Қазақстан жастары неге басқа қалаларға көшіп жатыр?
Қазақстанда ішкі көші-қон көлемі соңғы жылдары айтарлықтай өскен. Әсіресе Астана, Алматы және Шымкент сияқты ірі қалалар басқа өңірлерден қоныс аударушыларды көбірек тартып отыр. Бұл үрдістің негізгі қатысушыларының бірі – жастар.
Ұлттық статистика бюросы мәліметінше, 2025 жылы ел ішінде қоныс аударғандар саны 2024 жылмен салыстырғанда 13,6%-ға артқан. Өңіраралық көші-қон нәтижесінде Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Алматы облысында оң көші-қон сальдосы қалыптасқан.
Астанаға көшетіндер көп
2025 жылғы көрсеткіштер бойынша ішкі көші-қоннан ең жоғары сальдо Астанада 87 459 адам тіркелді. Алматы облысында бұл көрсеткіш 33 126 адам, Шымкентте 15 130 адам, Алматы қаласында 12 110 адам болды. Бұл көрсеткіш аталған өңірлерге келген адамдар саны сол жерден басқа өңірлерге кеткендерден көп болғанын білдіреді.
Астанаға көшудің жоғары болуы елордадағы еңбек нарығы мен білім беру мүмкіндіктеріне байланысты болуы мүмкін. Сонымен қатар, елдің әкімшілік және іскерлік орталығы ретінде қалада түрлі салалардағы жұмыс орындары шоғырланған.
Көші-қон бір жылда 13,6%-ға өскен
Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, 2025 жылы Қазақстан ішінде көшіп-қонушылар саны 2024 жылмен салыстырғанда 13,6%-ға көбейген.
Ал 2024 жылы ел ішіндегі қоныс аударушылар саны 2023 жылмен салыстырғанда бірден 47,6%-ға өскен. Сол жылы оң көші-қон сальдосы Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Алматы облысында тіркелді. Астана бойынша бұл көрсеткіш 73 238 адам, Алматыда – 36 061 адам, Шымкентте – 9 361 адам, Алматы облысында – 2 639 адам болған. Осылайша, екі жыл қатарынан ірі қалаларға халықтың шоғырлану үрдісі сақталған.
Жастар не үшін көшеді?
Ішкі миграция статистикасы адамның нақты қандай себеппен көшкенін көрсетпейді. Дегенмен, жастардың басқа қалаға қоныс аударуына бірнеше фактор әсер етуі мүмкін.
Біріншісі – білім алу. Жоғары оқу орындары мен колледждердің едәуір бөлігі ірі қалаларда орналасқан. Сондықтан, мектепті аяқтаған жастардың бір бөлігі оқу үшін Астана, Алматы, Шымкент секілді қалаларға көшеді.
Екіншісі – жұмыс. Диплом алғаннан кейін жастардың бір бөлігі оқу оқыған қаласында қалып, еңбек жолын сол жерде жалғастырады. Ірі қалаларда қызмет көрсету, қаржы, IT, құрылыс, сауда және басқа да салалар бойынша жұмыс мүмкіндігі көбірек.
Үшіншісі – өмір сүру жағдайы мен инфрақұрылым. Медициналық қызмет, қоғамдық көлік, мәдени және әлеуметтік нысандардың қолжетімділігі де қоныс аудару туралы шешімге әсер ететін факторлардың қатарында.
Алайда, бұл себептерді ішкі миграция статистикасынан тікелей шығару дұрыс емес. Ұлттық статистика бюросы негізінен адамдардың қай өңірден қай өңірге көшкенін және көші-қон сальдосын есептейді.
Ірі қалаларға шоғырлану жалғасып жатыр
2025 жылғы статистика Қазақстандағы ішкі миграцияның негізгі бағыты ірі қалалар екенін тағы көрсетті. Астана мен Алматы сияқты қалаларда халық санының өсуіне табиғи өсіммен қатар көші-қон да ықпал етеді.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында Қазақстан халқының көші-қон айырымы 5 558 адам болған. Бұл кезеңде елге 8 750 адам келген, ал 3 192 адам Қазақстаннан кеткен.
Сонымен бірге, ішкі көші-қон елдегі урбанизация процесімен де байланысты. Бюроның мәліметінше, 2026 жылғы 1 қыркүйекте Қазақстандағы қала халқы 13,2 млн адамнан асқан, бұл ел халқының басым бөлігін құрайды.
Бұл өңірлер үшін нені білдіреді?
Жастардың ірі қалаларға көшуі еңбек нарығындағы бәсекені күшейтіп, тұрғын үйге, көлікке, білім беру мен медициналық қызметтерге сұранысты арттырады.
Ал жастар көптеп кететін өңірлерде керісінше, еңбек ресурстарының азаюы мен халықтың қартаюы сияқты мәселелер күшеюі мүмкін.
Сондықтан, ішкі миграция мәселесі тек «жастар қай қалаға көшіп жатыр?» деген сұрақпен шектелмейді. Маңызды мәселе – өңірлерде жастарды ұстап қалуға жеткілікті жұмыс, білім және әлеуметтік мүмкіндіктің болуымен байланысты.
Статистика көрсеткендей, Қазақстанда халықтың ішкі қозғалысы күшейіп, Астана, Алматы және Шымкент секілді ірі қалалар негізгі тартылыс орталықтары болып отыр. Бұл үрдіс алдағы жылдары еңбек нарығы, тұрғын үй саясаты және өңірлік даму жоспарларына тікелей әсер етуі мүмкін.
Бұған дейін Қазақстандағы NEET жастары туралы жазған едік.