«Шеқарасыз тілшілер»: Қазақстан сөз бостандығы рейтингінде 149-орында

«Шеқарасыз тілшілер» ұйымының 2026 жылғы сөз бостандығы рейтингісінде Қазақстан сөз бостандығының ахуалы ең қиын елдер арасында 8 сатыға төмендеді. Өткен жылы Қазақстан әлемдегі 180 елдің арасында 141-орынды иеленсе, биыл 149-орынға түсті, деп хабарлайды Youth.kz.

3 мамыр – Дүниежүзілік баспасөз еркіндік күні. Осыған орай, «Шекарасыз тілішлер» халықаралық ұйымы (RSF) баспасөз бостандығының жыл сайынғы рейтингін жариялады. Бұл дүниежүзілік индекс әлемнің 180 ел арасында жасалады.  

Қазақстан жағдайы

Биылғы рейтингке сәйкес Қазақстан әлемдегі 180 елдің арасында 100-ден 34,41 балл жинап, 149-орынға төмендеді, бұл былтырғы жылмен салыстарғанда 8 сатыға төмен. Бұл дегеніміз Қазақстан ахуалы ең қиын елдер санатында тұр. Негізгі себептер ретінде заңнаманың қатаюы, әкімшілік кедергілер, экономикалық қысым және ақпаратқа қолжетімділіктің шектелуі аталады.

«Құқықтық шеңбердің қатаюы жанама қысыммен, интернеттегі қудалаудың өсуімен және жазасыздық атмосферасымен үйлеседі», – делінген рейтингтің Қазақстанға арналған бөлігінде. 

Конституция цензураға тыйым салғанымен, іс жүзінде ол сақталған. 2025 жылы 1 қаңтарда күшіне енген жаңа медиа туралы заң үкіметтің БАҚ-қа бақылауын одан әрі күшейтті. Сыртқы істер министрлігі «ұлттық қауіпсіздік» деген кең түсінікке сүйене отырып, кез келген журналистке немесе медиаға аккредитациядан бас тарту құқығына ие болды.

Кейбір медиалар кибершабуылдарға ұшырап, журналисттер жұмысына байланысты жиі қорқыту мен мақсатты шабуылдардың нысанына айналған.

«Интернеттегі жаңалықтардың сапасы жақсарғанымен, баспасөзге қарсы репрессиялар күшеюде. Тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдары өздерінің ойын білдіре алатын интернет-кеңістік қатал бақылауға алынуда», – деп жазылған индексте.

RSF баспасөз қорғау ұйымының айтуынша, Қазақстанда журналистер заңнамалық тұрғыдағы қысым ғана емес (мысалы, Қылмыстық кодекстегі бұлыңғыр жазылған "Көрінеу жалған ақпарат тарату" бабымен қудалау), сонымен бірге аңду, қорқыту, кейбір жағдайда ұстау немесе үйқамаққа жіберу сияқты түрлі тосқауылдарға тап болып отыр.

Орталық Азия мен ТМД көрсеткіштері

Орталық Азия елдер арасында биыл Қырғызстан бірінші орынға шығып отыр – 146-орын, ал 2025 жылы Қазақстан 141-орынды иеленіп, көш бастап еді.

Қырғызстанда тәуелсіз медиа мен азаматтық қоғам салыстырмалы түрде белсендірек, бірақ саяси қысым мен экономикалық тәуелділік әлі де бар. Өзбекстан 147-орында, соңғы жылдары белгілі бір ашықтық реформалары байқалғанымен, журналистердің құқықтық қорғалуы әлсіз.

Түрікменстан аймақтағы ең төмен көрсеткішке ие – 173-орын. Бұл елде медиа толық дерлік мемлекеттік бақылауда, тәуелсіз журналистика іс жүзінде жоқ, ал ақпаратқа қолжетімділік қатаң шектелген.

Жалпы салыстырғанда, мемлекеттерде негізгі ортақ факторлар байқалады: мемлекеттік ықпалдың басымдығы, құқықтық шектеулер және журналистер қауіпсіздігіне қатысты тәуекелдер. Орталық Азия тұтас алғанда ақпараттық еркіндік бойынша әлемдік рейтингтің төменгі бөлігінде қалып отыр.

ТМД кеңістігінде ең төменгі орындарда Ресей (172-орын) мен Беларусь (165-орын) орналасты. Бұл елдер баспасөз бостандығын шектеудің құқықтық және саяси тәжірибелерін қалыптастыратын орталыққа айналған. Экстремизм, терроризм және ұлттық қауіпсіздік заңдарын қолдану стандартқа айналды. Нәтижесінде ақпараттық кеңістік қалыптасып, шектеулер қалыпты және қажетті құбылыс ретінде қабылдана бастады.

Жағдайға сонымен қатар кең ауқымды факторлар әсер етті: қарулы қақтығыстар кесірінен ақпаратқа бақылау күшейтілуі, саяси биліктің шоғырлануы, бақылауды тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік беретін технологиялардың дамуы және тәуелсіз медианың экономикалық әлсіздігі. 

Әлемдік тенденция: сөз бостандығы деградацияға ұшырады 

Жалпы әлемде жағдай соңғы 25 жылдағы ең төменгі деңгейге түсті. Орташа жаһандық көрсеткіш тарихи минимумға дейін төмендеп, әлем елдерінің 52,2%-дан астамы «күрделі» немесе «өте күрделі» санатқа енді. Сонымен қатар, әлем халқының тек шамамен 1%-ы ғана шынайы жоғары деңгейдегі баспасөз бостандығы жағдайында өмір сүруде. 

Барлық индикаторлардың ішінде «құқық» параметрі ең төмен көрсеткіш көрсетті. Бұл параметр 2025 жылдан 2026 жылға дейін елдердің 60% – дан астамында нашарлады.

Талданған елдердің 80% – дан астамында қорғаныс механизмдері тиімсіз. ЕО-ның баспасөз бостандығы туралы ережесі (EMFA) Тәуелсіздік пен бұқаралық ақпарат құралдарының, соның ішінде Еуропалық Одақ елдеріндегі қоғамның қорғалуына кепілдік бергенімен, ұлттық билік оны үнемі бұзады (Чехия, Словакия, Литва).

Бұл деректер баспасөз бостандығының жаһандық деградациясын көрсетеді.

Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз