Қазақстанда жүргізуші куәлігін қалай алуға болады?
Қазақстанда алғаш рет жүргізуші куәлігін алу үшін тек жол ережесін жаттап, емтихан тапсыру жеткіліксіз. Үміткер қажетті санат бойынша жүргізушілерді даярлау курсынан өтіп, медициналық тексеруге барып, автомектептің ішкі емтихандарын тапсырғаннан кейін, СпецЦОН-да жүргізуші куәлігін алу мүмкіндігін иеленеді. Youth.kz жүргізуші куәлігін алу үшін қандай қезеңдерден өту керектігін түсіндіреді.
Алдымен қандай санат қажет екенін анықтау керек
Жеңіл автокөлік жүргізгісі келетіндердің көпшілігіне «В» санаты қажет. Бұл санаттағы көлік құралдарын басқару құқығы 18 жасқа толған азаматтарға беріледі. Мотоцикл немесе «А» санаты үшін де ең төменгі жас – 18 жас. Ал өзге санаттар үшін талаптар әртүрлі.
Автомектеп іздемес бұрын нақты қандай санатты алғыңыз келетінін анықтап алған жөн. Үйткені оқу бағдарламасы, практикалық сабақтар және емтихан талаптары таңдалған санатқа байланысты болуы мүмкін.
Автомектепті таңдау
Медициналық тексеруден кейін жүргізушілерді даярлайтын оқу ұйымына жазылу керек. Автомектепті таңдағанда тек оқу ақысына қарамай, оның тиісті санат бойынша жүргізушілерді даярлауға құқығы бар-жоғын, оқу бағдарламасын, теориялық сабақтардың форматын және практикалық сабақтардың көлемін алдын ала нақтылаған дұрыс.
Оқу мерзімі таңдалған көлік санатына байланысты үш айдан алты айға дейін созылуы мүмкін. Автомектепке қабылдану кезінде оқу ұйымы мен талапкер арасында шарт жасалады.
Автомектепте не оқытылады?
Оқу екі негізгі бөліктен тұрады: теориялық дайындық және практикалық жүргізу.
Теориялық сабақтарда болашақ жүргізуші жол қозғалысы ережелерін, жол белгілерін, таңбаларды, көлік жүргізу қауіпсіздігінің негіздерін, жолдағы басқа қатысушылармен өзара әрекеттесу тәртібін және жүргізушінің міндеттерін үйренеді. Тек ережелерді жаттап қана қоймай, емтиханда нақты жол жағдайларына қатысты сұрақтар кездесетіндіктен, ережелердің логикасын түсіну маңызды.
Практикалық сабақтарда көлік құралын басқару дағдылары қалыптасады. Үміткер көлікті жүргізуді, тоқтауды, қозғалысты бастауды, бұрылуды, маневр жасауды, артқа жүруді және тұраққа қою сияқты негізгі әрекеттерді үйренеді.
Медициналық тексеруден өту
Қазақстанда жүргізуші куәлігін алғаш рет рәсімдейтін азамат емтиханға кіруге рұқсат алу үшін медициналық тексеруден өтуі міндетті. Нәтижесінде №073/у нысанындағы көлік құралын басқаруға рұқсат туралы медициналық анықтама беріледі.
Медициналық тексеру кезінде бірнеше маманның қорытындысы қажет. Көбіне терапевт, офтальмолог, отоларинголог және психиатр-наркологтың қорытындылары қажет.
Теориялық емтихан қалай өтеді?
Үміткерге 40 тест сұрағы беріледі. Оларға жауап беру үшін 40 минут беріледі. Емтиханнан өту үшін кемінде 32 сұраққа дұрыс жауап беру қажет.
Сұрақтар жол қозғалысы ережелерімен ғана шектелмейді. Тест құрамына жол қозғалысы ережелерімен қатар жол қозғалысы қауіпсіздігінің негіздері сияқты пәндер кіреді. Емтиханға дайындалғанда жол белгілерін ғана жаттамай, жол қиылыстарындағы басымдық, маневр жасау, тоқтау және тұрақ, жылдамдық режимі, қауіпсіз арақашықтық сияқты тақырыптарды да қайталау керек.
Егер теориялық емтиханнан өту мүмкін болмаса, қайта тапсыру тәртібі қолданылады. Сондықтан бірінші әрекетке дейін сынақ тесттері арқылы білім деңгейін тексеріп алған жөн.
Практикалық емтихан
Теориялық емтиханнан сәтті өткеннен кейін практикалық сынаққа жіберіледі. Практикалық емтихан кезінде үміткердің көлік құралын нақты басқара алатыны тексеріледі. Мұнда көлікті қозғалысты бастауға дайындау, маневр жасау, тоқтау, бұрылу, артқа жүру және басқа да жүргізу дағдылары бағаланады.
Практикалық емтихан автодромда өткізіледі. Сонымен қатар, практикалық емтихан кезінде 20 минут ішінде 12 жаттығуды орындау керек.
Практикалық сынақта қателер айыппұл балдары арқылы бағаланады. Белгіленген шектен асып кеткен жағдайда емтихан тапсырылмаған болып есептеледі.
Емтихандардан кейін жүргізуші куәлігін рәсімдеу
Теориялық және практикалық емтихандардан сәтті өткеннен кейін автомектепті аяқтағаны туралы куәлік беріледі. Бұл мәлімет кейін жүргізуші куәлігін алу кезінде пайдаланылады. Осы кезеңде автомектептен берілетін құжаттың немесе оқу туралы мәліметтің ақпараттық жүйеде дұрыс тіркелгенін тексеріп алған жөн.
Осыдан кейін СпецЦОН-ға барып, жол куәлігін істету керек.
2026 жылы жүргізуші куәлігін алу және ауыстыру үшін мемлекеттік баж мөлшері – 1,25 МРП. 2026 жылғы 1 МРП 4 325 теңге болғандықтан, төлем мөлшері 5 406,25 теңге болады. Мемлекеттік пошлинаны СпецЦОН-дағы рәсімдеу кезінде төлеуге болады. Сонымен қатар кезекте тұрмау үшін оны онлайн алдын ала төлеу мүмкіндігі бар. Ресми нұсқаулықта онлайн төлем жасау мүмкіндігі арнайы көрсетілген.
Қорытындының орнына еске салу
Ережелер мен оларды бақылау тәсілдері өзгеріп отыратындықтан, жүргізуші куәлігін алғаннан кейін де жаңалықтарды қадағалау маңызды. Мысалы, 2026 жылы Қазақстанда орташа жылдамдықты бақылау жүйесі кеңейтілді. 12 шілдеден бастап ол республикалық маңызы бар тағы бес жол учаскесінде іске қосылды. Олардың жалпы ұзындығы – 525 шақырым.
Жүйе көліктің белгілі бір жол бөлігін қандай жылдамдықпен өткенін есептейді. Сонымен қатар камералар телефон пайдалану және қауіпсіздік белдігін тақпау сияқты кейбір бұзушылықтарды да автоматты түрде анықтай алады. Сол үшін жүргізушіге емтихан билеттерін жаттап қана қоймай, жол ережелерін түсініп, олардың өзгерістерін қадағалап отыру қажет екенін айтамыз.
Әзілде, ән айтуда немесе көпшілік алдында сөйлеген кезде балағат сөздер айтқан адам жазалануы мүмкін бе? 2026 жылы билік онлайн платформаларда балағат сөздер айтқаны үшін бөлек жаза белгілеуді ұсынды. Youth.kz бұл ережелердің іс жүзінде қалай қолданылатынын осы мақалада баяндайды.