Жұмыс беруші еңбекке жарамсыздық парағын төлеуге міндетті ме?
Қазақстанда қызметкер ауырып, жұмысқа уақытша шыға алмаса, дәрігерден еңбекке уақытша жарамсыздық парағын алуы керек. Бұл құжат қызметкердің жұмысқа келмеу себебін растап, тиісті жәрдемақы алуына негіз болады. Мемлекеттік қызметтер порталында жарияланған ақпаратқа сәйкес, еңбекке уақытша жарамсыздық парағы – бұл жұмыстан не оқудан босатпау үшін негіз болатын еңбекке жарамсыздық фактісін куәландыратын құжат.
Кім береді және оны қалай алу керек?
Еңбекке уақытша жарамсыздық парақтарын мемлекеттік не жеке меншік емханалардың дәрігерлері, сондай-ақ еңбекке уақытша жарамсыздық сараптамасын жүргізуді қамтитын медициналық қызметті жүзеге асыруға лицензиялары бар жеке практикамен айналысатын дәрігерлер береді.
Еңбекке уақытша жарамсыздық парағын Сіз жүгінген емхананың не үйге шақырған бейінді дәрігер ашады. Өзіңізбен бірге жеке куәлігіңіз болу қажет. Дәрігер науқасты тексеріп, ем тағайындайды және бақылап тексеру үшін келесі келу уақытын белгілейді.
Емделушінің жай-күйіне байланысты жедел жәрдем қызметіне шұғыл жүгінген жағдайда оны ауруханаға жатқызады немесе қолына «сигнал парағы» беріліп, ол онымен учаскелік дәрігерге баруы қажет болады.
Еңбекке уақытша жарамсыздық парағы бойынша берілетін мерзім
Сырқаттар мен жарақаттар болғанда дәрігер еңбекке уақытша жарамсыздық парақтарын жеке дара және бір жолғы түрінде 3 күнтізбелік күнге береді, кей жағдайда (мысалы, ЖРВИ тарау кезінде) 6 күнтізбелік күнге дейін ұзартылуы мүмкін.
Еңбекке жарамсыздық парағын 6 күнтізбелік күннен артық ұзарту медицина ұйымының бөлім меңгерушісімен бірге жалпы ұзақтығы 20 күнтізбелік күннен аса емес күнге жүргізіледі. 20 күнтізбелік күннен артық мерзімге ұзарту үшін Дәрігерлік-консультациялық комиссияның қорытындысы қажет болады.
Ауруханаға стационарға жатқызған жағдайда немесе амбулаториялық жағдайда емдеген кезде еңбекке уақытша жарамсыздық парақтары жүгінген күннен бастап 60 күнтізбелік күнге дейінгі мерзімге беріледі. Бұл мерзім аурудың ауыр түрлері кезінде ұзартылуы мүмкін.
Еңбекке уақытша жарамсыздық парақтары қалай төленеді?
Жұмыс беруші өз қаражаты есебінен жұмыскерлерге еңбекке уақытша жарамсыздығы бойынша әлеуметтік жәрдемақы төлеуге міндетті. Есеп айырысу еңбекке уақытша жарамсыздық парағына сәйкес төлеуге жататын жұмыс күндері санына күн сайынғы орташа табысты көбейту арқылы жүргізіледі.
Бір айға төленетін әлеуметтік төлемнің мөлшері тиісті жыл үшін АЕК-тің 25 еселенген мөлшерінен аспайды.
Еңбекке уақытша жарамсыздық парағы бойынша белгілі бір санаттарға жәрдемақы төлеу
Жұмыс істейтін Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерiне және соларға теңестiрiлген адамдарға жәрдемақы еңбекке жарамдылықтан айырылған күннен бастап орташа жалақының 100% мөлшерінде төленеді.
Жұмыскердің еңбек жарақаты немесе кәсіптік ауруына байланысты жәрдемақыны Жұмыс беруші еңбекке қабілетсіздік басталған алғашқы күннен бастап жұмысқа шыққанға немесе мүгедектік белгіленгенге дейін орташа жалақының 100% мөлшерінде төлейді.
Балаларды стационарлық емдеу кезінде дәрігерлердің қорытындысы бойынша қосымша күтім жасауды қажет ететін үш жасқа толмаған балаға тікелей күтім жасайтын анасына (әкесіне) немесе өзге тұлғаға жәрдемақы жұмыскердің еңбекке уақытша жарамсыздығы басталған кездегі тәртіптегідей беріледі.
Қандай жағдайда төлем берілмейді?
Еңбекке жарамсыздық парағының болуы төлемнің барлық жағдайда тағайындалатынын білдірмейді. Мемлекеттік қызметтер порталында жарияланған ақпаратқа сәйкес, заңнамада төлем берілмейтін жағдайлар қарастырылған.
Атап айтқанда, қызметкер қылмыстық құқық бұзушылық жасау кезінде алған жарақатына байланысты еңбекке жарамсыз болып қалса және оның кінәсі сот үкімімен анықталса, төлем төленбейді. Сондай-ақ, сот шешімімен мәжбүрлеп емделген кезеңде (психикалық ауруы бар адамдарды қоспағанда), қызметкер қамауда болған немесе сот-медициналық сараптамадан өткен уақытта төлем жасалмайды.
Алкоголь, есірткі немесе уытты заттарды пайдалану салдарынан ауруға шалдыққан не жарақат алған жағдайда да төлем берілмейді.
Сонымен қатар, еңбекке жарамсыздық кезеңі жыл сайынғы ақылы еңбек демалысына немесе жалақы сақталмайтын демалысқа сәйкес келсе, сондай-ақ бала үш жасқа толғанға дейін оны күтуге байланысты жалақы сақталмайтын демалыс кезінде еңбекке жарамсыздық туындаса, заңнамада көзделген жағдайларда төлем жасалмайды.
Жеке кәсіпкерлерге (ЖК) ауруына байланысты төлем автоматты түрде берілмейді. Алайда, әлеуметтік аударымдар төлеп отырған кәсіпкер заң талаптарына сәйкес әлеуметтік төлем алуға құқылы болуы мүмкін.
Ал азаматтық-құқықтық шартпен жұмыс істейтіндерге ауруына байланысты төлем автоматты түрде қарастырылмаған.
Жұмыс беруші төлемесе, не істеу керек?
Егер қызметкер қажетті құжаттарды тапсырғанымен, төлем алмаса, алдымен жұмыс берушінің бухгалтериясына немесе кадр бөліміне хабарласып, төлемнің себебін анықтағаны жөн.
Мәселе шешілмеген жағдайда, қызметкер еңбек құқықтарының сақталуын қадағалайтын жергілікті еңбек инспекциясына өтініш бере алады.
Айта кетейік, бұған дейін жалақы кешіксе, не істеу керектігін жазған едік.