Алматыда ауладағы шлагбаумға қатысты жаңа талаптар енгізіледі
Алматыда аулаларға шлагбаум орнатудың бірыңғай ережелері енгізілмек. Енді шлагбаум орнату үшін аудан әкімдігімен келісу міндетті болады. Сонымен қатар, орнатылатын шлагбаумдар қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес келуі тиіс.
Жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Ержан Диханбаевтың мәслихат отырысында айтуынша, енді аулаларға шлагбаум орнату үшін міндетті түрде аудан әкімдігінің рұқсатын алу қажет. Мәслихат отырысы Almaty TV News YouTube-арнасында көрсетілді.
Оның сөзінше, егер мәселе бірнеше көшені байланыстыратын өтпелі аулаларға қатысты болса, өтінішті қарауға өртке қарсы қызмет мамандары да тартылады. Ал шлагбаум орнатуға қатысты түпкілікті шешімді аудан әкімдігі қабылдайды.
Сонымен қатар, жаңа талаптарға сәйкес шлагбаум жедел қызметтердің көліктеріне кедергі келтірмеуі тиіс. Бұл талап жедел жәрдем, өрт сөндіру қызметі, полиция және басқа да арнайы техникалардың кедергісіз өтуін қамтамасыз етуге бағытталған.
Ол үшін екі нұсқа қарастырылған. Біріншісі – шлагбаумның арнайы көліктердің дыбыстық сигналдарын автоматты түрде танып, өздігінен ашылуы. Екіншісі – қашықтан басқару жүйесі, мұнда жауапты адам бір батырманы басу арқылы шлагбаумды аша алады.
«Жедел қызметтердің кедергісіз өтуін қамтамасыз етудің екі жолы бар. Біріншісі – жедел жәрдем, өрт сөндіру қызметі және полиция көліктерінің дыбыстық сигналдарын автоматты түрде танитын шлагбаум. Екіншісі – қашықтан қол жеткізу жүйесі, онда жауапты адам бір батырманы басып, шлагбаумды аша алады», – деді Ержан Диханбаев.
Мәслихаттағы талқылау барысында депутат Асқар Бисқұлтанов бұған дейін орнатылған шлагбаумдар туралы мәселе көтерді.
Қалалық басқарма өкілдері мұндай шлагбаумдардың иелері де қайта келісу рәсімінен өтуге міндетті екенін растады. Қажет болған жағдайда оларды жаңа қауіпсіздік талаптарына сай қайта жабдықтау қажет болады.
Сондай-ақ шлагбаум орнату үшін тұрғындар жалпы жиналыс өткізуі тиіс. Егер бастаманы пәтер иелерінің 60 пайыздан астамы қолдаса, аудан әкімдігіне өтініш беруге болады.
Жоба авторларының пікірінше, жаңа ережелер шлагбаум орнату тәртібін жүйелеп, арнайы қызметтердің кедергісіз қозғалысын қамтамасыз етеді әрі бұл рәсімді тұрғындар үшін түсінікті етеді.
Заңгер Бақытжан Шалабаеваның youth.kz-ке сұқбат беріп, шлагбаум орнатуды аудан әкімдігімен келісу талабы тұрғындардың құқықтарын шектеуге емес, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған шара екенін айтты. Аула аумағы ортақ мүлік болғандықтан, мұндай шешімдерді барлық меншік иелерінің қатысуымен қабылдау заң талаптарына сәйкес келеді.
«Жаңа талаптар көппәтерлі тұрғын үйлердің ортақ мүлкін басқару қағидаттарына сай келеді. Шлагбаум орнату немесе оны қайта жабдықтау мәселесі тұрғындардың жалпы жиналысында қаралып, заңда белгіленген тәртіппен мақұлдануы тиіс. Сондай-ақ шлагбаумның жедел жәрдем, өрт сөндіру қызметі мен полиция көліктерінің кедергісіз өтуіне мүмкіндік беруі – қауіпсіздікті қамтамасыз етудің міндетті талабы. Егер бастаманы пәтер иелерінің 60%-дан астамы қолдаса, аудан әкімдігіне өтініш беруге болады. Егер әкімдік қолдамаса, сотқа жүгінуге болады. Жалпы тұрғын үй аумағы әкімдікке қарайтындықтан, шлагбаум орнату үшін аудан әкімдігімен келісу заңды процесс», – дейді ол.