Қазақстанда жұмыс беруші жалақыдан ақша ұстап қала ала ма?

Кейде қызметкердің қолына тиетін жалақысы күткенінен аз болуы мүмкін. Бұл тек салықтар мен басқа да міндетті төлемдерге байланысты емес. Кей жағдайда жұмыс беруші қызметкердің жалақысынан белгілі бір соманы ұстай алады. Бірақ, жұмыс беруші ақшаны қалаған кезде ұстай алмайды. Мұның нақты заңда көрсетілген тәртібі бар.

Қандай жағдайда жалақыдан ақша ұсталады?

Еңбек кодексіне сәйкес, жалақыдан сот шешімі бойынша немесе заңда көрсетілген жағдайларда ғана ақша ұсталады.

Мысалы, жұмыс беруші мына жағдайларда қызметкердің келісімінсіз де ақша ұстай алады.

Іссапар ақшасы. Қызметкерге іссапарға деп ақша берілді делік. Егер ол ақшаның бір бөлігін жұмсамай, уақытында қайтармаса немесе шығынды растайтын құжаттарды тапсырмаса, жұмыс беруші сол соманы жалақыдан ұстай алады.

Аванс. Егер қызметкерге жалақының бір бөлігі алдын ала төленіп, кейін ол ақша өтелмесе, жұмыс беруші оны ұстап қалуға құқылы.

Еңбек демалысы. Кей жағдайда қызметкердің демалысы басқа уақытқа ауыстырылса немесе ол демалыстан жұмысқа ерте шақырылса, артық төленген ақша жалақыдан ұсталады.

Бірақ, қызметкерге пайдаланылмаған демалыс күндері үшін өтемақы төленсе, бұл жағдайда ақша ұсталмайды.

Оқыту шығындары. Егер жұмыс беруші қызметкерді оқытып, тараптар арасында арнайы оқу туралы келісім жасалса, ал қызметкер шартта көрсетілген мерзімнен бұрын жұмыстан кетсе, жұмыс беруші оқытуға кеткен ақшаны талап ете алады. Бұл сома қызметкердің жұмыс істемей кеткен мерзіміне қарай есептеледі.

Қызметкердің келісімі қашан керек?

Егер ақша ұстауға жоғарыда аталған заңды негіздердің ешқайсысы себеп болмаса, жұмыс берушіге қызметкердің жазбаша келісімі қажет.

Мысалы, жұмыс беруші есептеу кезінде қателесіп, қызметкерге артық жалақы төлеп қойса, оны қайтару мәселесі туындауы мүмкін. Мұндай жағдайда жұмыс беруші ақшаны біржақты тәртіппен ұстай салмауы керек.

Сондықтан, жалақыңыздан ақша ұсталса, оның неге және қандай негізде ұсталғанын сұрауға құқығыңыз бар.

Жұмысқа кешіккені үшін жалақыдан айыппұл ұстай ала ма?
Жоқ, жұмысқа кешіккені үшін жай ғана «айыппұл» салу Еңбек кодексінде тәртіптік жаза ретінде қарастырылмаған.

Заң бойынша жұмыс беруші қызметкерге:

  • ескерту;
  • сөгіс;
  • қатаң сөгіс бере алады.

Ал заңда көрсетілген жағдайларда еңбек шартын бұзуға да құқылы.

Бұдан басқа тәртіптік жаза түрлерін қолдануға болмайды. Оның үстіне тәртіптік жаза бермес бұрын жұмыс беруші қызметкерден жазбаша түсініктеме сұрауы тиіс.

Алайда, жалақыдан ақша ұстау мен сыйақы төлеу тәртібі екі түрлі мәселе екенін ескерген жөн.

Алимент немесе қарыз үшін жалақыдан ақша ұстала ма?

Мұндай жағдайда ақша жұмыс берушінің өз шешімімен емес, атқарушылық құжат негізінде ұсталады.

Мысалы, қызметкерден алимент немесе басқа қарыз өндірілсе, сот орындаушысы жұмыс берушіге тиісті қаулы жібереді. Содан кейін жұмыс беруші жалақыдан заңда көрсетілген мөлшерде ақша ұстап қалады.

Жалақының қанша пайызын ұстай алады?
Жалпы ереже бойынша жалақыдан ай сайын ұсталатын ақша 50 пайыздан аспауы керек.

Яғни, қызметкердің жалақысының кемінде жартысы өзінде қалуға тиіс. Бұл талап бірнеше атқарушылық құжат бойынша ақша өндірілген жағдайда да қолданылады.

Дегенмен, кейбір қарыз түрлері бойынша заңда арнайы тәртіп болуы мүмкін.

Жалақыдан заңсыз ақша ұстап қалса, не істеу керек?

Ең алдымен жалақы туралы есеп парағын тексеріңіз. Онда қанша ақша ұсталғаны және оның қандай себеппен жасалғаны көрсетілуі керек.

Егер ұсталымның себебі түсініксіз болса, жұмыс берушіден түсініктеме және оны растайтын құжаттарды сұрауға болады.

Егер ақша заңсыз ұсталды деп есептесеңіз, еңбек инспекциясына жүгінуге болады.

Өтінішті eOtinish жүйесі арқылы беруге болады.

Өтінішке еңбек шарты, жалақы туралы есеп парағы, банк үзіндісі және жұмыс берушімен жазысқан хаттар сияқты құжаттарды тіркеген дұрыс.

Бұған дейін Youth.kz Қазақстанда еңбек келісімшартынсыз құқықты қалай қорғауға болатынын жазған еді.

Сондай-ақ оқыңыз


Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз