Қазақстанда жас маманға пәтерді қалай алуға болады?

Жас маман үшін Қазақстанда пәтер сатып алу көбіне бір ғана сұраққа тіреледі: «Ақшаны қайдан табуға болады?». Алайда іс жүзінде пәтердің толық құнын жинау міндетті емес – негізгі мақсат бастапқы жарнаға жету, тұрақты табыс қалыптастыру және өз мүмкіндігіне сәйкес ипотекалық бағдарламаны таңдау. Youth.kz ипотекалық бағдарламаларды және пәтер сатып алудың басқа жолдарын түсіндіреді. 

Жалақы 150–200 мың теңге болса, баспанаға қалай жинауға болады?

Жас маманның ай сайынғы табысы 150–200 мың теңге болса, баспанаға бастапқы жарна жинау ұзақ уақыт алуы мүмкін. Сондықтан алдымен ай сайынғы нақты жинақ сомасын анықтап, оны тұрақты түрде бөлек шотқа аударып отырған жөн.

Мысалы, ай сайын 30 мың теңгеден жинасаңыз, бір жылда 360 мың теңге жиналады. 50 мың теңгеден жинаған жағдайда 600 мың теңге, ал ай сайын 70 мың теңге бөлуге мүмкіндік болса, бір жылда 840 мың теңге жинауға болады.

30 млн теңге тұратын пәтер үшін 20% бастапқы жарна 6 млн теңге болады. Ай сайын 50 мың теңгеден жинаған адамға бұл соманы тек өз жинағы есебінен қалыптастыруға шамамен 10 жыл қажет. Ал ай сайын 70 мың теңгеден жинаса, шамамен 7 жыл 2 ай кетеді. Бұл есепке депозит бойынша банк сыйақысы мен мемлекеттік сыйлықақы кірмейді.

Сонымен қатар бастапқы жарнаны жинау кезеңінде шығындарды қайта қараған маңызды. Мысалы, ай сайынғы жалдау ақысы, көлік, тамақтану және басқа тұрақты шығындарды есептеп, табыстың белгілі бір бөлігін автоматты түрде жинаққа аударуға болады. Күтпеген шығындарға арналған шағын қаржылық резервті де бөлек ұстаған жөн.

Ең бастысы – алаңдамаңыз, әртүрлі нұсқаларды қарастырыңыз. Себебі, пәтер сатып алу – қолыңыздан келетін іс. 

«Наурыз»: 20% жинаған адамға үйді ертерек алуға мүмкіндік

«Наурыз» бағдарламасы – жас маман үшін ең қызықты нұсқалардың бірі. Бағдарлама бойынша қарыз мөлшерлемесі 7% немесе 9% болуы мүмкін, ал бастапқы жарна әдетте 20%-дан басталады. Таза әрлеудегі бастапқы тұрғын үйді сатып алған жағдайда бастапқы жарна 10%-дан басталуы мүмкін. Несие сомасының жоғарғы шегі Астана мен Алматыда 36 млн теңгеге дейін, басқа өңірлерде 30 млн теңгеге дейін.

Бағдарламаға қатысу үшін Отбасы банктегі депозит пен жинақ көлемі ескеріледі. Сондықтан бұл бағдарламаға алдын ала дайындалған дұрыс.

Мысал

Алматыдағы жас маман 30 млн теңгелік жаңа пәтер алғысы келеді. Егер бастапқы жарна 20% болса, оның мақсаты кемінде 6 млн теңге жинау.

Егер ай сайын 200 мың теңге жинаса, шамамен 2,5 жылда бастапқы жарнаға жетуге болады.

Ал егер пәтер таза әрлеумен беріліп, бағдарлама бойынша 10% бастапқы жарна қолданылса, 30 млн теңгелік үйге 3 млн теңге жеткілікті болуы мүмкін.

Бірақ нақты мүмкіндік пәтердің бағдарлама талаптарына сәйкестігіне және өтініш берушінің басқа да талаптарды орындауына байланысты.

«7-20-25»: 20% бастапқы жарна және 7% мөлшерлеме

«7-20-25» – Қазақстандағы ең танымал жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалардың бірі.

Негізгі шарттары:

  • жылдық мөлшерлеме – 7%;
  • бастапқы жарна – кемінде 20%;
  • несие мерзімі – 25 жылға дейін;
  • тұрғын үй – бастапқы нарықтан;

«7-20-25» бойынша пәтердің бағасы бағдарламадағы шекті мөлшерден жоғары болса, жай ғана айырмасын өз қалтаңнан қосу әрдайым мүмкін бола бермейді. Сондықтан үйді таңдағанда ең алдымен оның бағдарлама лимитіне сәйкес келетінін тексеру қажет.

Мысал: Алматы

Айталық, жас маман 30 млн теңгелік жаңа пәтер таңдады. 20% бастапқы жарна – 6 млн теңге. Ал қарызы – 24 млн теңге.

Егер 24 млн теңге 7% мөлшерлемемен 25 жылға рәсімделсе, аннуитеттік төлем шамамен 170 мың теңге болады. Яғни ай сайынғы төлеммен қатар, қарызды өтеу кезінде төленетін жалпы соманы да есептеу қажет.

«7-20-25» бағдарламасының тағы бір маңызды ерекшелігі – лимиттің болуы. Сондықтан талаптарға сәйкес келудің өзі несие міндетті түрде сол сәтте берілетінін білдірмейді.

«Өз үйім»: жаңа үй алғысы келетіндерге

Отбасы банктің «Өз үйім» бағдарламасы жаңа салынған тұрғын үйден пәтер сатып алуға бағытталған. Бағдарламада мөлшерлеме 3,5%-дан 7%-ға дейін, бастапқы жарна 20%-дан басталады, ал несие мерзімі 25 жылға дейін болуы мүмкін.

Пәтер құны – 25 млн теңге. 20% бастапқы жарна – 5 млн теңге. Егер жас маман айына 200 мың теңге жинаса (отбасы көмегімен болса да), шамамен екі жыл бір айда бастапқы жарна жиналады.

«5-10-20»: барлығына бірдей емес бағдарлама

«5-10-20» бағдарламасында мөлшерлеме 5%, бастапқы жарна 10%, несие мерзімі 20 жылға дейін болуы мүмкін. Бірақ бұл бағдарлама барлық жас мамандарға арналмаған. Оған тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың белгілі бір санаттары қатыса алады және табыс бойынша да талаптар бар.

Сондықтан жас маман «5% ипотека бар екен» деп бірден банкке өтініш бермей, алдымен осы бағдарламаға қатысуға құқығы бар-жоғын анықтауы керек. Егер талаптарға сәйкес келсе, бұл нарықтық ипотекадан әлдеқайда арзан нұсқа.

Ал нарықтық ипотека ше?

Жеңілдетілген бағдарламаларға кірмейтін немесе үйді тез сатып алғысы келетін адам коммерциялық ипотеканы қарастыра алады. Мысалы, Halyk Bank-тің цифрлық ипотекасында бастапқы жарна кемінде 20%. Қолданыстағы шарттарға сәйкес мөлшерлеме комиссиямен 20,5–22,5%, ал комиссиясыз 22–24% аралығында көрсетілген. Несие мерзімі – 20 жылға дейін.

Мысалы, 24 млн теңгені 7%-бен 25 жылға алғандағы және сол соманы шамамен 21–22%-бен алғандағы ай сайынғы төлем бірдей болмайды.

Яғни, 7% ипотека кезінде ай сайын шамамен 170 мың теңге төленсе, 21% ипотека кезінде ай сайын шамамен 430 мың теңге төленеді.

Егер осы ипотека түрін таңдаса, жас маман үшін «үйді қазір аламын» деген шешім кейде «үй үшін ай сайынғы табысымның жартысына жуығын бірнеше жыл төлеймін» деген міндеттемеге айналуы мүмкін.

Қай бағдарлама кімге тиімді?

Егер жас маманның бастапқы жарнасы аз және жаңа үй алғысы келсе, алдымен «Наурыз» бағдарламасының талаптарын тексерген жөн. Бағдарламада 7% және 9% мөлшерлемелер, ал белгілі бір жаңа тұрғын үй жағдайында 10%-дан бастапқы жарна қарастырылған.

Жаңа үйден пәтер алып, 20% бастапқы жарнасы бар болса, «7-20-25» тиімді нұсқа болуы мүмкін. Бірақ үйдің бағасы мен нарығына қатысты шектеулерді ескеру керек.

Арнайы әлеуметтік санатқа кірсе, 5% мөлшерлемелі тұрғын үй бағдарламаларын қарастырған жөн.

Ал коммерциялық ипотека – жеңілдетілген бағдарламаларға кірмейтін немесе үйді тез алуы қажет адамдарға арналған нұсқа. Бірақ жоғары мөлшерлеме оның басты кемшілігі болып қалады.

2024 жылдан бастап Қазақстан азаматтары болып табылатын балалар жыл сайын Ұлттық қордың инвестициялық табысының бір бөлігін алады. Ақша бірден бөлінбейді; бала ересек жасқа толғанға дейін жүйеде қалады. Youth.kz бұл жинақтардың қалай қалыптасатынын және кейіннен оларды неге жұмсауға болатынын мына мақалада түсіндіреді. 

Сондай-ақ оқыңыз


Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз