Мемлекеттік органнан ақпаратты қалай алуға болады?
28 қыркүйек – Ақпаратқа жалпыға бірдей қол жеткізу халықаралық күні. Қазақстанда азаматтардың мемлекеттік органдардан ақпарат сұратуына заңмен кепілдік берілген. Бірақ қажетті ақпаратты алу үшін сұрауды дұрыс жолдау керек.
Мемлекеттік органнан кез келген ақпаратты сұрауға бола ма?
Қазақстанның «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңында ақпарат пайдаланушының ақпарат иеленушіге сұрау салу арқылы ақпарат алуға құқығы бекітілген. Заңның 11-бабына сәйкес, қол жеткізуі шектелген ақпаратты қоспағанда, сұрау бойынша ақпарат берілуге тиіс. Мұндай ақпарат, жалпы ереже бойынша, тегін ұсынылады.
Бұл норма журналистер үшін де маңызды. Мысалы, мемлекеттік органның белгілі бір жобаға қанша қаржы бөлгенін, қандай шешім қабылдағанын немесе белгілі бір құжаттың бар-жоғын сұратуға болады.
Алайда барлық ақпарат ашық емес. Мемлекеттік құпиялар, дербес деректер және заң бойынша қолжетімділігі шектелген басқа мәліметтер сұрау салу арқылы берілмеуі мүмкін. Сондықтан, мемлекеттік органның «ақпаратты бере алмаймыз» деген жауабы автоматты түрде заң бұзушылықты білдірмейді. Жауапта бас тартудың нақты заңды негізі көрсетілуі керек.
Сұрауды қалай жазған дұрыс?
Ақпарат сұрағанда ең маңыздысы – сұрақты дұрыс қою. Мысалы, «2026 жылы аудан әкімдігіне жол жөндеуге қанша қаржы бөлінді?», «Осы жоба бойынша жасалған шарттың көшірмесін беруді сұраймыз», «2025–2026 жылдары нысанға жүргізілген тексерулер туралы ақпарат беруді сұраймыз». Яғни, «осы мәселе бойынша түсініктеме беріңіз» дегеннен гөрі, нақты құжатты, соманы, мерзімді немесе деректі сұраған дұрыс.
Заң бойынша ақпарат иеленуші сұраудың мазмұнын нақтылауды талап ете алады. Сонымен бірге, оның міндеттерінің бірі – анық әрі толық ақпарат беру.
Қанша уақытта жауап беруі керек?
«Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңның 11-бабы 10-тармағына сәйкес, жазбаша ақпарат сұрауына жауап сұрау ақпарат иеленушіге түскен күннен бастап күнтізбелік 15 күн ішінде берілуі тиіс.
Сондықтан, журналист немесе азамат сұрауды жіберген күнін және оның тіркелгенін сақтап қойғаны дұрыс. Бұл кейін жауаптың мерзімін бақылауға мүмкіндік береді.
Қайда жіберуге болады?
Мемлекеттік органға сұрауды электронды түрде де жолдауға болады. Қазақстанда eOtinish жүйесі арқылы мемлекеттік органдарға ресми өтініш пен ақпарат сұрауын жіберуге мүмкіндік бар. Жүйе арқылы өтініштің қаралу барысын бақылауға болады.
eGov Mobile арқылы да eOtinish қызметіне кіріп, өтініш түрін, мемлекеттік органды таңдап, мәтінді толтырып, құжатқа қол қойып жіберуге болады.
Бұл тәсілдің тағы бір артықшылығы – сұраудың жіберілгені мен оның қаралу барысы электронды жүйеде тіркеледі.
Мемлекеттік орган жауап бермесе не істеу керек?
Ақпарат беруден бас тартылған жағдайда жауапта оның себебі көрсетілуге тиіс. Егер азамат немесе журналист бас тартудың заңдылығымен келіспесе, ақпаратқа қол жеткізу құқығының шектелуіне шағымдануға болады.
«Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңның 18-бабында лауазымды тұлғалардың әрекетіне немесе әрекетсіздігіне, сондай-ақ мемлекеттік органның шешіміне шағым беру мүмкіндігі қарастырылған. Жалпы ереже бойынша мұндай шағым ақпаратты шектеу туралы шешім белгілі болған күннен бастап үш айдан кешіктірілмей беріледі.
Ақпарат сұрау – журналистің жұмыс құралдарының бірі
Ақпаратқа қол жеткізу тетігі журналистік зерттеу үшін ерекше маңызды. Ашық дереккөзде жоқ мәліметті мемлекеттік органнан ресми түрде сұрату арқылы нақтылауға болады. Мысалы, бюджет қаржысының жұмсалуы, мемлекеттік сатып алу, белгілі бір нысанның құрылысы, тексеру нәтижелері немесе мемлекеттік бағдарламаның орындалуы туралы нақты сұрақ қоюға болады.
Бірақ, сұрау салу мемлекеттік органнан журналистің орнына зерттеу жүргізуді немесе жаңа ақпарат жасауды талап етпеуі керек. Ең дұрысы – органның қолында бар нақты құжатты, статистиканы немесе деректі сұрату.
Сондықтан, ақпарат сұраудың басты қағидасы қарапайым: сұрақ неғұрлым нақты қойылса, қажетті деректі алу және жауапты кейін тексеру соғұрлым оңай болады.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда әйел журналистерді кибербуллингтен, онлайн-қудалаудан және цифрлық зорлық-зомбылықтың өзге түрлерінен қорғауға арналған Aiel-qorgan.kz платформасы іске қосылғаны туралы жазған едік.