WorldSkills студентті жұмысқа дайындайтын бағдарлама
Қазақстан WorldSkills бағдарламасына 2014 жылы қосылды. Содан бері бұл ұйымның кәсіби талаптары елдегі колледждерде қолданыла бастады. WorldSkills мәліметінше, бұл бағдарлама студентке теориялық білімін өндірісте қолдануды үйретеді. Мысалы, студент белгілі бір мамандықта оқыса, кейін сол мамандыққа қатысты тапсырманы іс жүзінде орындай алуы тексеріледі.
Теориядан жұмысқа
WorldSkills – жұмысшы мамандарды даярлау сапасын арттыруға және осы мамандықтарды жастар арасында танымал етуге бағытталған бағдарлама.
WorldSkills жарыстарында қатысушыларға өз мамандығына байланысты нақты тапсырмалар беріледі. Олар жұмысты белгіленген талаптарға сай орындауы керек.
Осы тәсіл Қазақстандағы колледждерге де енгізіліп жатыр. Колледждер мен оқу орталықтарында студенттердің практикалық дағдыларын бағалау кезінде WorldSkills-тің техникалық талаптары мен оқу материалдары қолданылады.
Мұнда студенттің теорияны қаншалықты білетіні ғана емес, оны жұмыста қолдана алуына да көңіл бөлінеді. Бұл тәсіл жас маманның оқу бітіргеннен кейін жұмысқа тезірек бейімделуіне көмектеседі.
Жаңа мамандықтар пайда болып жатыр
Жұмысшы мамандықтары да уақыт өткен сайын өзгеріп келеді. Бұрын бұл ұғым көбіне құрылыс, өндіріс, механика сияқты салалармен байланысты болса, қазір технологияға қатысты мамандықтар көбейіп жатыр.
WorldSkills International Қазақстанда 5G, жасанды интеллект, цифрлық қаржы және теміржол сигнализациясы сияқты жаңа бағыттар пайда болғанын жазады.Яғни, колледждерде оқытылатын мамандықтар еңбек нарығындағы өзгерістерге қарай өзгеріп жатыр.
Колледж бен жұмыс беруші арасындағы байланыс күшейген
WorldSkills-тің тағы бір міндеті – колледж бен жұмыс беруші арасындағы байланысты күшейту. Бағдарлама арқылы жұмыс берушілер оқу процесіне қатыстырылады. Сөйтіп, белгілі бір мамандық иесіне WorldSkills – жұмысшы мамандарды даярлау сапасын арттыруға және осы мамандықтарды жастар арасында танымал етуге бағытталған бағдарлама. нені біліп, нені істей алуы керектігі де үнемі айтылып отырады.
WorldSkills Kazakhstan техникалық делегаты Лаура Әліқұлова кәсіби стандарттарды колледждерге енгізу студенттердің біліктілігін бағалауға мүмкіндік беретінін айтады.
«Бізде стандарттарды саясат деңгейінде қолдауға бағытталған мемлекеттік қолдау бар. Ал ұлттық операторларымыз оларды колледждер мен оқу орталықтарына белсенді түрде енгізіп жатыр. Бұл стандарттар білім беру бағдарламаларының, кәсіби дамудың, дағдыларды бағалауды стандарттаудың, сондай-ақ қазіргі таңда оқу инфрақұрылымын жаңғыртудың негізіне айналды», – деді ол.
WorldSkills жарыстары
WorldSkills тек оқу бағдарламаларымен шектелмейді. Оның аясында студенттер мен жас мамандар арасында кәсіби шеберлік жарыстары да өткізіледі. Бұл туралы WorldSkills Kazakhstan-ның ресми Instagram парақшасында жарияланып отырады.
2025 жылдың қазанында Ақтауда түркітілдес халықтар арасында алғаш рет TurkicSkills байқауы өтті.Онда IT, құрылыс, инженерия, креативті индустрия және қызмет көрсету салалары бойынша 10 бағытта жастар сайысты.
WorldSkills Kazakhstan командасы жарыста алты алтын, екі күміс және бір арнайы медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте бірінші орынға шықты.
Нәтиже неге байланысты?
WorldSkills стандарттарын енгізу маңызды болғанымен, бұл бәрібір жақсы маман даярлауға жеткіліксіз. Ол үшін колледждерде қажетті құрал-жабдық, білікті оқытушылар және жұмыс берушілер оқу процесіне қатысуы керек.
Сондықтан, бағдарламаның нәтижесін тек жарыстардағы медальмен өлшеуге келмейді. Ең маңыздысы – студент колледжде алған білімін жұмыста пайдаланып, жұмыс берушінің талабына сай болуы керек. Бағдарламаның басті міндеті де осы.