Қазақстанда журналистерге қысым күшейді – Журналистерді қорғау комитеті
Қазақстанда тәуелсіз журналистерге жасалып отырған қысым бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Бұл туралы Журналистерді қорғау комитеті (CPJ) мәлімдеді.
CPJ-дің 20 тамызда жариялаған талдауына сәйкес, тәуелсіз журналистерге қысым қылмыстық қудалаудан бастап кәсіби қызметпен айналысуға тыйым салуға дейін жеткен. Ұйым мұндай жағдай халықаралық қауымдастықтың жіті назарын қажет ететінін мәлімдеді.
Комитеттің мәліметінше, шілде айының ортасынан бері Қазақстанда бес белгілі журналист ауыр қылмыстық істер бойынша қамауға алынған немесе сотталған, тағы екі журналистке қатысты қылмыстық істер қозғалған. Сонымен қатар, соттар сотталған журналистердің қоғамдық өмірге және интернеттегі қызметіне түрлі шектеулер енгізген.
CPJ бұл жағдайды журналистерге жасалып отырған қысымның ұзақмерзімді үрдісінің бір бөлігі деп бағалайды. Ұйымның мәлімдеуінше, мұндай қысымға саяси астары бар деп сипатталған айыптаулар, ақпаратқа қол жеткізуді шектеу, сондай-ақ журналистерді қудалау мен қорқыту әрекеттері кіреді.
CPJ бұған дейін де Қазақстандағы журналистерге қатысты қылмыстық істерге алаңдаушылық білдірген. Мысалы, ұйым 2026 жылғы сәуірде бірқатар журналистің қамауға алынуына байланысты Қазақстан президентіне үндеу жолдаған. Сол кезде төрт белгілі журналист сотқа дейін үйқамаққа алынғаны хабарланған.
Ал тамызда CPJ тәуелсіз журналист Гүлнар Бәжкенованың сегіз жылға сотталғанын хабарлады. Сот оған бес жыл бойы БАҚ, журналистика, блог жүргізу және қоғамдық іс-шараларға байланысты қызметпен айналысуға тыйым салған.
Ұйым сондай-ақ журналист Лұқпан Ахмедьяровтың елден шығуына қойылған шектеуге қатысты алаңдаушылық білдірген. CPJ мәліметінше, журналистке 2026 жылғы тамызда Қазақстаннан шығуға тыйым салынған.
CPJ Қазақстандағы журналистерге қатысты соңғы істерді жеке жағдай ғана емес, тәуелсіз БАҚ өкілдеріне жасалып отырған кең ауқымды қысымның бір бөлігі ретінде қарастырады.
Айта кетейік, бұған дейін «Шекарасыз тілшілер» (Reporters Without Borders, RSF) халықаралық ұйымы ұлттық қауіпсіздік журналистикаға қарсы құралға айналып бара жатқанын мәлімдегенін жазған едік.