Қытайда жастар арасындағы жұмыссыздық 18%-ға жетті
Қытайда 16-24 жас аралығындағы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі шілде айында 17,9%-ға жетті. Бұл көрсеткішке студенттер кірмейді. Жастар арасындағы жұмыссыздықтың өсуіне жоғары оқу орындарын жаңа бітірген түлектердің еңбек нарығына шығуы әсер еткен. Бұл туралы Study China порталы жазды.
Қытайдың Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 16-24 жастағы жастар арасындағы жұмыссыздық маусыммен салыстырғанда 3 пайыздық тармаққа өскен. Ал 25-29 жастағылар арасындағы көрсеткіш 7,2%-ға жетсе, 30-59 жастағы адамдар арасындағы жұмыссыздық 3,9%-ға дейін төмендеген.
Шілдеде Қытай қалаларындағы жалпы жұмыссыздық деңгейі 5,2% болды. Бұл маусым айымен салыстырғанда 0,2 пайыздық тармаққа жоғары. Ал қаңтар-шілде аралығындағы орташа көрсеткіш те 5,2% деңгейінде сақталған.
Жастардың еңбек нарығына көптеп шығуына байланысты Қытай билігі түлектерді жұмыспен қамту шараларын күшейтіп жатыр. Атап айтқанда, бірнеше мемлекеттік орган жоғары оқу орындарын бітірушілерге арналған қоғамдық жұмыс орындарын көбейтуді ұсынды.
Құжатта әлеуметтану, әлеуметтік жұмыс, психология, құқық, еңбек және әлеуметтік қамсыздандыру, сондай-ақ қоғамдастықтарды басқару және қызмет көрсету салаларындағы мамандарды жұмысқа тартуды күшейту қажеттігі айтылған.
Сонымен қатар, жаңадан ашылатын қоғамдық жұмыс орындарын жоғары оқу орындарының түлектері үшін қолжетімді ету ұсынылған. Мүмкіндігі бар жергілікті билік органдарына жастарға арналған қосымша жұмыс орындарын құру тапсырылды. Бұл шаралар жергілікті деңгейдегі басқару мен қоғамдық қызметтерді күшейтуге бағытталған.
Айта кетейік, бұған дейін студент оқуымен қатар қосымша жұмыс істегенде нені білуі керектігін жазған едік.