Қазақстанда өз еркімен жұмыстан қалай шығуға болады?
Қазақстанда қызметкер өз еркімен жұмыстан шығу үшін себебін түсіндіруге міндетті емес. Алайда бұл үшін белгілі бір талаптарды сақтау қажет: жұмыс берушіні жазбаша түрде алдын ала ескерту, заңда белгіленген мерзімді сақтау және жұмыстан шыққан кезде тиесілі төлемдерді алу. Сонымен қатар жұмыс беруші қызметкерге жұмыс істеген уақыты үшін жалақысын төлеуге және пайдаланылмаған еңбек демалысы күндері үшін өтемақы беруге міндетті. Ендеше, жұмыстан қалай дұрыс шығуға болатынын, қанша уақыт жұмыс істеу керектігін және заң бойынша қандай төлемдер қарастырылғанын қарастырайық.
Жұмыстан шығу туралы өтінішті қалай жазу керек?
Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 56-бабына сәйкес, қызметкер еңбек шартын өз бастамасы бойынша бұзуға құқылы. Ол үшін жұмыс берушіні жұмыстан шығатын күнге дейін кемінде бір ай бұрын жазбаша түрде хабардар етуі керек.
Өтінішті басшыға немесе кадр бөліміне тапсыруға болады. Құжатты екі дана етіп дайындаған жөн: бір данасы жұмыс берушіде қалады, ал екіншісіне өтініштің қабылданғаны туралы белгі қойылады.
Сонымен қатар қызметкер жұмыстан не себепті кететінін түсіндіруге міндетті емес. Еңбек шартын өз бастамасы бойынша бұзу туралы өтініш жазу жеткілікті.
Бір ай жұмыс істеу міндетті ме?
Заң бойынша жұмыс берушіні жұмыстан шығу туралы ескерту мерзімі кемінде бір айды құрайды. Алайда жұмыс беруші жазбаша келісім берсе, қызметкер жұмыстан ертерек шыға алады. Мұндай жағдайда тараптар еңбек қатынастары тоқтатылатын күнді өзара келіседі.
Егер жұмыс беруші еңбек шартының талаптарын орындамаса, жұмыстан шығудың арнайы тәртібі қолданылады. Қызметкер алдымен жұмыс берушіге заң бұзушылық туралы жазбаша хабарлауы керек. Егер жеті жұмыс күні ішінде жағдай өзгермесе, қызметкер жұмыс берушіні кемінде үш жұмыс күні бұрын ескертіп, еңбек шартын бұза алады.
Бұл талаптардың барлығы ҚР Еңбек кодексінің 56-бабында көрсетілген.
Жұмыстан шыққан кезде жалақы төлене ме?
Иә. Қызметкер өз еркімен жұмыстан шықса да, жұмыс беруші оған тиесілі барлық ақшаны төлеуге міндетті.
ҚР Еңбек кодексінің 113-бабына сәйкес, еңбек шарты тоқтатылғаннан кейін жұмыс беруші қызметкермен соңғы есеп айырысуды үш жұмыс күнінен кешіктірмей жүргізуі керек. Оған мыналар кіреді:
Жалақы: қызметкерге бұрын төленбеген, нақты жұмыс істеген күндері үшін жалақы берілуі керек.
Пайдаланылмаған еңбек демалысы үшін өтемақы: егер қызметкердің жыл сайынғы ақылы еңбек демалысының пайдаланылмаған күндері қалса, жұмыс беруші сол күндер үшін өтемақы төлеуге міндетті.
Өзге де төлемдер: еңбек немесе ұжымдық шартта қарастырылған және тиісті талаптары орындалған жағдайда, есептелген сыйақылар мен қосымша төлемдер берілуі мүмкін.
Пайдаланылмаған еңбек демалысы үшін өтемақы қызметкердің орташа жалақысы негізінде есептеледі. Бұл талап Еңбек кодексінің 96-бабында көрсетілген.
Жұмыс беруші жалақыны төлемесе не істеу керек?
Жұмыс беруші қызметкер өз еркімен жұмыстан шыққаны үшін оның жалақысын ұстап қалуға құқылы емес. Сондай-ақ жұмыстан кеткені үшін жаза ретінде бұрын еңбектеніп тапқан ақшасын бермеуге болмайды. Егер соңғы есеп айырысу заңда белгіленген мерзімде жүргізілмесе, қызметкер мемлекеттік еңбек инспекциясына шағымдана алады.
Сонымен қатар Еңбек кодексінің 113-бабына сәйкес, төлемдер кешіктірілген жағдайда жұмыс беруші қарыз сомасын төлеуге және әрбір кешіктірілген күн үшін өсімпұл есептеуге міндетті. Ол Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлемесінің 1,25 еселенген мөлшері негізінде есептеледі.
Жұмыстан шыққаннан кейін салдар болуы мүмкін бе?
Өз еркімен жұмыстан шығу қызметкерге айыппұл салуға немесе басқа да жаза қолдануға негіз болмайды. Әр адам еңбек қатынастарын жалғастыру немесе тоқтату туралы шешімді өзі қабылдауға құқылы. Дегенмен бірнеше жайтты ескерейік.
Біріншіден, өз еркімен жұмыстан шыққан қызметкерге, әдетте, жұмыстан босату жәрдемақысы төленбейді. Мұндай төлем тек заңда немесе еңбек шартында көзделген жағдайларда беріледі.
Екіншіден, егер қызметкер жұмыс берушімен келіспей, ескерту мерзімі аяқталғанға дейін жұмысқа келмей қойса, бұл тәртіптік жазаға, соның ішінде басқа негіз бойынша жұмыстан шығаруға себеп болуы мүмкін.
Үшіншіден, жұмыстан кетер алдында қызметкер өзіне бекітілген жұмыс құжаттарын, жабдықтарды және ұйымның мүлкін тиісті тәртіппен тапсыруы керек.
Жұмыс беруші қандай құжаттарды беруі керек?
Еңбек шартын тоқтату жұмыс берушінің актісімен (жұмыстан шығару туралы бұйрықпен) рәсімделеді. Онда еңбек қатынастарының тоқтатылу негізі көрсетілуі керек.
Сонымен қатар қызметкерге еңбек шартын тоқтату туралы актінің көшірмесі ол шығарылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде берілуі тиіс. Ал еңбек қызметін растайтын құжат жұмыстан шыққан күні табысталуы керек. Бұл талаптар ҚР Еңбек кодексінің 61 және 62-баптарында көрсетілген.
Youth.kz бұған дейін біреуді ескертусіз жұмыстан шығаруға болатынын және қызметкер шешіммен келіспеген жағдайда не істеу керектігін қарастырған болатын.