Қазақстанда жалақы жыныс пен жасқа қарай өзгере ме?

Қазақстанда қызметкерлердің жалақысы жынысы мен жасына қарай статистикалық тұрғыда ерекшеленеді. Алайда, заң бойынша жұмыс беруші адамның әйел немесе ер адам болғанына, сондай-ақ жасына қарап еңбек ақысын төмендетіп немесе ұлғайта алмайды.

Ұлттық статистика бюросының 2025 жылғы деректеріне сәйкес, Қазақстанда орташа айлық жалақы 443 315 теңге болған. Ерлердің орташа жалақысы 518 788 теңге, ал әйелдердікі 372 767 теңгені құраған. 

Осылайша, статистика бойынша ерлер мен әйелдердің орташа жалақысы арасында айырмашылық бар. Бірақ, бұл көрсеткіш барлық жағдайда әйелдер мен ерлерге бірдей жұмыс үшін әртүрлі жалақы төленетінін білдірмейді. Орташа жалақыға қызмет саласы, лауазым, біліктілік, еңбек өтілі, жұмыс уақыты және басқа да факторлар әсер етеді.

Заңда не жазылған?

Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 6-бабында еңбек саласында кемсітуге тыйым салынған. Заң бойынша адамның еңбек құқықтарын жүзеге асыру кезінде оның жынысына, жасына және басқа да белгілеріне байланысты кемсітуге болмайды. 

Сонымен қатар, Еңбек кодексі жұмыскерлерге кемсітусіз бірдей еңбек үшін бірдей ақы алуға құқық береді. 

Яғни, жұмыс беруші екі қызметкердің біріне тек әйел болғаны немесе ер адам болғаны үшін төмен жалақы белгілей алмайды. Сол сияқты қызметкердің жасы ғана жалақыны төмендетуге негіз болмауы керек.

Жасқа байланысты жалақы өзгере ме?

Статистикада жас топтары бойынша да айтарлықтай айырмашылық байқалады. Ұлттық статистика бюросының қызметкерлер жалақысын саралау жөніндегі деректерінде жас ұлғайған сайын жалақының белгілі бір кезеңге дейін өсу үрдісі байқалады. 

Мұның бір себебі – еңбек өтілі мен тәжірибенің артуы. Мысалы, жас маман еңбек жолын енді бастап жатқан кезде оның тәжірибесі аз болады. Ал бірнеше жыл жұмыс істеген қызметкердің біліктілігі мен жауапкершілігі жоғары болады. Дегенмен, жасы үлкен қызметкер міндетті түрде жас қызметкерден көп жалақы алуы керек деген заңды талап жоқ. Жалақы нақты еңбек жағдайына, атқаратын міндетке, біліктілікке және басқа да заңды факторларға байланысты белгіленуі мүмкін.

Әйелдер мен ерлердің жалақы айырмашылығы нені білдіреді?

2025 жылғы ресми статистикада ерлердің орташа айлық жалақысы әйелдерге қарағанда жоғары болған.

Алайда, статистикалық айырмашылықты бірден еңбек заңнамасын бұзу деп бағалауға болмайды. Себебі бұл көрсеткіш бүкіл ел бойынша әртүрлі салаларда, лауазымдарда және жұмыс жағдайларында еңбек ететін адамдардың орташа жалақысын көрсетеді.

Мысалы, бір салада ерлердің үлесі жоғары, ал басқа салада әйелдердің үлесі басым болуы мүмкін. Сонымен бірге, басшылық қызметтердегі үлес, жұмыс уақыты, еңбек өтілі және мамандық ерекшеліктері де жалпы орташа көрсеткішке әсер етеді.

Қандай жағдайда мәселе туындауы мүмкін?

Егер екі қызметкер бірдей немесе тең құнды еңбек атқарып, олардың біліктілігі мен еңбек жағдайлары ұқсас болса, бірақ біреуіне тек жынысына немесе жасына байланысты төмен жалақы белгіленсе, мұндай жағдай еңбек саласындағы кемсітушілік ретінде қаралуы мүмкін. Еңбек кодексі мұндай кемсітуге тыйым салады. 

Өзін кемсітуге ұшырадым деп есептеген адам заңда белгіленген тәртіппен сотқа немесе басқа да тиісті органдарға жүгінуге құқылы. Бұл құқық та Еңбек кодексінің 6-бабында көрсетілген.

Айта кетейік, бұған дейін еңбек келісімшартынсыз құқықты қалай қорғауға болатынын жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз


Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз