Аналар балаларына жұп іздейді: АҚШ-тағы Shmingle қосымшасы қалай жұмыс істейді?
АҚШ-та танысуға арналған Shmingle қосымшасы әзірленіп жатыр. Tinder мен Hinge сияқты танымал танысу қосымшаларында пайдаланушылар анкеталарды өздері қарап, әлеуетті серігін таңдаса, ал Shmingle платформасында бұл міндетті ата-аналар атқарады. Олар үміткерлерді іздеп, анкеталарымен танысады және таныстыруды ұйымдастыру үшін басқа отбасылармен байланыса алады. Толығырақ Youth.kz материалында.
Идея қалай пайда болды?
Shmingle жобасының негізін АҚШ-тағы Tulane University университетінің 2025 жылғы түлектері Райан Орлов пен Зак Стурза қалаған.
Жобаның идеясы Орловтың жеке тәжірибесінен туындаған. Ол сүйіктісімен айырылысқаннан кейін анасы ұлының жеке өмірін реттеуге көмектесуді ұйғарып, Нью-Йорктен оған лайықты еврей қыздарын іздей бастаған. Осы жағдай Орловты көптеген ата-ана ересек балаларына жұпты өз бетінше іздейтінін, алайда бұл үшін арнайы цифрлық платформаның жоқ екенін ойландырған.
Ол бұл идеясын досы Зак Стурзамен бөлісіп, бірге ата-аналарға балаларына жұп іздеуге мүмкіндік беретін сервис құруды шешкен. Екі негізін қалаушының бірлесіп жұмыс істеу тәжірибесі де болған: университетте оқып жүрген кезінде олар еврей студенттерінің Alpha Epsilon Pi бауырластығының жергілікті бөлімшесін қайта жандандырумен айналысқан.
Alpha Epsilon Pi басылымының 2026 жылғы 13 қарашадағы мәліметінше, мақала жарияланған кезде команда платформаны іске қосуға дайындалып жатқан.
Shmingle қалай жұмыс істейді?
Қосымшаның негізгі механизмі ата-аналардың қатысуына құрылған. Анасы платформаға тіркеліп, ересек ұлының немесе қызының анкетасын жасайды. Содан кейін басқа пайдаланушылардың профильдерін қарап, әлеуетті серіктерді бағалайды. Егер үміткер қызығушылық танытса, оның ата-анасымен байланыса алады. Екі тарап та танысуға келіссе, отбасылар кездесуді ұйымдастыру жөнінде келіседі. Осылайша, бастапқы іріктеуді жастардың өздері емес, ата-аналары жүргізеді. Алайда кездесуге бару немесе қарым-қатынасты жалғастыру туралы шешім жастардың өз еркінде қалады.
Жоба негізін қалаушылар алғашқы кездесудің ақысын ата-аналар төлейтін мүмкіндік енгізуді де қарастырған. Бастапқы кезеңде сервис Нью-Йорктегі еврей қауымдастығына бағытталды. Кейін команданың Майами, Филадельфия және Чикаго қалаларына кеңею жоспары болды. Қосымшаны 2027 жылғы қаңтарда іске қосу жоспарланған.
Цифрлық құда түсірудің алғашқы үлгісі емес
Ата-аналарды жұп іздеу процесіне тарту идеясы АҚШ-та Shmingle-ден әлдеқайда бұрын пайда болған. Осындай жобалардың бірі – JustKibbitz. Ол аналарға ересек балаларына өз бетінше жұп іздеуге мүмкіндік беру үшін жасалған.
2021 жылғы қаңтарда Jewish Telegraphic Agency (JTA) басылымы «On Jewish Dating Site, Moms Get to Play the Yenta» атты материал жариялады. Сервис ата-аналарға балаларының анкеталарын жасауға, басқа пайдаланушылардың профильдерін қарауға және танысуға лайықты үміткерлерді ұсынуға мүмкіндік берген.
Тағы бір мысал – 2023 жылғы шілдеде New York Jewish Week басылымы жазған Loop қосымшасы. Оның негізгі ерекшелігі – ортақ достар мен таныстар арқылы жұп табу. Shmingle-ден айырмашылығы, Loop-та іздеу процесіне ата-аналармен қатар, пайдаланушылардың әлеуметтік ортасындағы басқа адамдар да қатыса алады.
Неліктен қосымша қоғамда пікірталас тудырды?
Мұндай платформалардың пайда болуы ата-аналардың ересек балаларының жеке өміріне қаншалықты араласуы керектігі туралы сұрақ туындатуда. Бір жағынан, ата-аналар балалары үшін маңызды отбасылық құндылықтар мен мәдени ерекшеліктерді жақсы білуі мүмкін. Сондай-ақ жақын адамдар арқылы танысу алғашқы кездесуге дейін әлеуетті серік туралы белгілі бір ақпарат алуға мүмкіндік береді.
Екінші жағынан, адамның өз таңдауын қаншалықты еркін жасай алатыны туралы мәселе туындайды. Қосымша кездесуден бас тартуға мүмкіндік бергенімен, жастар отбасы тарапынан қысым сезінуі мүмкін. Мысалы, олар үміткерге қызығушылық танытқандықтан емес, анасын ренжітпеу үшін кездесуге келісуі ықтимал.
Тағы бір пікірталас мәдени дәстүрлерге қатысты. Еврей қауымдастығында «шидух» (shidduch) деп аталатын дәстүрлі жұп іздеу тәжірибесі бар. Бұл ретте лайықты серікті таңдауға туыстар, таныстар немесе арнайы делдалдар қатысуы мүмкін. Діни отбасылар үшін мұндай тәсіл танысу мен отбасын құрудың қалыпты бөлігі саналады. Алайда еврей жастарының барлығы бірдей дәстүрлі көзқарасты ұстанбайды немесе серік таңдауға ата-анасының араласқанын қаламайды.
Бұдан бөлек, ата-аналар балаларына кімнің ұнайтынын әрдайым дәл болжай алмауы мүмкін. Олар үміткердің біліміне, отбасылық тегіне, діни ұстанымына және әлеуметтік жағдайына мән беруі ықтимал. Ал жастар үшін мінез, эмоционалдық үйлесім мен жеке тартымдылық маңыздырақ болуы мүмкін.
Кейбіреулер алгоритмдер мен свайптар арқылы серіктес іздеуді жалғастырса, басқалары жылдам танысуды, әлеуметтік кешкі астарды және кездесулерді таңдайды. Youth.kz 2026 жылғы ең танымал нұсқалар жайлы жазды.