Қазақстанда кредиттік тарихты қалай тексеруге болады?

Кредиттік тарихты адамның қаржылық өмірбаяны деуге болады. Онда азаматтың қандай кредиттер мен микрокредиттер алғаны, оларды қалай өтегені, төлем мерзімін кешіктірген-кешіктірмегені және қазіргі таңда қандай міндеттемелері бары туралы ақпарат жиналады. Youth.kz кредиттік тарихты қалай тексеруге болатынын баяндайды.

Кредиттік тарихты қайдан тексеруге болады?

Қазақстанда азамат өзінің дербес кредиттік есебін бірнеше жолмен ала алады. Ең қолжетімді тәсілдердің бірі – электрондық үкімет порталы арқылы тексеру. Сонымен қатар есепті Бірінші кредиттік бюроның сайты немесе мобильді қосымшасы арқылы алуға болады.

Офлайн форматты қалайтындар кредиттік есепті «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бөлімшелерінен, «Қазпошта» бөлімшелерінен немесе Бірінші кредиттік бюроның кеңсесінен сұрата алады. Сондай-ақ Мемлекеттік кредиттік бюро арқылы да ақпарат алуға мүмкіндік бар.

Заң бойынша Қазақстан азаматы күнтізбелік жыл ішінде өзінің дербес кредиттік есебін бір рет тегін алуға құқылы. Сол жыл ішінде есепті қайта сұрату ақылы болады.

Кредиттік есептен нені тексеру керек?

Кредиттік есепті алғаннан кейін ең алдымен ондағы барлық қарыздың өзіңізге тиесілі екенін тексерген жөн. Кредиттің атауына, оның сомасына, рәсімделген күніне және қазіргі мәртебесіне де назар аудару керек. Мысалы, бұрын толық өтелген кредит есепте әлі де қолданыстағы міндеттеме ретінде көрсетілуі мүмкін. Сондай-ақ төлемді уақытында жасаған адамға қатысты мерзімі өткен берешек туралы қате ақпарат берілуі ықтимал.

Сонымен қатар, өзіңіз танымайтын кредиттер мен микрокредиттердің бар-жоғын тексеру керек. Егер адам ешқашан алмаған қарызын байқаса, бұл мәселені кейінге қалдырмай, кредиторға хабарласуы керек.

Кредиттік тарихта қате болса не істеу керек?

Кредиттік есепте қате ақпараттың болуы міндетті түрде адамның өзі жіберген қателіктен дегенді білдірмейді, яғни, кейде ақпарат кредитор тарапынан қате берілуі немесе жаңартылған мәлімет кредиттік бюроға уақытында түспеуі мүмкін. Мұндай жағдайда бірінші кезекте ақпаратты берген банкке немесе микроқаржы ұйымына жүгіну керек. Мысалы, кредит толық өтелгенін растайтын құжаттар болса, оларды өтінішке қоса берген жөн.

Қазақстанда кредиттік тарихтағы ақпаратқа онлайн түрде дау айту мүмкіндігі де бар. Бұл қызмет eGov.kz, Бірінші кредиттік бюро және Fingramota.kz платформалары арқылы көрсетіледі. Қызмет тегін, ал ақпарат беруші қажетті жауапты уақытында ұсынған жағдайда өтінішті қарау мерзімі 15 жұмыс күніне дейін созылады. Нәтижесінде мәліметтер түзетіліп, жаңартылған кредиттік есеп берілуі немесе ақпараттың дұрыстығы туралы жауап ұсынылуы мүмкін.

Егер сіз алмаған кредит анықталса

Кредиттік есептен бейтаныс кредиттің табылуы – назар аударуды қажет ететін жағдай. Мұндайда алдымен кредитті рәсімдеген банкке немесе МҚҰ-ға хабарласып, қарыздың қандай негізде пайда болғанын анықтау керек.

Кредиттік ұйымға жолданған өтініштің көшірмесін, жауаптарды және басқа да құжаттарды сақтап қойған жөн. Егер кредиттің алаяқтық жолмен рәсімделгеніне күдік болса, құқық қорғау органдарына жүгіну қажет.

Мұндай жағдайға мүлдем тап болмау үшін кредиттік тарихты бақылау қызметін қосуға болады. Ол жаңа қарыздың пайда болуы, төлем мерзімінің кешігуі немесе берешек көлемінің өзгеруі сияқты кредиттік тарихтағы өзгерістер туралы хабарлама алуға мүмкіндік береді. Бұл қызметті eGov.kz және Бірінші кредиттік бюроның сервистері арқылы қосуға болады.

Кредиттік тарихты «жақсартуға» бола ма?

Кредиттік тарих – бұрынғы міндеттемелердің қалай орындалғанын көрсететін ақпарат. Егер тарихта нақты болған кешіктірулер бар болса, оларды жаңа кредит рәсімдеу арқылы бірден өшіру мүмкін емес. Керісінше, жаңа қарыз алып, оны уақытында төлеу арқылы кредиттік тарихты «жақсартамын» деп әрекет ету адамның қарыз жүктемесін арттыруы мүмкін.

Кредиттік тарихқа қатысты ең тиімді әдет – жаңа қарыз алуға асықпау, қолданыстағы міндеттемелерді уақытында орындау және есептегі ақпаратты үнемі бақылау.

Қазақстанда №150 ұлттық сенім телефоны бар. Қызметтің веб-сайтында балалар, жасөспірімдер, жастар және ата-аналар тәулік бойы тегін және анонимді психологиялық қолдау ала алатыны айтылған. Youth.kz желінің жұмысы жайлы мына мақалада жазды. 

Сондай-ақ оқыңыз


Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз