Оңтүстік Корея жастарға жұмыс орындарын көбейтпек
Оңтүстік Корея үкіметі еңбек нарығындағы қиындықтарға байланысты жастарға арналған жұмыс орындарын көбейту шараларын әзірлемек. Бұл жұмыс экономикалық белгісіздік жағдайында үшінші тоқсанда жүргізіледі. Бұл туралы елдің Қаржы министрлігі хабарлады, деп жазады Yonhap News Agency.
Қаржы министрінің бірінші орынбасары Ли Хён Иль тиісті министрліктердің өкілдерімен жұмыс орындарын құру мәселесіне арналған кездесу өткізді. Жиында еңбек нарығында қиындық туған бағыттарға, соның ішінде жастар мен өндіріс саласына басымдық беру қажет екені айтылды.
Маусым айында Оңтүстік Кореяда жұмыс орындарының саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 63 мыңға өсті. Мамырда бұл көрсеткіш 40 мыңға төмендеген еді. Сонымен қатар, 15-29 жастағы жастарды жұмыспен қамту деңгейі 1,7 пайызға төмендеп, 43,9%-ды құрады.
Өндіріс саласындағы жұмыс орындарының саны маусым айында да азайды. Осылайша, бұл саладағы жұмыс орындарының саны қатарынан 24 ай бойы төмендеп келеді.
Қаржы министрлігі жастарды жұмыспен қамту және өндіріс саласындағы жағдайды жақсарту үшін арнайы шаралар қажет екенін мәлімдеді.
«Таяу Шығыстағы шиеленісті қоса алғанда, экономикалық белгісіздік ұзаққа созылып отырған жағдайда маусым айында байқалған оң үрдісті сақтау үшін жастарды жұмыспен қамту және өндіріс сияқты осал бағыттарға арналған нақты шаралар қажет», – деді министрлік.
Үкімет жастардың еңбек нарығындағы жағдайын жақсартуға бағытталған кешенді шаралар пакетін әзірлеп жатыр. Оны үшінші тоқсанда жариялау жоспарланған.
Сонымен қатар, Оңтүстік Корея үкіметі өндіріс секторына қатысты жоспарларын экономика мәселелеріне арналған министрлер кездесулерінде таныстырмақ. Билік өндіріс саласын қолдау үшін қолда бар барлық мемлекеттік шараларды пайдалануды жоспарлап отыр.