Ең төменгі жалақы 110 мың теңгеге дейін көтеріледі: кімнің табысы шынымен артады?

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда ең төменгі жалақы (ЕТЖ) 85 000 теңгеден 110 000 теңгеге дейін көтерілуі тиіс. Өсім 25 000 теңгені немесе 29,4%-ды құрайды. Президенттің бағалауынша, бұл өзгеріс 1,8 миллионға жуық азаматқа, оның ішінде бюджет саласының 370 мыңнан астам қызметкеріне әсер етеді.

Informburo.kz мәліметінше, 2026 жылғы 18 қарашада Құрылтай депутаттары 2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасын екінші және үшінші оқылымда мақұлдады. Ең төменгі жалақыны көтеруге 75,9 млрд теңге қарастырылған.

Алайда бұл өзгеріс барлық жұмыс істейтін қазақстандықтардың жалақысы өседі дегенді білдіре ме?

Кімнің жалақысы көтеріледі?

Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 103-бабына сәйкес, айлық жұмыс уақытының нормасын толық орындаған және еңбек міндеттерін атқарған қызметкердің жалақысы белгіленген ең төменгі мөлшерден төмен болмауы тиіс. Сондықтан 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс берушілер жалақысы 110 000 теңгеден төмен қызметкерлердің еңбекақысын қайта қарауға міндетті болады.

Сондай-ақ толық емес жұмыс уақытында істейтін қызметкерлердің еңбекақысы нақты жұмыс істеген уақытына пропорционалды есептеледі. 

Маңыздысы: Еңбек кодексінің 104-бабына сәйкес, үстемеақылар, қосымша төлемдер, өтемақылар, сыйлықақылар және басқа да ынталандыру төлемдері ең төменгі жалақының құрамына кірмейді. Яғни жұмыс беруші қызметкердің негізгі жалақысын сыйақы мен үстемеақы есебінен ең төменгі мөлшерге жеткізе алмайды.

Бюджет саласының барлық қызметкерінің жалақысы өсе ме?

Жоқ. Президент келтірген 370 мың бюджет қызметкері – ең төменгі жалақының өсуі нәтижесінде табысы артуы мүмкін азаматтардың бір бөлігі. Бұл бюджет саласындағы әрбір қызметкердің жалақысына автоматты түрде 25 мың теңге қосылады деген сөз емес.

Сонымен қатар 2027 жылғы бюджетте алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдары қызметкерлерінің жалақысын көтеруге 20 млрд теңге қарастырылған. Президент Жолдауында учаскелік қызмет мамандарының жалақысын еңбек өтіліне қарай 40%-ға дейін арттыру мәселесі көтерілді.

Міндетті ұсталымдардан кейін қанша ақша қалады?

110 000 теңге – қызметкердің қолына алатын таза табысы емес, есептелген жалақы мөлшері. Одан заңнамада көзделген міндетті төлемдер, соның ішінде міндетті зейнетақы жарналары мен медициналық сақтандыруға арналған жарналар ұсталады. Сондықтан қызметкердің нақты алатын сомасы 110 000 теңгеден аз болады. 

Нақты сома салықтық шегерімдерге және басқа да жағдайларға байланысты есептеледі. Мысалы, егер орташа есеппен жалақының 10%-ы зейнетақыға аударылса, онда адам 99 000 теңгені қолына алады. 

Қызметкерлер нені ескеруі керек?

Ең басты өзгеріс ең төменгі жалақы алатын немесе жаңа белгіленген мөлшерден аз табыс табатын қызметкерлерге қатысты. Егер қызметкер айлық жұмыс уақытын толық орындаса, жұмыс беруші оған кемінде 110 000 теңге төлеуге міндетті болады.

Ал бұдан жоғары жалақы алатын қызметкерлер үшін автоматты түрде жалақы көтеру міндеттелмейді. Олардың еңбекақысын қайта қарау еңбек шартына және жұмыс берушінің шешіміне байланысты.

Youth.kz бұған дейін алаяқтар сіздің атыңыздан несие алған жағдайда не істеу керектігін қарастырған болатын. 

Сондай-ақ оқыңыз


Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз