5 мыңнан астам жазылушысы бар аккаунттарды сәйкестендірмек

Қазақстанда әлеуметтік желілерді реттеудің жаңа ережелері әзірленіп жатыр. Ұсынылып отырған түзетулер ірі блогтардың иелері, халықаралық онлайн-платформаларға және қарапайым пайдаланушыларға әсер етеді. Негізгі бастамалардың қатарында 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерде тіркелуіне тыйым салу, ірі аккаунттарды сәйкестендіру, құқыққа қайшы ақпарат таратқаны үшін жауапкершілікті күшейту және контентті жоюға қатысты жаңа талаптар бар.

2026 жылғы 18 қарашада Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев Құрылтай отырысында тиісті заңнамалық бастамаларды таныстырды. Заң жобалары бірінші оқылымнан өтті. Бірақ қандай өзгерістер енгізу ұсынылып отыр?

16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерде тіркелуіне тыйым 

Бұл ретте пайдаланушылардың жасын тексеру міндетін платформалардың өзіне жүктеу жоспарланып отыр. Министрдің айтуынша, қолданыстағы тетіктер кәмелетке толмағандарды зиянды және деструктивті контенттен жеткілікті деңгейде қорғай алмайды. Ал балалар ата-аналарымен, жақындарымен және мұғалімдерімен байланысу үшін пайдаланатын мессенджерлерге ерекшелік қарастыру ұсынылып отыр.

5 мыңнан астам жазылушысы бар аккаунттарды сәйкестендіру 

Тағы бір бастама 5 мыңнан астам жазылушысы бар жария қауымдастықтар мен аккаунттарға қатысты. Олар үшін сәйкестендіру тетігін енгізу ұсынылып отыр. Мұндай шараның мақсаты – жария аккаунттардың қызметін ашық ету және олар тарататын ақпарат үшін жауапкершілікті нақтылау.

Дегенмен қандай мәліметтер талап етілетіні, сәйкестендіруді кім жүргізетіні және аккаунт иелерінің дербес деректері қалай қорғалатыны әзірге толық жарияланған жоқ.

Онлайн-платформалар Қазақстанда өкілдік ашуға міндеттеледі

Түзетулер шетелдік онлайн-платформалардан Қазақстанда заңды тұлға нысанында өкілдік ашуды талап етуді де көздейді. Бұл мемлекеттік органдарға компаниялармен ресми өкілдері арқылы байланысуға және құқыққа қайшы материалдарды жою туралы нұсқамалар жіберуге мүмкіндік береді.

Мұндай нұсқамаларды орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізу ұсынылып отыр. Атап айтқанда, заңнаманы бұзатын материалдар мен балаларға қатысты кибербуллинг жағдайлары сөз болып отыр.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, 2026 жылдың он айында онлайн-платформалардан 128,5 мың құқыққа қайшы материал анықталған. Олардың шамамен 70%-ы жойылған.

Әлеуметтік желілердегі жала мен балағат сөздер үшін әкімшілік жауапкершілік 

Түзетулердің тағы бір бөлігі азаматтардың ар-намысы, қадір-қасиеті мен іскерлік беделін қорғауға арналған. Онлайн-платформаларда жала жапқаны, сондай-ақ әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында бейәдеп сөздер қолданғаны үшін әкімшілік жауапкершілік белгілеу ұсынылып отыр.

Сонымен қатар, егер адамның беделіне нұқсан келтіретін мәлімет әлеуметтік желіде жарияланса, теріске шығару бастапқы жазба жарияланған сол платформада орналастырылуы тиіс. Мысалы, блогер Instagram желісінде белгілі бір адам туралы жалған ақпарат таратса, теріске шығару да сол жерде жариялануы керек. Себебі басқа аккаунтта немесе өзге платформада жарияланған теріске шығару бастапқы жазбаны көрген аудиторияға жетпеуі мүмкін.

Өзге адамдардың фотосуреттерін пайдалануға қатысты талаптар 

Заң жобасында адамның бейнесін оның келісімінсіз пайдалануға қатысты ережелерді нақтылау да қарастырылған. Бұл блогерлерге, паблик әкімшілеріне және басқа адамдардың фотосуреттерін жариялайтын пайдаланушыларға қатысты. Оның ішінде жанжалдар мен қоғамдық маңызы бар оқиғалар кезінде жарияланатын суреттер де бар.

Атап айтқанда, адамның өзі фотосуретін ашық қолжетімділікке орналастырып, оны пайдалануға тыйым салмаған жағдайларды ескеру ұсынылып отыр. Алайда бұл ашық профильдегі кез келген фотосуретті кез келген мақсатта еркін пайдалануға болады дегенді білдірмейді. Жеке және отбасылық өмірге қатысты мәселелер бөлек қарастырылмақ.

Қолданыстағы заңнамада не реттелген?

Қазақстанда әлеуметтік желілерді мемлекеттік реттеу жаңа заң жобасынан басталып отырған жоқ. 2023 жылғы 10 шілдеде қабылданған №18-VIII «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заң 2023 жылғы 10 қыркүйектен бастап күшіне енді.

Бұл заң пайдаланушылардың, онлайн-платформалардың және инфлюенсерлердің (блогерлердің) құқықтары мен міндеттерін айқындайды. Атап айтқанда:

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 456-2-бабында жалған ақпаратты орналастыру және тарату үшін жауапкершілік көзделген.

  • Коммерциялық жарияланымдар жарнама екені анық көрінетіндей белгіленуі тиіс.
  • Кәсіпкерлік қызметпен айналысатын блогерлер Қазақстан заңнамасының тиісті талаптарын сақтауға міндетті.
  • Пайдаланушылар басқа адамдардың дербес деректерін өз бетінше және заңсыз тарата алмайды.

Бас прокуратураның түсіндіруінше, ӘҚБтК-нің 456-2-бабы бойынша жалған ақпарат таратқаны үшін құқық бұзушылықтың мән-жайына және субъектісіне қарай 20-дан 250 АЕК-ке дейін айыппұл салынуы мүмкін. Қайталанған жағдайда 15 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу көзделген. Ал көрінеу жалған ақпарат тарату кейбір жағдайларда ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін.

Қауіпсіздікті күшейту ме, әлде бақылауды арттыру ма?

Жаңа бастамалар Қазақстанның цифрлық ортаны жүйелі бақылауға көшуге ұмтылып отырғанын көрсетеді. Бір жағынан, бұл кибербуллингпен, жалған ақпарат таратумен және өзге адамдардың бейнесін заңсыз пайдаланумен күресуге көмектесуі мүмкін. Шетелдік платформалардың Қазақстанда ресми өкілдіктерінің болуы да азаматтардың әлеуметтік желі әкімшіліктерімен байланысын жеңілдетуі ықтимал.

Екінші жағынан, мемлекеттің интернет кеңістігіне араласу шегі туралы сұрақтар әлі де бар. Бұл әсіресе пайдаланушыларды сәйкестендіру, жарияланымдарды жою және пікір білдіргені үшін жауапкершілік мәселелеріне қатысты. 

Мемлекет әлеуметтік желілерді қаншалықты тиімді бақылап, цифрлық қауіпсіздік, азаматтардың құқықтарын қорғау және пікір білдіру бостандығы арасындағы тепе-теңдікті қалай сақтай алады?

Youth.kz бұған дейін Digital Rights Center Qazaqstan заң фирмасының серіктесі және деректер құпиялылығы жөніндегі тәжірибесінің басшысы Елжан Қабышевпен жеке деректерді жою құқығы қалай жұмыс істейтіні және азаматтар не білуі керектігі туралы сұхбаттасқан болатын. 

Сондай-ақ оқыңыз


Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз