Еңбек келісімшартынсыз құқықты қалай қорғауға болады?

Қазіргі еңбек нарығында тұрақты бір жұмыс орнында отырмай, әр жерде еркін жұмыс істеп, нәпақысын тауып жүргендер көп. Солардың арасында еңбек келісімшартынсыз жұмыс істеп жүргендер де кездеседі. Youth.kz заңгермен тілдесіп, мұндай жағдайда еңбек құқығын қалай қорғау керектігін сұрап білді. 

Фрилансер деген кім?

Заңгер Әлімжан Жұбатқановтың айтуынша, қазіргі таңда фрилансерлер – еңбек нарығының маңызды әрі қарқынды дамып келе жатқан бөлігі. Фрилансерлер – белгілі бір компанияға тұрақты жұмысқа тұрмай, өз бетінше тапсырыс алып, қызмет көрсететін мамандар. Олар көбіне IT, дизайн, журналистика, аударма, маркетинг, бағдарламалау сияқты салаларда жұмыс істейді.

Алайда фрилансерлердің құқықтық мәртебесі әлі де толық айқындалмаған. Қазақстанда оларға арналған арнайы заң немесе нақты ереже жоқ. Сондықтан, фрилансерлер еңбек заңымен емес, көбіне азаматтық-құқықтық қатынастар аясында қорғалады. Яғни, олар қызметкер емес, тапсырыс орындаушы ретінде қарастырылады.

Әлімжан Жұбатқанов

«Бұл жағдай бірқатар қиындықтар туғызады. Еңбек келісімшарты болмағандықтан, әлеуметтік кепілдіктер қарастырылмайды, ал тапсырыс берушімен дау туындаса, оны дәлелдеу қиынға соғады. Төлемнің кешіктірілуі немесе мүлде төленбеуі де жиі кездесетін мәселелердің бірі», – дейді ол.

Еңбек келісімшартынсыз құқықты қалай қорғауға болады?

Маманның айтуынша, жалпы, фриланс еркіндік пен икемділік беретін жұмыс формасы болғанымен, оның тәуекелдері де аз емес. Сондықтан бұл салада құқықтық сауаттылықты арттыру мен нақты реттеу тетіктерін енгізу маңызды.

«Фрилансерлер үшін ең басты қорғаныс – жазбаша немесе электронды түрде келісім жасау, жұмыс шарттарын нақты бекіту және алдын ала төлем талап ету. Ал мемлекет деңгейінде бұл саланы реттеу, фрилансерлердің мәртебесін нақтылап, құқықтық және әлеуметтік қорғанысын күшейту – бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі», – дейді заңгер.

Әлімжан Жұбатқанов егер дау туындаса, фрилансерлер өз құқықтарын сот арқылы да қорғай алатынын айтады. 

«Ол үшін тапсырыс берушімен болған хат алмасулар, келісімдер, шоттар, жасалған жұмыс нәтижелері сияқты дәлелдер ұсынылады. Сот азаматтық-құқықтық қатынас ретінде істі қарап, төлемді өндіріп беру немесе залалды өтеу туралы шешім шығара алады», – дейді заңгер.

Фрилансерлер қалай жұмыс істейді

Заңгердің айтуынша, практикада фрилансерлердің жұмыс істеуінің бірнеше негізгі форматы бар. Біріншісі – азаматтық-құқықтық шарт (АҚШ), яғни нақты бір жұмысқа немесе жобаға келісім жасау. Екіншісі – жеке кәсіпкер ретінде қызмет көрсету, бұл жағдайда фрилансер ресми түрде тіркеліп, қызметін заңды негізде жүргізеді. Сонымен қатар нарықта үшінші, бейресми немесе «сұр» табыс түрі де бар. Бұл ешқандай келісімшартсыз жұмыс істеу, мұнда тәуекел өте жоғары болады.

«Маңыздысы – фрилансер келісімшартты тек тапсырыс берушіден күтпеуі керек. Ол өз бетінше де келісімшарт дайындап, шарттарын ұсына алады. Бұл – оның заңды құқығы. Келісімде жұмыс көлемі, мерзімі, төлем тәртібі мен жауапкершілік нақты көрсетілуі тиіс. 

Еңбек келісімшарты болмағандықтан, әлеуметтік кепілдіктер қарастырылмайды, ал дау туындаса, оны дәлелдеу қиынға соғады. Сондықтан құжат – фрилансер үшін негізгі қорғаныс құралы», – дейді маман.

Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз