Head Hunter-дегі студенттерге арналған танымал жұмыс орындарына шолу

Жазғы демалыс көптеген студенттер үшін қосымша табыс табу мүмкіндігі болып табылады. Бүгінде жастарға қандай жұмыс түрлері қолжетімді екенін анықтау үшін, Youth.kz жұмыс берушілердің ұсыныстарын зерттеп, сұранысқа ие 10 жұмыс орындар бойынша еңбек жағдайлары, жұмыс кестесі және жалақы мөлшері туралы ақпарат жинады.

Шолу аясында жұмыс берушілердің ұсыныстары зерттеліп, студенттер арасында танымал вакансиялар бойынша жұмысқа орналасу шарттары нақтыланды. Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, жұмыс берушілердің басым бөлігі тәжірибесі жоқ студенттерді жұмысқа қабылдауға дайын. Ал басты артықшылықтардың бірі – жұмысты оқумен қатар алып жүру мүмкіндігі.

Курьер

Курьер қызметі студенттер арасындағы ең танымал жұмыс түрлерінің бірі болып қала береді. Жұмыс берушілер икемді жұмыс кестесін ұсынса, ал кейбір компаниялар өз ауданыңда жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Табыс көлемі айына 200 мыңнан 800 мың теңгеге дейін жетеді және орындалған тапсырыстар санына байланысты өзгереді. Жалақы аптасына бір рет немесе ай сайын төленуі мүмкін.

Икемділік пен табыс көлемін салыстырғанда, курьерлік жұмыс студенттер үшін ең тиімді нұсқалардың бірі саналады.

Даяшы

Даяшы жұмысы келушілермен үнемі қарым-қатынас жасауды талап еткенімен, сонымен қатар негізгі жалақыдан бөлек шайпұл мен сервистік төлемдер арқылы қосымша табыс табуға мүмкіндік береді.

Жалақы көлемі мекемеге байланысты айына 100 мыңнан 600 мың теңгеге дейін жетеді. Ең кең таралған жұмыс кестелері – 6/1 және 2/2. Кейбір мейрамханаларда қызметкерлерге қызмет көрсету құнының 5–10 пайызы көлемінде қосымша ақы төленеді. Жалақы күн сайын немесе айына бір рет берілуі мүмкін.

Бармен

Бармендер кафелерде, мейрамханаларда және ойын-сауық орындарында сұранысқа ие. Бұл жұмыс кешкі уақытта еңбек етуге дайын студенттер үшін қолайлы.

Орташа жалақы мөлшері 150 мыңнан 400 мың теңгеге дейін. Көп жағдайда жұмыс кестесі 2/2 форматында ұйымдастырылады, ал еңбекақы айына екі рет төленеді.

Сатушы-кеңесші

Киім, косметика және тұрмыстық техника дүкендері студенттерді сатушы-кеңесші ретінде жиі жұмысқа қабылдайды.

Жалақы көлемі 100 мыңнан 500 мың теңгеге дейін жетеді. Ең жиі кездесетін жұмыс кестелері – 6/1 және 2/2. Жалақы көбіне айына бір рет төленеді.

Жұмыс клиенттермен қарым-қатынас жасау және сату дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді.

Тапсырыс жинақтаушы

Тапсырыс жинақтаушылар клиенттердің тапсырыстарын жинақтап, жеткізуге дайындайды. Бұл вакансия клиенттермен аз байланыс жасауды қалайтын студенттерге қолайлы.

Жалақы мөлшері айына 130 мыңнан 250 мың теңгеге дейін. Көптеген жұмыс берушілер 2/2 кестесін ұсынады. Еңбекақы айына бір немесе екі рет төленеді.

Промоутер

Промоутер қызметі жастар үшін маусымдық табыс табудың дәстүрлі тәсілдерінің бірі болып саналады.

Табыс көлемі 100 мыңнан 250 мың теңгеге дейін. Төлем сағаттық негізде немесе ай сайын жүргізіледі. Негізгі артықшылығы – икемді жұмыс кестесі.

Колл-орталық операторы

Колл-орталық операторлары кеңседе де, қашықтан жұмыс істеу форматында да сұранысқа ие. Бұл жұмыс іскерлік қарым-қатынас жасау және клиенттермен жұмыс істеу дағдыларын дамытуға көмектеседі.

Жалақы мөлшері 200 мыңнан 300 мың теңгеге дейін. Жұмыс кестесі көбіне 5/2, 6/1 немесе 2/2 форматында ұйымдастырылады. Еңбекақы айына бір рет төленеді.

Аниматор

Аниматорлар балалар мерекелерін, ойын-сауық бағдарламаларын және түрлі іс-шараларды ұйымдастырады.

Жалақы мөлшері 150 мыңнан 200 мың теңгеге дейін. Жұмыс кестесі жұмыс берушімен жеке келісім арқылы белгіленеді. Төлем ай сайын жүргізіледі.

Жұмыс шығармашылық және педагогикалық мамандықтарда оқитын студенттер үшін қолайлы.

Жазғы лагерьдегі тәлімгер

Жазғы демалыс лагерлері жыл сайын балалардың бос уақытын ұйымдастыру үшін студенттерді жұмысқа қабылдайды. Қызмет ұйымдастырушылық қабілеттерді дамытуға мүмкіндік береді.

Жалақы көлемі 100 мыңнан 200 мың теңгеге дейін. Төлем көбіне аптасына бір рет жүргізіледі. Жұмыс кестесі 5/2 немесе келісім бойынша белгіленеді.

Ресепшн әкімшісі

Әкімшілер фитнес-орталықтарда, қонақүйлерде, медициналық мекемелерде және сұлулық салондарында сұранысқа ие.

Жалақы мөлшері 200 мыңнан 400 мың теңгеге дейін. Жұмыс кестесі көбіне 2/2 немесе 5/2 форматында болады. Еңбекақы айына бір немесе екі рет төленеді.

Репетитор

Белгілі бір пәндерді жақсы меңгерген студенттер репетиторлықпен айналыса алады немесе оқушыларға онлайн форматта көмек көрсете алады.

Орташа табыс көлемі 150 мыңнан 350 мың теңгеге дейін. Төлем әр сабақ үшін немесе ай сайын жүргізіледі. Жұмыс кестесі икемді немесе 5/2 форматында болуы мүмкін.

Бұл студенттердің оқуымен қатар алып жүруге ең ыңғайлы жұмыстардың бірі саналады.

Студент үшін қай жұмыс тиімді?

Жүргізілген шолу ең жоғары табысты курьерлік қызмет пен қоғамдық тамақтану саласы ұсынатынын көрсетті. Ал жұмыс кестесінің икемділігі маңызды болса, курьерлік жеткізу, репетиторлық және промоутер қызметі алдыңғы қатарда тұр.

Болашақ мамандығына қажетті тәжірибе жинағысы келетін студенттерге колл-орталық операторы, әкімші немесе сатушы-кеңесші қызметтеріне назар аударуға болады. Бұл жұмыстар кез келген салада қажет болатын коммуникациялық дағдыларды дамытуға көмектеседі.

Осылайша, еңбек нарығы студенттерге жазғы кезеңде табыс табудың көптеген мүмкіндігін ұсынып отыр. Көптеген жұмыс түрлері арнайы тәжірибені талап етпейді және жастарға алғашқы кәсіби дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Ең жақсы «Youth.kz» материалдардың ақпараттық бюллетеніне жазылыңыз