адамға дейін өседі. Осылайша, шамамен 1,5 миллион жаңа жұмыс орны құрылады.

Министрлік негізгі қауіп жұмыс орындарының қысқаруында емес, қызметкерлердің жаңа еңбек нарығы талаптарына сәйкес келетін дағдыларға ие болмауынан туындайтынын айтады. Кейбір мамандар жаңа технологияларға бейімделу кезеңінде қиындықтарға тап болуы мүмкін.

Қауіп тобы

Министрліктің мәліметінше, ең осал топ – 15 пен 24 жас аралығындағы жастар.

Олардың 24%-ы қауіп тобында, өйткені көбіне еңбек жолын бастапқы деңгейдегі қарапайым қызметтерден бастайды.

Жасанды интеллект ең көп ықпал ететін жұмыс орындарында еңбек ететіндердің 20%-ын 24 жасқа дейінгі жастар құрайды. Қауіп-қатерді азайту үшін жастарға қысқа мерзімді кәсіптік оқыту бағдарламалары ұйымдастырылады. Бұл бағдарламалар қайта даярлау мен біліктілікті арттыруды қамтиды. Министрлік мұндай шаралар жастардың еңбек нарығындағы өзгерістерге тез бейімделуіне және сұранысқа ие дағдыларды меңгеруіне мүмкіндік береді деп есептейді.

Сондай-ақ субсидияланатын жұмыс орындарының саны көбейтіледі. Оның ішінде алғашқы еңбек тәжірибесін алуға және мамандықта орнығуға мүмкіндік беретін «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы да бар.

Әлемдегі жағдай

Халықаралық еңбек ұйымы (ХЕҰ) мен NASK жүргізген зерттеуге сәйкес, 106 мамандық бойынша шамамен 1,1 миллион жұмыс орны (9 миллионнан астам жұмыспен қамтылған адамның 12%-ы) жасанды интеллекттің айтарлықтай немесе өте жоғары әсеріне ұшырайтын санатқа жатады.

Жасанды интеллекттің ықпалына ең көп ұшырайтындар – әкімшілік қызметкерлер мен жоғары білікті мамандар. Олардың қатарына:

  • кеңсе қызметкерлері;
  • қаржы талдаушылары;
  • жарнама және ілгерілету саласының мамандары;
  • сату мамандары;
  • іс жүргізу қызметкерлері;
  • мәтін өңдеушілер мен терушілер;
  • деректерді енгізу операторлары;
  • корректорлар;
  • көшіріп жазушылар және басқа да қызметкерлер кіреді.

Яғни, бұл мамандар жойылуы мүмкін.Дегенмен, министрлік жасанды интеллект адамның орнын толық баспайтынын, керісінше оның жұмысын толықтырып, еңбек өнімділігін арттыратынын айтады. Көптеген қайталанатын және зияткерлік міндеттер цифрлық жүйелерге жүктеледі. Ал адамның рөлі күрделі талдау жасауға, деректерді түсіндіруге және шешім қабылдауға қарай ауысады.

Ведомство технологиялық прогресс еңбек нарығының құрылымын үнемі өзгертіп отыратынын еске салды. Соңғы ондаған жыл ішінде толықтай жойылып кеткен мамандықтар өте аз. Мысалы, бұрын көшелердегі газ шамдарын жағатын шам жағушылар немесе қолмен басқарылатын лифт машинистері болған, қазір олар жойылып кетті.

«Соған қарамастан, жасанды интеллекттің, роботтандырудың және заттар интернетінің (IoT) дамуы нәтижесінде колл-орталық операторлары, есептегіш бақылаушылары, инкассатор-жүргізушілер, курьерлер, жүргізушілер және басқа да кейбір мамандықтарға сұраныс төмендеуі мүмкін. Алайда осы технологиялардың дамуы жаңа қызмет түрлерінің пайда болуына және жаңа жұмыс орындарының құрылуына да ықпал етеді», – дейді министрлік.

Жойылмайтын және жаңа мамандықтар

UX-дизайнерлер, копирайтерлер, мұғалімдер, маркетологтар мен HR мамандары толық жойылмайды. Алайда олардың жұмысы өзгереді.  ЖИ көмекші құралға айналып, ал негізгі шешім қабылдау, креатив пен адамдармен жұмыс жасау міндеті адамда қалады.

Мысалы, мұғалімдер үшін ЖИ тек көмекші құрал болып, ал тірі қарым-қатынас пен мотивация беру рөлі бұрынғыдай маңызды болады. Сол сияқты маркетинг пен HR салаларында да адам факторын толық алмастыру мүмкін емес.   

Жасанды интеллект дамуына байланысты жаңа кәсіптер де пайда болған. Олардың қатарында AI-журналистер, ЖИ-контент кураторлары, prompt-инженерлер және киберқауіпсіздік мамандары бар.

Сонымен қатар, ЖИ кейбір мамандықтарды алмастырғанымен, жаңа жұмыс түрлеріне сұраныс артады. Атап айтқанда, дрон операторлары, робототехника саласының мамандары және киберқауіпсіздік бойынша сарапшыларға қажеттілік күшейеді.

Алдағы негізгі өзгерістер 5-10 жыл ішінде болады деп күтілуде. 2027-2030 жылдары автоматтандырудың шарықтау кезеңі болуы мүмкін. Осы уақытта киберқауіпсіздік, деректерді талдау, цифрлық маркетинг, ЖИ әзірлеу және оқыту бағыттарында жаңа жұмыс орындары көбейеді. Халықты жаңа дағдыларға бейімдеу мақсатында Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі түрлі оқыту бағдарламаларын іске қосқан.

Қазіргі жағдайда ең дұрыс жол – өзгеріске бейімделу. Жасанды интеллектпен бәсекелескеннен гөрі оны тиімді құрал ретінде қолдануды үйрену маңызды.
 Сұраныс (prompt) құру, нәтижені тексеру, жүйені бейімдеу дағдыларын меңгеру керек. Сонымен қатар шығармашылық, сыни ойлау және эмоционалдық интеллектіні дамыту – болашақта сұранысқа ие болудың негізгі кепілі болады.

Қорыта айтқанда, ЖИ көптеген мамандықты өзгертеді, бірақ адам рөлін толық жоймайды, керісінше жаңа мүмкіндіктер ашады.

Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз