1 қазаннан бастап жастар үшін не өзгерді?

1 қазаннан бастап Қазақстанда несие рәсімдеу, жұмыссыздық бойынша әлеуметтік төлем, салық және басқа да күнделікті мәселелерге қатысты бірқатар өзгеріс күшіне енді. Олардың барлығы жастарға қатысты болмағанымен, 18-25 жастағы қазақстандықтарға тікелей әсер етуі мүмкін.

Онлайн несие алғанда қосымша сұрақтарға жауап беру керек

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің хабарлауынша, 1 қазаннан бастап банктер мен микроқаржы ұйымдары кепілсіз тұтынушылық онлайн қарыз рәсімдейтін азаматтарға арнайы сауалнама жүргізеді. Бұл талап қарыз алушының алаяқтардың ықпалымен әрекет етіп отырмағанын анықтауға бағытталған.

Сауалнама жеті сұрақтан тұрады. Клиенттен несиені кім ұсынғаны, қарызды қандай мақсатқа алып жатқаны, оған біреудің қысым көрсетіп жатқаны және алаяқтардың хабарласқаны туралы сұралады. 

Егер жауаптар күмәнді болып шықса, банк немесе микроқаржы ұйымы қосымша тексеру жүргізіп, қарыз беруді уақытша тоқтатуы немесе одан бас тартуы мүмкін. 

Жұмыссыз қалғандарға төлемнің жаңа тәртібі енгізілді

1 қазаннан бастап жұмысынан айырылған азаматтарға әлеуметтік төлем тағайындаудың жаңа тәртібі пилоттық режимде іске қосылды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, төлемнің мерзімі адамның міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты болады. 6 айдан 12 айға дейін қатысқан адамға – бір ай, 12 айдан 24 айға дейін – екі ай, ал 24 айдан көп қатысқан жағдайда – үш айға дейін төленеді. 

Әлеуметтік төлемнің мөлшері соңғы 24 айдағы әлеуметтік аударымдар жасалған орташа табыс пен сақтандыру жүйесіне қатысу мерзіміне қарай есептеледі. 

Жұмысынан айырылған адам алдымен жұмыс іздеуші ретінде тіркелуі керек. Мұны мансап орталығы арқылы немесе eGov.kz және Enbek.kz порталдары арқылы жасауға болады.

Бұл талап жұмыссыз қалған жас мамандар үшін маңызды, себебі әлеуметтік төлем алу құқығы міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысуға және жұмыссыз ретінде тіркелуге байланысты. 

Салық ережелеріндегі өзгерістер жастарға да қатысты

2026 жылдан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі қолданыла бастады. Бұл жеке кәсіп ашқан немесе ресми жұмыс істейтін жастар үшін де маңызды.

Мемлекеттік кірістер комитетінің түсіндіруінше, жеке тұлғаларға арналған базалық салықтық шегерім 30 АЕК мөлшерінде белгіленген. 

Сонымен бірге, жоғары табыс табатын азаматтарға прогрессивті жеке табыс салығы енгізілді. Жылдық табыстың 8 500 АЕК-тен асатын бөлігіне 15% мөлшерлеме қолданылады. Бұл норма Экономика министрлігінің жаңа Салық кодексіне қатысты түсіндірмесінде көрсетілген. 

Валюталық депозиттерге қатысты талаптар өзгерді

Tengrinews.kz жазуынша, 1 қазаннан бастап банктердің валюталық депозиттеріне қатысты кейбір талаптар өзгерді. Бұл шетел валютасында жинақ сақтайтын азаматтарға қатысты.

Өзгерістер банктерге белгілі бір ұзақ мерзімді валюталық депозиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесін белгілеуге көбірек мүмкіндік береді. 

Бұл барлық банктегі валюталық депозиттердің мөлшерлемесі автоматты түрде өседі дегенді білдірмейді. Нақты шарттарды әр банк өзі белгілейді.

Бұған дейін Қазақстанда кредиттік тарихты қалай тексеруге болатынын жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз


Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз