Қазақстанда екі мектеп оқулығы қайта басып шығарылды

Қазақстанда сарапшылар бекіткен нұсқадан ауытқулар анықталған екі мектеп оқулығының тиражы қайта басылды. Бір оқулықта ұлттық мазмұн мен ертегі кейіпкерлерінің суреттеріне қатысты ескертулер болған. Ал екінші басылымның мазмұны сараптама комиссиясы мақұлдаған нұсқаға сәйкес келмеген. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі Tengrinews редакциясының ресми сауалына берген жауабында мәлімдеген.

Қандай оқулықтар қайта басылды?

Бірінші жағдай Express Publishing баспасынан шыққан екінші сыныпқа арналған ағылшын тілі оқулығына қатысты. Білім мазмұнын сараптау республикалық ғылыми-практикалық орталығының мамандары тексеру кезінде оқулықтың бекітілген нұсқасынан ауытқуларды анықтаған. Ескертулер ұлттық мазмұнның берілуіне және ертегі кейіпкерлерінің бейнелеріне қатысты болған.

Осыдан кейін баспа анықталған кемшіліктерді түзетіп, оқулықтың бүкіл тиражын өз қаражатына қайта басып шығарған. Жаңартылған нұсқалары мектептерге жіберілген.

Екінші жағдай 2022 жылы «Алматыкітап» баспасынан шыққан екінші сыныпқа арналған «Әдебиеттік оқу» оқулығының хрестоматиясына байланысты. Тексеру барысында оның мазмұны пәндік сараптама комиссиясы бекіткен нұсқамен сәйкес келмейтіні анықталған. Баспа қажетті өзгерістер енгізіп, тиражды қайта басып, мектептердегі оқулықтарды ауыстырған.

Оқулықтағы қателер үшін кім жауап береді?

Оқу-ағарту министрлігінің түсіндіруінше, қолданыстағы заңнама бойынша оқулықтардағы қателер мен сарапшылар мақұлдаған нұсқадан ауытқуларға баспалар жауап береді.

Егер мұндай кемшіліктер анықталса, баспа оларды жойып, бүкіл тиражды өз есебінен ауыстыруға міндетті.

Министрлік мектеп оқулықтары бірнеше кезеңнен өтетінін айтады. Алдымен ғылыми-педагогикалық сараптама жүргізіледі, содан кейін оқулықтар апробациядан өтеді. Бұдан бөлек, қайта сараптама, қоғамдық талқылау және пәндік сараптама комиссиясының қарауы қарастырылған.

Оқулықтарды бағалауға арнайы дайындықтан өткен, сарапшы сертификатын алған ғалымдар мен педагогтер қатысады. Тек оң қорытынды берілген басылымдар ғана мектептерде пайдалануға рұқсат етілген оқулықтар тізіміне енгізіледі.

Министрлік аталған екі оқулық та анықталған кемшіліктер түзетілгеннен кейін ғана мектептерде пайдалануға жіберілгенін хабарлады.

Оқулықтан қате тапқан жағдайда қайда хабарлау керек?

Оқу-ағарту министрлігі оқулықтардан фактілік, грамматикалық немесе басқа да қателерді байқаған ата-аналар мен мұғалімдер өз ескертулерін ведомствоның және Білім мазмұнын сараптау республикалық ғылыми-практикалық орталығының ресми парақшалары арқылы жолдай алатынын түсіндірді.

Сонымен қатар, сараптама кезеңінде оқулықтар аталған орталықтың сайтында ашық қоғамдық талқылауға ұсынылады. Түскен ұсыныстар қаралып, оқу материалдарының мазмұнын бағалау кезінде ескеріледі.

Бұған дейін екінші сынып оқулығындағы әңгіме талқыланған еді

Еске салайық, бұған дейін екінші сыныпқа арналған «Әдебиеттік оқу» оқулығындағы «Әкемен ренжісу» атты әңгіме қоғамда қызу талқыланған болатын. Ата-аналар шығарманың кейбір тұстарына, соның ішінде әпкесінің інісін ұйықтату үшін шешіндіріп, сүйетін тұсына наразылық білдірген.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, бұл әңгіме оқулыққа 2017 жылы енгізілген. 2023 жылғы қоғамдық талқылаудан кейін шығармаға қосымша сараптама жүргізілмеген.

Алайда әңгіме оқуға міндетті шығармалардың жаңартылған тізіміне енбеген. Жаңа оқу бағдарламалары бекітілгеннен кейін жаңа оқулықтар әзірленеді.

Бұған дейін 1 қыркүйектектен бастап Қазақстан мектептерінде не өзгеретінін жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз


Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз