Қазақстанда әйел журналистерді қорғайтын Aiel-qorgan.kz сайты іске қосылады
Қазақстанда әйел журналистерді кибербуллингтен, онлайн-қудалаудан және цифрлық зорлық-зомбылықтың өзге түрлерінен қорғауға арналған Aiel-qorgan.kz платформасы іске қосылады. Жобаны «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры жүзеге асырып жатыр.
Жаңа сайт «Қазақстандағы әйел журналистерге қатысты онлайн зорлық-зомбылықтың алдын алу: онлайн зорлық-зомбылыққа ден қою орталығы» жобасы аясында әзірленген. Платформа кәсіби қызметіне байланысты интернеттегі қысымға, қорқытуға, қоқан-лоқыға және әлеуметтік желілердегі шабуылдарға тап болатын әйел журналистерге құқықтық, психологиялық және ақпараттық қолдау көрсетуге бағытталған.
«Әділ сөз» қорының мәліметінше, соңғы жылдары журналистерге қарсы онлайн-шабуылдар сөз бостандығы мен медиа қауіпсіздігі саласындағы өзекті мәселелердің біріне айналған. Мұндай қысым олардың кәсіби қызметіне ғана емес, жеке өмірі мен психологиялық жағдайына да әсер етеді. Көп жағдайда жәбірленушілер қайда жүгіну керектігін немесе онлайн зорлық-зомбылық фактілерін қалай тіркеу қажеттігін білмейді.
Осыған байланысты Aiel-qorgan.kz платформасында онлайн зорлық-зомбылық түрлері, шабуылға ұшыраған кездегі әрекет алгоритмдері, цифрлық қауіпсіздік бойынша ұсынымдар, пайдалы нұсқаулықтар, мониторинг нәтижелері және көмек алу тетіктері жарияланады.
Сайтты кімдер пайдалана алады?
Платформа ең алдымен Қазақстандағы әйел журналистерге, редакторларға, блогерлерге, медиа қызметкерлеріне және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған. Сонымен қатар оны редакциялар, медиа ұйымдар, құқық қорғаушылар, цифрлық қауіпсіздік сарапшылары мен журналистика оқытушылары да пайдалана алады.
Жоба аясында редакциялармен әріптестік орнату көзделген. Ұйымдастырушылар серіктес БАҚ тәжірибелерін жариялап, редакциялардың қажеттілігіне бейімделген цифрлық қауіпсіздік бойынша ұсынымдар мен стратегиялар әзірлеуді жоспарлап отыр.
«Біздің міндетіміз – онлайн-шабуылға тап болған әйел журналистің жалғыз қалмауына жағдай жасау. Оның қолында нақты әрекет алгоритмі, қолдау алу мүмкіндігі және өзінің қауіпсіздігі маңызды екенін сезінуі қажет», – деп мәлімдеді «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры.
Жоба Қазақстандағы Германия Елшілігінің қаржылық қолдауымен жүзеге асырылуда. Ұйымдастырушылардың айтуынша, Aiel-qorgan.kz платформасы елімізде онлайн зорлық-зомбылықтың алдын алу және әйел журналистердің цифрлық қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған маңызды ресурс болады.