Дүкен ақшаны қайтарудан бас тартса, не істеу керек?
Дүкен тауарды кері қабылдаудан немесе ақшаны қайтарудан бас тартса, бұл сатып алушының өз құқығын қорғай алмайтынын білдірмейді. Қазақстанда тауарды қайтару тәртібі сатып алушының оны не себепті қайтарғысы келетініне байланысты: тауар сапасыз болуы немесе сатып алушыға сәйкес келмеуі мүмкін. Youth.kz тауарды қандай жағдайда қайтаруға болатынын және дүкен бас тартқан кезде не істеу керектігін түсіндіреді.
Тауарды қандай жағдайда қайтаруға болады?
Егер сөз сапалы азық-түлікке жатпайтын тауар туралы болса, сатып алушы оны алған күннен бастап 14 күн ішінде өлшемі, пішіні, фасоны, түсі немесе жиынтықталуы бойынша сәйкес келетін басқа тауарға айырбастауға құқылы. Бұл Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңының 14-бабында қарастырылған.
Егер сатушыда айырбастауға болатын сәйкес тауар болмаса, сатып алушы тауарды қайтарып, төленген ақшасын алуға құқылы. Бұл ретте тауар пайдаланылмаған болуы, оның тауарлық түрі, тұтынушылық қасиеттері, пломбалары, жапсырмалары мен фискалды чектің сақталуы маңызды.
Алайда қайтаруға немесе айырбастауға жатпайтын тауарлардың санаттары да бар. Олардың қатарына дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар, ішкиім, шұлық-ұйық бұйымдары, жануарлар мен өсімдіктер, сондай-ақ ұзындық өлшемімен сатылатын кейбір тауарлар жатады. Сондықтан тауарды қайтармас бұрын оның заңда белгіленген ерекшеліктерге жататынын тексеріңіз.
Тауар ақаулы болып шықса не істеу керек?
Егер сатып алғаннан кейін тауардың ақауы анықталса, оны қайтару тәртібі өзгеше болады. Мұндай жағдайда тұтынушы заңда көзделген талаптарды қоюға құқылы. Атап айтқанда, жағдайға және ақаудың сипатына қарай тауардың кемшіліктерін жоюды, оны ауыстыруды немесе ақшаны қайтаруды талап ете алады.
Сапасыз тауардың пайдаланылғаны тұтынушының ақауға байланысты талап қою құқығынан автоматты түрде айырмайды. Дегенмен сатушы тауардың сапасын тексеріп, ақаудың пайда болу себебін анықтауы мүмкін. Сатушы ақау сатып алушының кінәсінен пайда болды деп есептесе, мәселені шешу үшін сапаны тексеру немесе сараптама жүргізу қажет болуы мүмкін. Тұтынушы тексеруге қатысуға және оның нәтижелерімен келіспеген жағдайда оларды заңда белгіленген тәртіппен даулауға құқылы.
Мерзімі өтіп кеткен немесе белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін тауарларға қатысты да арнайы ережелер бар. Заңда мұндай тауарларды сатып алған күннен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде айырбастау немесе ақшасын қайтару мүмкіндігі қарастырылған.
Сатушы «Ақшаны қайтармаймыз» десе, не істеу керек?
Сатушымен ауызша дауласып қана қоймаған жөн: егер дүкен тауарды қайтару туралы талапты орындаудан бас тартса, жазбаша наразылық (претензия) жолдау қажет. Бұл жайлы gov.kz-те жазады
Наразылықта мынадай мәліметтер көрсетілуі керек:
- дүкеннің немесе сатушының атауы;
- сатып алу күні мен орны;
- тауардың атауы мен бағасы;
- сатып алу және қайтару себебі;
- нақты талап: ақшаны қайтару немесе тауарды ауыстыру;
- өтініш жасалған күн және сатып алушының байланыс деректері.
Өтінішке чектің немесе сатып алуды растайтын басқа құжаттың көшірмесін қоса берген міндетті.
Наразылықты дүкенге жеке тапсыруға, табысталғаны туралы хабарламасы бар тапсырысты хатпен жіберуге немесе сатушы бұрын көрсеткен электрондық пошта мекенжайына жолдауға болады. Егер наразылықты дүкенге жеке тапсырсаңыз, оның көшірмесіне қабылданған күні мен қабылдағаны туралы белгі қойдыруды ұмытпаңыз. Бұл құжатты өзіңізде сақтаңыз.
Дүкен наразылықты қанша уақытта қарауы керек?
Сатушы тұтынушының наразылығын қарауға міндетті. Егер ол қойылған талаптармен келіспесе, наразылықты алған күннен бастап 10 күнтізбелік күн ішінде өз ұстанымын негіздейтін құжаттарды қоса тіркеп, дәлелді жазбаша жауап беруге тиіс. Бұл талап Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңының 42-4-бабында көзделген.
Егер дүкен белгіленген мерзімде жауап бермесе немесе талапты орындаудан жазбаша бас тартса, тұтынушы тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілетті органдарға жүгіне алады.
Дүкен бас тартқаннан кейін қайда жүгінуге болады?
Егер мәселені дүкенмен тікелей шешу мүмкін болмаса, тұтынушы Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің аумақтық бөлімшесіне жүгіне алады немесе «Е-Өтініш» жүйесі арқылы өтініш бере алады. Өтінішке дауға қатысты құжаттарды тіркеу қажет. Олардың қатарына сатушыға жолданған наразылық, алынған жауап, сатып алуды растайтын чек немесе басқа құжат, тауардың фотосуреттері, дүкенмен хат алмасу және өзге де дәлелдер кіреді.
Заңнамада мемлекеттік органдарға жүгінудің мерзімдері де белгіленген. Жалпы ереже бойынша, егер заңнамада өзгеше мерзім көзделмесе, тұтынушы сатушыға наразылық білдірген сәттен бастап екі айдан кешіктірмей мемлекеттік органға жүгіне алады. Егер дауды сотқа дейінгі тәртіппен шешу мүмкін болмаса, тұтынушы сотқа жүгінуге құқылы.
Чек болмаса, тауарды қайтаруға бола ма?
Қағаз чектің болмауы сатып алушының тауарды сатып алғанын дәлелдеу мүмкіндігінен автоматты түрде айырмайды. Сатып алу фактісін электрондық чек, банк операциясы, банк қосымшасындағы төлем туралы ақпарат, дүкенмен хат алмасу және басқа да құжаттар немесе деректер арқылы растауға болады.
Сондықтан сатып алғаннан кейін электрондық чектер мен төлемді растайтын құжаттарды сақтаған жөн. Бұл әсіресе қымбат техника немесе басқа да ірі сатып алулар үшін маңызды.
Қандай құжаттарды сақтау керек?
Сатып алу мен сатушыға жүгіну жағдайларын растайтын құжаттар неғұрлым көп болса, өз ұстанымыңызды дәлелдеу соғұрлым жеңіл болады. Дүкенмен дау туындаған жағдайда мына құжаттар қажет болуы мүмкін:
- қағаз немесе электрондық чек;
- банк үзіндісі немесе төлемді растайтын құжат;
- кепілдік талоны;
- сатып алу-сату шарты немесе тапсырыс туралы мәліметтер;
- тауардың және оның ақауларының фотосуреттері;
- сатушымен хат алмасу;
- жазбаша наразылық;
- дүкеннің жауабы;
- сапаны тексеру немесе сараптама жүргізілгенін растайтын құжаттар.
Адамдар құқықтарының бұзылуына тап болған кезде жиі абдырап қалады. Олар қайда баруы керек? Кімге хабарласуы керек? Бұл сұрақтардан аулақ болу үшін Youth.kz егжей-тегжейлі нұсқауларды жинақтады.