Қазақстанда жеке тұру қанша тұрады?

Қазақстанда ата-анасынан бөлек шығып, жеке тұруды жоспарлаған жастар үшін ең негізгі шығындар – пәтер жалдау, азық-түлік және жол ақысына кетеді. 2026 жылғы өзгерістерге қарағанда, ай сайынғы шығын қалаға және адамның өмір салтына байланысты болады.

Пәтер жалдау қанша тұрады?

Krisha.kz мәліметінше, 2026 жылғы есеп бойынша, бір бөлмелі пәтердің орташа жалдау ақысы Алматыда 210 мың теңге, Астанада 220 мың теңге шамасында. Қарағандыда – 150 мың, Шымкентте – 140 мың, Ақтөбеде – 140 мың, Қызылордада – 110 мың, Таразда – 80 мың теңге.

Яғни, Алматы мен Астана сияқты ірі қалаларда жалғыз тұратын адам табысының едәуір бөлігін тек баспанаға жұмсауы мүмкін.

Азық-түлікке қанша ақша қажет?

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, Азық-түлік шығыны адамның тамақтану әдетіне байланысты. Қазақстандағы негізгі азық-түлік тауарларының орташа бағасын Ұлттық статистика бюросы тұрақты түрде жариялайды. 

2026 жылғы 30 қыркүйектегі мәлімет бойынша, Қазақстанда сүттің орташа бағасы литріне 667 теңге, 10 жұмыртқа – 598 теңге, тауық еті – шамамен 1740 теңге болған.

Бір адам үйде тамақ дайындап, шығынын бақыласа, азық-түлікке айына шамамен 80-120 мың теңге жұмсауы мүмкін. Бұл – нақты бекітілген норма емес, шартты есеп. Дәмхана мен дайын тағамдарға жиі тапсырыс берілсе, шығын бұдан да жоғары болады.

Жол ақысы

Көлік шығыны да ай сайынғы бюджетке әсер етеді. CTS мәліметінше, мысалы, Астанада қоғамдық көлікте жүру құны 110 теңге. 

Егер адам жұмысқа және үйге күніне екі рет қатынап, айына 22 жұмыс күнін есептесе, электронды төлеммен жол ақысына шамамен 4 840 теңге жұмсайды.

Коммуналдық төлем мен интернет

Пәтер жалдау ақысына коммуналдық қызметтер мен интернет шығыны да қосылады. Оның нақты мөлшері пәтердің көлеміне, маусымға және тұтыну көлеміне байланысты.

Сондықтан, пәтер жалдағанда тек ай сайынғы жалдау ақысын емес, коммуналдық төлем мен интернетті де есепке алған жөн.

Айына қанша қаражат керек?

Шартты есеп бойынша, Алматы мен Астана сияқты ірі қалаларда жалғыз тұратын адамға ай сайын:

  • пәтер жалдау – 210-220 мың теңге;
  • азық-түлік – 80-120 мың теңге;
  • көлік – 5-15 мың теңге;
  • коммуналдық төлемдер мен интернет – 20-40 мың теңге;
  • басқа қажеттіліктер – адамның жеке шығынына байланысты.

Осы негізгі шығындардың өзі шамамен 315-395 мың теңгені құрайды. Киім, байланыс, дәрі-дәрмек, демалыс және күтпеген шығындарды қоссақ, ай сайынғы бюджет 350-450 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін.

Ал пәтерді жалғыз емес, бірнеше адам болып жалдау арқылы тұрғын үйге кететін шығынды азайтуға болады.

Қорыта айтқанда, Қазақстанда жеке тұрудың нақты құны қалаға және адамның өмір салтына байланысты. Ең ірі шығын әдетте пәтер жалдау мен азық-түлікке кетеді. Сондықтан, өз алдына бөлек шығуды жоспарлаған адам ай сайынғы тұрақты шығындарын алдын ала есептеп алғаны дұрыс.

Бұған дейін жастар неге тез мансап жасауға ұмтылмайтынын жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз


Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз