Work and Travel USA: кім қатыса алады, қанша тұрады және қалай өтініш беруге болады?
Work and Travel USA – студенттерге жазғы демалыс кезінде АҚШ-та уақытша жұмыс істеп, ағылшын тілін жетілдіруге және елді аралауға мүмкіндік беретін халықаралық тәжірибе алмасу бағдарлармасы. Қатысушылар көбіне қонақүйлерде, мейрамханаларда, дүкендерде және ойын-сауық саябақтарында жұмыс істейді. Қазақстандық студентте бағдарламаға арнайы ұйымдастырушылар арқылы өтініш бере алады. Алайда, қатысу үшін белгілі бір талаптарға сай болып, жұмыс пен виза рәсімдеу кезеңдерінен өту қажет.
Work and Travel бағдарламасына кімдер қатыса алады?
Қазақстандағы бағдарлама ұйымдастырушыларының ақпаратына сәйкес, негізгі талаптар мынадай:
- университеттің күндізгі бөлімінде оқу;
- ағылшын тілінде сөйлесе алу;
- АҚШ-та уақытша жұмыс істеуге және жазғы демалыс кезеңінде бағдарламаға қатысуға дайын болу;
- шетелге шығуға жарамды төлқұжат болуы керек.
Мәселен, IEC Kazakhstan сайтындағы ақпаратқа сәйкес, қатысушылар 18 жастан асу және ағылшын тілін кемінде Intermediate деңгейінде білуі керектігі көрсетілген. Нақты талаптар таңдалған бағдарламаға байланысты өзгеруі мүмкін.
Қандай құжаттар қажет?
Бағдарламаға өтініш берген кезде әдетте мына құжаттар сұралады:
- шетелдік төлқұжат;
- университеттен оқу туралы анықтама;
түйіндеме; - бағдарламаға қатысуға арналған сауалнама;
- ұйымдастырушы талап ететін қосымша құжаттар.
Құжаттар тізімі мен тапсыру мерзімін өтініш беретін ұйымнан алдын ала білу керек.
Қалай тіркелуге болады?
Бағдарламаға қатысу бірнеше кезеңнен тұрады.
1. Ұйымдастырушыны таңдау. Қазақстандағы бағдарламаларды ұсынатын ұйымдардың талаптарын, қызметтерін және келісімшарттарын салыстырыңыз.
2. Өтініш беру. Ұйымдастырушының сайты арқылы өтінім қалдырып, үйлестірушімен кеңесуге болады. Кейін ағылшын тілін тексеретін сұхбат өткізілуі мүмкін.
3. Жұмыс орнын анықтау. Кейбір бағдарламаларда студент жұмыс берушіні өзі іздейді. Кейде жұмыс орнын американдық демеуші немесе ұйымдастырушы ұсынады.
4. Виза рәсімдеу. Бағдарлама талаптарына сәйкес құжаттарды дайындап, J-1 алмасу визасына өтініш беру керек. Бағдарламаға қабылдану визаның міндетті түрде берілетінін білдірмейді.
Мына ұйымдарға Work and Travel USA бағдарламасы бойынша өтініш беріп, қатысу шарттарын нақтылауға болады:
IEC Kazakhstan – Work and Travel USA бағдарламасы туралы ақпарат.
IEC Education – бағдарлама шарттары мен тіркелу тәртібі.
Work and Travel US Kazakhstan – бағдарлама туралы ақпарат және өтініш беру мүмкіндігі.
Бағдарлама қанша тұрады?
Бағдарлама бағасы ұйымдастырушыға, жұмыс орнын іздеу тәсіліне және пакетке кіретін қызметтерге байланысты.
Мысалы, IEC Education сайтында 2026 жылғы бағдарлама құны 2 500 АҚШ долларынан басталатыны көрсетілген. Бұл бастапқы баға. Нақты соманы ұйымдастырушыдан анықтау қажет.
Бағдарламаның негізгі төлемінен бөлек мынадай шығындар болуы мүмкін:
- АҚШ-қа барып-қайту әуе билеті;
- консулдық алым;
- SEVIS жүйесінің алымы;
- тұрғын үй мен тамақтану;
- алғашқы жалақы түскенге дейінгі күнделікті шығындар.
Сондықтан, келісімшартқа қол қоймас бұрын бағаға қандай қызметтер кіретінін және қандай шығындарды бөлек төлеу керектігін анықтап алыңыз. Сондай-ақ, виза берілмеген жағдайда төленген ақшаны қайтару шарттарын біліңіз.
Қандай жұмыс табуға болады?
Бағдарламаға қатысушылар көбінесе туристік маусымда қызметкерлер қажет болатын орындарда жұмыс істейді. Олардың қатарында:
- қонақүйлер;
- мейрамханалар мен дәмханалар;
- дүкендер;
- ойын-сауық саябақтары;
- туристік аймақтардағы қызмет көрсету орындары бар.
Жалақы жұмыс берушіге, штатқа, қызмет түріне және жұмыс сағатына байланысты болады. Сондықтан, нақты табысқа кепілдік жоқ. Жұмысқа орналасар алдында сағаттық жалақыны, жұмыс кестесін, тұрғын үй ақысын және басқа ұсталымдарды нақтылаған дұрыс.
АҚШ-та қанша уақыт болуға болады?
Work and Travel бағдарламасының мерзімі қатысушының құжаттарына, оқу кестесіне және демеуші белгілеген кезеңге байланысты. АҚШ-тың Summer Work Travel бағдарламасы бойынша жұмыс аяқталғаннан кейін қатысушыларға ел ішінде саяхаттауға 30 күнге дейін уақыт берілуі мүмкін. Бұл уақытта жұмыс істеуге болмайды.
Бағдарламаның ресми талаптарын АҚШ Мемлекеттік департаментінің Exchange Visitor Program сайтынан тексеріп білуге болады.
Бұған дейін шетелдіктер неге Қазақстанды таңдайтынын жазған едік.