Автокөліктер көлемінің ұлғаюы жол апатынан болатын өлімді арттырады

T&E және Clean Cities ұйымдарының жаңа зерттеуі соңғы жылдары жаңа автокөліктердің өлшемі тұрақты түрде ұлғайып келе жатқанын көрсетеді. Сарапшылардың мәліметінше, жаңа көліктердің орташа ұзындығы жыл сайын 1,2 сантиметрге, ал биіктігі 0,5 сантиметрге өскен. Бұл көрсеткіштер бұған дейінгі зерттеулердің нәтижелерін толықтыра түседі. Мәселен, 2024 жылғы зерттеу жаңа көліктердің ені жылына орта есеппен 0,5 сантиметрге ұлғайып отырғанын анықтаса, 2025 жылғы талдау капот биіктігінің де жыл сайын 0,5 сантиметрге өсетінін көрсетті, деп хабарлайды youth.kz.

Зерттеу авторларының пікірінше, автокөліктердің үздіксіз үлкеюі қоғамда бұл үрдіс жалғаса беруі керек пе әлде көліктердің оңтайлы өлшеміне қайта оралу қажет пе деген сұрақ тудырған. Зерттеуде 2026-2040 жылдар аралығындағы кезеңге арналған екі түрлі даму сценарийі қарастырылған.

Бірінші сценарий – қазіргі үрдістің жалғасуы

Бұл жағдайда мемлекеттік реттеу шаралары енгізілмейді және соңғы жиырма бес жыл бойы байқалып келе жатқан үрдіс сақталады. Соның нәтижесінде жаңа көліктер бұрынғыдай үлкейе береді.

Мұндай өзгеріс негізінен орта және ірі санаттағы (C, D және E сегменттері) автомобильдердің үлесінің артуы, сондай-ақ барлық санаттарда жол талғамайтын көліктердің (SUV) көбеюіне жол ашады.

Екінші сценарий – оңтайлы өлшемге көшу

Бұл нұсқада мемлекеттер мен жергілікті билік органдары ықшам көліктерді қолдауға бағытталған саясат жүргізеді. Соның нәтижесінде шағын А және В сегментіндегі автомобильдердің үлесі артып, жол талғамайтын көліктердің саны азаяды.

Осы саясаттың арқасында 2040 жылға қарай жаңа көліктердің орташа өлшемі 2010-2015 жылдардағы деңгейге қайта жақындайды.

Жиырма бес жылдық өзгеріс

Зерттеу деректері жаңа жеңіл автокөліктердің өлшемі соңғы ширек ғасыр бойы үздіксіз өсіп келе жатқанын көрсетеді.

Бүгінде отбасылардың орташа саны азайып, көлік сыйымдылығына деген қажеттілік төмендегеніне қарамастан, автокөлік өндірушілері нарыққа бұрынғыдан ірі модельдерді шығаруды жалғастыруда.

2000 жылдан бергі статистика төмендегідей өзгерістерді көрсетеді:

– жаңа көліктердің орташа ұзындығы жыл сайын 1,2 сантиметрге артады;

– көліктің жалпы биіктігі жылына 0,5 сантиметрге өседі;

– ені орта есеппен жылына 0,5 сантиметрге кеңейеді;

– 2010 жылдан бері капот биіктігі де жыл сайын 0,5 сантиметрге ұлғайып келеді.

Сарапшылардың пікірінше, көліктердің шамадан тыс үлкеюі бірқатар жағымсыз салдарға алып келеді. Олар жол қауіпсіздігін төмендетіп, қоғамдық кеңістікті көбірек иеленеді, ресурстардың артық жұмсалуына себеп болады және пайдалану шығынын арттырады.

2040 жылға қарай не өзгеруі мүмкін?

Егер қазіргі үрдіс сақталатын болса, оның салдары бірнеше негізгі салада байқалады.

Автокөліктердің ұзарып, кеңеюі олардың көше бойындағы тұрақтарда көбірек орын алуына әкеледі.

Зерттеу нәтижесі бойынша, 2040 жылға қарай қазіргі үрдіс жалғасса, қалалар көше бойындағы тұрақ орындарының 8,5-14 пайызынан айырылуы мүмкін.

Бұл көрсеткіш көшелердің ерекшелігіне және жүргізушілердің тар орындарға көлік қоюға дайындығына байланысты өзгеріп отырады.

Ал көліктердің оңтайлы өлшемін сақтайтын саясат енгізілген жағдайда, жаңа көліктердің көлемі пайдаланудан шығарылатын ескі көліктердің көлеміне шамалас болады. Соның арқасында автопарктің орташа өлшемі тұрақтанып, қоғамдық кеңістікке түсетін қысым азаяды.

Керісінше, қазіргі үрдіс жалғасатын болса, жоғалған тұрақ орындарының орнын толтыру үшін қалалар жаяу жүргіншілерге, велосипедшілерге және қоғамдық демалыс аймақтарына арналған аумақтарды қысқартуға мәжбүр болуы мүмкін.

Көліктердің үлкеюі жол қауіпсіздігіне және энергия жүйесіне әсер етеді

Зерттеу мәліметтері бойынша, қазіргі үрдіс сақталған жағдайда 2040 жылға қарай балалардың жол-көлік оқиғаларынан қаза болу көрсеткіші «оңтайлы өлшем» сценарийімен салыстырғанда 40 пайызға жоғары болуы мүмкін. Жалпы алғанда, жаяу жүргіншілер, велосипедшілер мен мотоцикл жүргізушілері сияқты осал жол қозғалысы қатысушылары арасында қосымша 2600-ге жуық өлім тіркелуі ықтимал. Оның ішінде 79 бала бар. Мұның басты себептерінің бірі – капоты биік көліктердің адамды қағып кеткен кезде ауыр жарақат салу қаупінің жоғары болуы.

Зерттеуде энергия тұтыну мәселесі де қарастырылған. Үлкен көліктердің салмағы мен өлшемі артқан сайын оларды қозғалысқа келтіру үшін көбірек энергия қажет болады. Егер қазіргі үрдіс жалғаса берсе, 2040 жылға қарай Еуропаға жыл сайын қосымша 22,5 ТВт·сағ электр энергиясы қажет болады. Бұл шамамен қуаты 5 МВт болатын 1500 жерүсті жел турбинасының өндіретін энергиясына тең. Соның салдарынан үй шаруашылықтарының электр көліктерін зарядтауға жұмсайтын шығындары айтарлықтай өсіп, тек 2040 жылдың өзінде қосымша 7 миллиард еуроға жетуі мүмкін.

Сонымен қатар, үлкен көліктер мұнайға деген тәуелділікті де арттырады. Себебі 2026-2040 жылдар аралығында іштен жанатын қозғалтқышы бар көліктер автопарктің едәуір бөлігін құрайды. Зерттеу бойынша, қазіргі үрдіс сақталса, осы кезеңде Еуропаға қосымша 100 миллион баррель мұнай импорттау қажет болады.

Егер көмірқышқыл газы шығарындыларына қатысты талаптар әлсіресе, бұл көрсеткіш 140 миллион баррельге дейін жетуі мүмкін.

Зерттеу авторлары көліктердің шектен тыс үлкеюі қоғамдық қауіпсіздікке, қалалық кеңістікке және энергия жүйесіне елеулі салмақ түсіретінін атап к-рсеткен. Сондықтан олар жаңа көліктер үшін капот биіктігін 85 сантиметрмен, ал енін 192 сантиметрмен шектеуді, көлік өлшемдерін тіркеу құжаттарына енгізуді, шағын электр көліктерін қолдауды, балалардың жүргізуші орнынан көріну деңгейін қауіпсіздік бағалауларына қосуды және көлік салығы мен тұрақ ақысын көлік өлшеміне байланысты есептеуді ұсынады.

Зерттеу қорытындысы бойынша, егер саясаткерлер көліктердің көлемінің ұлғаюын шектеу бағытында шаралар қабылдамаса, оның жағымсыз салдары алдағы жылдары одан әрі күшейе түседі.

Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз