Шенеуніктердің азаматтарды қабылдау тәртібі өзгереді

Қазақстанда азаматтарды жеке қабылдаудың бірыңғай тәртібі күшіне енді. Онда нақты мерзім, цифрлық есеп және кездесулерді міндетті түрде тіркеу қарастырылған. Ауыл әкімдерінен бастап министрлерге дейінгі барлық шенеунік азаматтарды жеке өзі қабылдауға міндеттелді. Қабылдау кезінде болған әңгімелер аудио және видеоға жазылып отырады. 

Құжатқа сәйкес, азаматтарды жеке қабылдауға жазу туралы өтініштер «Электрондық өтініштер» жүйесі арқылы тіркеледі. Қабылдауға жазылу туралы өтінішті қабылдаудан бас тартуға болмайды. Егер өтініш белгіленген талаптарға сай рәсімделмесе, азаматқа анықталған кемшіліктерді түзету үшін үш жұмыс күні беріледі.

Жаңа ережелер 2026 жылғы 28 шілдедегі №663 Үкімет қаулысымен бекітілді. Құжатқа премьер-министр Олжас Бектенов қол қойған.

Енді министрліктер мен ведомстволардың бірінші басшылары, олардың аумақтық бөлімшелерінің басшылары, барлық деңгейдегі әкімдер мен олардың орынбасарлары, басқарма және бөлім басшылары азаматтарды кемінде айына бір рет жеке қабылдауы керек. Бұл талап кент, ауыл және ауылдық округ әкімдеріне, сондай-ақ мәслихат төрағаларына да қатысты.

Қабылдау кестесі тоқсан сайын жаңартылып отырады.

Қабылдауға жазылудан бас тартуға болмайды

Азаматтарды жеке қабылдауға жазу туралы өтініштер «Электрондық өтініштер» жүйесінде тіркеледі. Мемлекеттік орган азаматтың қабылдауға жазылу туралы өтінішін қабылдаудан бас тарта алмайды.

Егер өтініш дұрыс рәсімделмесе, азаматқа қателерін түзету үшін үш жұмыс күні беріледі. Ал мемлекеттік органның құзыретіне кірмейтін өтініш үш жұмыс күні ішінде тиісті мекемеге жолдануы керек. Бұл туралы өтініш берушіге хабарланады.

Өтініш тіркелгеннен кейін азаматқа 15 жұмыс күнінен кешіктірмей қабылдаудың күні мен уақыты көрсетілген жауап берілуі тиіс.

Кездесулер аудио және видеоға жазылады

Қоғамдық қабылдау бөлмелері мен азаматтарды қабылдау орталықтарында өтетін кездесулер міндетті түрде аудио және бейнежазбаға түсіріледі.

Кездесу басталар алдында қызметкерлер жазу құрылғыларының дұрыс жұмыс істеп тұрғанын тексеруі керек. Жазбалар белгіленген тәртіппен сақталады.

Бұл талап бұрын міндетті болмаған. Енді кездесуде айтылған мәселелерді, шенеуніктің тапсырмалары мен берген уәделерін жазба арқылы қайта тексеруге болады.

Азаматқа хаттама беріледі

Жаңа тәртіптің маңызды өзгерістерінің бірі – кездесуден кейін хаттаманың азаматтың өзіне де берілуі. Хаттамада қабылдау кезінде қабылданған шешімдер, шенеуніктің берген тапсырмалары және оларды орындау мерзімдері көрсетіледі. Қол қойылған хаттама үш жұмыс күні ішінде «Электрондық өтініштер» жүйесі арқылы азаматқа жіберіледі.

Осылайша өтініштің бүкіл тарихы электронды түрде сақталады: тіркелген өтініш, кездесу уақыты, қабылдау нәтижесі, хаттама және тапсырмалардың орындалу мерзімі.

Қайта қабылдаудан бас тартуға болмайды

Егер азаматтың мәселесі бұрын қаралғанымен, шешілмесе немесе қабылданған шаралар мәселені шешуге жеткіліксіз болса, оны қайта қабылдау міндетті.

Сонымен қатар, өтінішті бұрын осы істі қараған қызметкерге қайта тапсыруға болмайды. Бұл талап бір мәселенің қайта-қайта бір орындаушыға жіберіліп, азаматқа бірдей жауап берілуіне жол бермеуге бағытталған.

Кімдер кезексіз қабылданады?

Кейбір азаматтарға кезектен тыс қабылдану құқығы беріледі. Олардың қатарында:

  • Ұлы Отан соғысының ардагерлері және оларға теңестірілген адамдар;
  • басқа мемлекеттердегі ұрыс қимылдарының ардагерлері;
  • еңбек ардагерлері;
  • мүмкіндігі шектеулі азаматтар;
  • жүкті әйелдер;
  • «Алтын Қыран», «Халық қаһарманы» және «Қазақстанның Еңбек Ері» наградаларының иелері бар.

Қажет болған жағдайда қабылдауды бейнебайланыс арқылы да өткізуге болады. Өтініш берушінің келісімімен кездесу бейнеконференция форматында ұйымдастырылады.

Егер шенеунік ауырып қалса немесе іссапарда болса, бұл туралы қоғамдық қабылдау бөлімі кемінде екі жұмыс күні бұрын хабарлауы керек. Ал қабылдау уақыты өзгерсе, азаматқа бұл туралы дереу хабарланады.

Жаңа тәртіп бойынша азаматтың қолында өтініштің тіркеу нөмірі, қабылдау туралы ақпарат, аудио-бейнежазба және ресми хаттама болады. Бұл құжаттар қажет болған жағдайда мәселені қайта көтеруге немесе шешіммен келіспеген жағдайда шағымдануға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ оқыңыз


Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз